Өсімдік те – тірі организм. Табиғаттың бір бөлшегі болған соң, сыртқы әсерлерге – бактерия, вирус, саңырауқұлақтар мен нематодалар сияқты зиянды организмдердің ықпалына бейім келеді. Мұндай фитопатогендер өсімдікке ауру әкеліп қана қоймай, ауыл шаруашылығы дақылдарының сапасы мен өнімін төмендетеді.
Ал бұларды уақытылы және нақты анықтау – инфекцияның таралуын тежеп, егін мен бақ дақылдарының өнімділігін сақтап қалудың басты жолы.
Соңғы онжылдықта олқылықтардың орнын инновациялық технологиялар толтыруда. Қазір диагностиканың дәлдігі мен жылдамдығы айтарлықтай артқан. Жаңа әдістердің енгізілуі өсімдікті қорғау шараларының тиімділігін арттырып, ауыл шаруашылығында жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Аталған бағытта Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты айрықша үлес қосып келеді. Институттың молекулалық генетика және биохимия зертханасы бүгінгі талапқа сай заманауи құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Бұл зертханада ауыл және орман шаруашылығына қауіпті зиянкестер мен фитопатогендерді анықтау бойынша көптеген молекулалық талдаулар жүргізіледі. Зерттеу нәтижесінде еліміз үшін қауіпті бірқатар организмдер табылған. Олардың ішінде: Қоңыр мәр-мәр қандала (Halyomorpha halys); Оңтүстік америкалық қызанақ күйесі (Tuta absoluta); Жеміс ағаштарының бактериалды күйігі (Erwinia amylovora) бар. Бұл зиянды организмдер тек Қазақстанда ғана емес, Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) карантиндік нысандар тізіміне енгізілген аса қауіпті зиянды түрлерге жатады. Осындай зерттеулердің нәтижесі зиянды организмдерге қарсы жаңа, тиімді шаралар әзірлеуге және ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Фитопатогендерді тікелей танап басында, яғни егіс алқабы жағдайында анықтау мақсатында институт базасында жылжымалы автозертхана жұмыс істейді. Заманауи бұл зертхана полимеразды тізбекті реакция (ПТР) және басқа да молекулалық талдауларды жүргізуге арналған жоғары дәлдікті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Өсімдіктерден ауру белгілері бар үлгілер алынып, бар болғаны 2-2,5 сағаттың ішінде фитопатоген түрі нақты анықталады. Бұл тәсіл дәстүрлі зертханалық процестермен салыстырғанда әлдеқайда жылдам. Нәтижесінде, еліміздің әр өңіріндегі зиянды организмдерден туындайтын қатерге жедел әрекет етуге, аурудың таралуын тоқтатуға мүмкіндік туады.
Жылжымалы автозертхана – ауыл шаруашылығы дақылдарын уақытылы қорғау мен өнімді сақтаудағы сенімді көмекші. Зиянды организмдерді дер кезінде анықтау – өсімдіктерді қорғаудағы негізгі әрі шешуші фактор. Молекулалық генетикалық зерттеулер мен жылжымалы автозертханалар сынды жаңа технологиялар диагностиканың жылдамдығы мен дәлдігін арттырып, фитопатогендерге қарсы тиімді күрес шараларын жасауға жол ашты. Мұндай инновацияларды Қазақстан ауыл шаруашылығына кеңінен енгізу – шығынды азайтып, агросектордың тұрақтылығын қамтамасыз етіп, саланың дамуына тың серпін береді.
Ақерке ШӘДЕН,
Шырын ТҰРБЕКОВА,
Ж. Жиембаев атындағы «Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты»,
молекулалық генетика және биохимия зертханасының қызметкерлері
Алматы қаласы





