Әр салада табанды еңбек етіп, кейінгі ұрпаққа үлгі болған бұл жандардың өнерге де ерекше ықыласы бар екенін дәлелдейтін байқау Мәдениет сарайында ұйымдастырылды. Алғаш рет өткізілген өнер додасына 58 ардагер қатысып, оның ішінен 18 талантты өнерпаз ақтық сынға жолдама алып, көпшілік алдында өнерін көрсетті.
Вокалды ансамбль, дуэт, трио және жеке орындау номинациялары бойынша сынға түскен қатысушылар сахна мәдениетін, дауыс диапазонын, орындаушылық шеберлігін жоғары деңгейде танытты. Музыкалық аспаптың сүйемелдеуімен шырқалған халық әндері тыңдарманның көңіл пернесін дөп басып, әсерлі сәттерге толы кеш сыйлады.
Мәдени шара барысында сөз алған қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Ақшабай Керімбеков бұл байқау ардагерлердің өмірге деген құштарлығын, өнерге деген шексіз сүйіспеншілігін паш еткен рухани мереке екенін, мұндай бастама тек көңіл көтеру үшін емес, ұлт рухын сақтаудың бір жолы болатынын атап өтті.
Сахна төрінде «Әсем қалам Талдықорған», «Дударай», «Аталарым», «Ахау керім», «Ақбақай», «Бұрын сен қайда жүргенсің?», «Айқаракөз», «Аққұм» сынды 20-ға жуық ән қарттардың орындауында шырқалды. Әнді нақышына келтіре орындаған ардагерлерге халық шапалақ ұрып қошемет танытты.
Шынында да өмірдің әр белесінде еңбек пен елге қызмет еткен аға буын өкілдерінің сахнаға қайта оралуы кейінгі ұрпаққа үлгі. Бұл рухани жаңғырудың нақты көрінісі екені даусыз. Қарттардың өнерге деген құштарлығы ұлт рухының өшпес белгісі, ұлттық мәдениет осындай сахнада, тірі дауыста, ақ самайлы аналар мен ақ сақалды аталардың жүрегінде сақталары ақиқат.
Байқау қорытындысы бойынша 11 өнерпазға ынталандыру сыйлығы табысталды. Ал Дарияш Көңбай, Тұрсынғазы Жаманкөзов, Асхат Исатаев жүлделі III орыннан көрінді. ІІ орынды Елена Тетченко, Тамара Воробьева, Зухра Искакова триосы және вокалды аспапты «Ретро» тобы жеңіп алды. I орыннан облыстық ардагерлер хорының әншісі Ардақ Ибраимова көрінді. Бас жүлдені Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының «Алтын қазына» хорының әншісі Рая Доспанбетова иеленді.
Қарттар күні мерекесіне орай ұйымдастырылған «Қарттардың да өнерге бар таласы» атты ардагер әншілер байқауы – рухтың жаңғыруы, ұрпақтың сабақтастығы, мәдениеттің мәңгілік айғағы. Осындай шаралар арқылы қоғамымыз үлкенге құрмет, өнерге ізет, дәстүрге тағзым көрсете бермек. Өнерге құштар қарттарымыздың жүрегіндегі ән ешқашан тоқтамасын дейміз.
Медет ЖҰМАБАЙ





