Оның айтуынша, жаңа Салық кодексінде бұрынғы 7 түрлі арнайы салық режимі 3-ке дейін қысқарып, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған, оңайлатылған декларация негізіндегі, шаруа және фермер қожалықтарына арналған режим ғана қалдырылады. Ал патент негізіндегі режим, мобильдік қосымша арқылы төлеу, бекітілген шегерім қолдану және ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге арналған бөлшек салық қолданыстан алынып тасталады.
Соның ішінде, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режимді айлық табысы 300 АЕК-ке дейінгі Қазақстан азаматы немесе «Қандас мәртебесі» бар жеке тұлға ғана қолдана алады. Салық мөлшерлемесі 4 пайыз болады. Жеке кәсіпкерлер мен жалдамалы жұмыскерлері бар азаматтарға бұл режим жарамсыз. Декларация тапсырылмайды. Есеп автоматты түрде e-Salyq Business қосымшасы арқылы жүргізіледі.
Оңайлатылған декларация негізіндегі режим шағын және орта бизнес субъектілеріне арналған. Қызметкерлер саны бойынша шектеу алынып тасталды. Салық мөлшерлемесі 4 пайыз, кей жағдайда 2 пайызға төмендеуі немесе 6 пайызға дейін өсуі мүмкін. Жылына екі рет 910.00 нысаны, ал жұмысшылар бойынша тоқсан сайын 200.00 нысаны декларация тапсырып тұрады. Бұл режимнің өзге де жеңілдіктері бар.
Шаруа және фермер қожалықтарына арналған режим жер телімі бар шаруалар мен фермерлерге қолданылады. Олар жер, көлік, әлеуметтік салықтар және экологиялық төлемдерден босатылады. Жылына бір рет 920.00 нысанды декларация тапсырады.
– Келесі жылы 1 наурызға дейін салық төлеушілер жаңа режимге көшуі туралы хабарламасын тұрғылықты жердегі мемлекеттік кірістер органына ұсынуы тиіс. Хабарлама қағаз түрінде де, электрондық форматта да (eGov, e-Salyq) тапсырылады. Хабарлама бермеген салық төлеушілер автоматты түрде жалпыға бірдей тәртіптегі салық төлеуші болып саналады, – деді спикер.
Жаңа Кодексте салық есептілігі нысандарының саны 30 пайызға қысқартылатыны айтылған. Демек, қазір қолданыстағы 39 нысанның кейбірі біріктіріледі немесе мүлде алынып тасталады. Айталық, 240.00, 911.00, 912.00, 913.00 және 871.00 нысандары күшін жояды. Ал 701.00 және 101.01 нысандары автоматтандырылады. Егер төлемдер сомасы 1 млн. теңгеден аспаса, декларация жылына бір рет қана тапсырылады. Есептілікті уақытында бермеген жағдайда салық органы автоматты түрде нөлдік есептілікті қалыптастырады.
Ескеретін дүние, келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап салықтық есептілікті қайтарып алу рәсімі тоқтатылады. Бұрын жіберілген қателер тек қосымша немесе түзету есебі арқылы ғана өзгертеді. Бұл ереже жаңа Кодекстің 115-бабының 9-тармағында бекітілген.
Жаңа Салық кодексі – салықтық әкімшілендіруді оңайлатуға, көлеңкелі экономиканы азайтуға және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған маңызды қадам. Арнайы салық режимінің қысқаруы мен салық есептілігі формасының жеңілдетілуі бизнеске түсетін жүктемені азайтып, салық төлеушілерге ашық әрі түсінікті орта қалыптастырады.
Қажет АНДАС





