Нашақорлық күллі әлемнің өзекті мәселесіне айналды. Қоғамда есірткі шегем деп есінен танып, ел-жұртын таппай жүргендер көбейіп келеді. Ең сорақысы синтетикпен сенделіп, есірткіден есі кетіп жүргендердің басым бөлігі оң-солын танып үлгермеген жастар. Бірі жеңіл ақшаға қызықса, екіншісі көгілдір экраннан көрген киноларға еліктеп наша шеккеніне мәз. Президенттің өзі Үкімет пен Парламентке жас пен кәрі шетінен нашақор боп кетпеу үшін нақты қадамдар жасаңдар деп тапсырма берді. Біз болашақ жастарды ғасыр дертінен қайтсек аман сақтаймыз деген сауалға жауап іздеуіміз керек.
Облыста нашамен ұсталғандардың көбі 18-25 жас аралығындағы жастар екен. Облыс бойынша былтыр 150-ге жуық қылмыс тіркеліп, 85 қылмыскер ұсталған. Оның бесеуі кәмелет жасқа толмаған бала. Құрықталғандардың 80 пайызы «мефедрон», «скорость» сынды синтетикалық есірткі қолданған. Тіркелген қылмыстың 53-і нашаны сатумен айналысқандар болса, 12-сі аса ірі көлемде сақтағандар. 250-ге жуық азамат диспансерлік бақылауда тұр. Ең ірі көлемде нашамен құрықталған да нәзік жанды. Ол былтыр 1 келі синтетикалық есірткімен тұтылды.
Жаңбырдан кейінгі қаулаған саңырауқұлақтай өрісі кеңейіп келе жатқан кеселмен құзырлы органдар аянбай күресіп келеді. Алайда есірткі сатып, есіл ақша табамын деушілер азаяр емес. Ал оны өткізуде заманауи технологияның ықпалы зор. Әлеуметтік желілер, бақылаусыз мессенджерлер, құпия төлем құралдары бар. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше наша сатумен айналысатындар көбіне Telegram әлеуметтік желісі арқылы жұмыс істейді екен. Оларды тереңірек тексергенде, көп жағдайда шет елдерде тіркелген боп шығады. Өкінішке қарай, адамды улап, қыруар ақшаны қалтасына басқан «шортан» құтылып, жеңіл ақша табамыз деп алданып қалған «шабақтар» тұтылып жатыр.
Қаймана қазақтың қаймағы бұзылмаған елді мекендерінде де есірткі өсіріп, сататындар көбейіп келеді. Полиция департаментінің мәліметінше қылмыскерлер өзге елден 60 күнде өсетін анашаның тұқымын әкеліп егеді екен. Оны бағып-қағып, түптеп өсіреді.
– Былтыр Сарқан ауданында үйдің ауласында есірткі өсіріп, табысқа кенелемін деген қызылордалық азаматтарды құрықтадық. Үйдің ауласы ағаштан көрінбейді екен. Тексеріс барысында 400 келі анаша тәркіленді. Сонымен қатар, Үштөбе қаласында да қираған үйде анаша өсіргендер ұсталды. Бұлар да қызылордалықтар. Үштөбеде құмның астында бұрынғы кеңес дәуірінен қалып кеткен құдықтар бар екен. Қылмыскерлер құдыққа насос тастап есірткіні суғарып жүріпті, – дейді басқарма басшысы.
Ең сорақысы Ескелді ауданынан есірткі қоймасы ретінде пайдаланылған пәтерді анықтаған. Молдова елінен келген азамат пен қазақстандық азамат «мефедрон» дайындайтын қойма ашып, есірткі сатқан. Құқық қорғау органдары үйді тінту барысында 8 келі «мефедрон» тәркілеген.
Алақандай елдімекенде ескірткі өндірумен шұғылданған күдіктілерді енді қатаң жаза күтіп тұр. Бұрын тас қаладағы түнгі клубтардан қорқушы едік, бүгінде бұйығы тірлік кешіп жатқан ауылдағы бір үйде есірткінің егесі отыруы бек мүмкін. Есірткі саудалап есіріп алғандар енді алтын бесік саналатын ауыл жастарына қол салары анық. Жемқорлықты түбімен жоймасақ, түбімізге жететін түрі бар. Сондықтан бізге бұл дертпен қоғам болып күресу қажет. Ауылдан қылмыскер, есірткіге есі кеткен жастар шықпасын десек ең алдымен біз бала тәрбиесіне көңіл бөлуіміз керек.
Жастар арасындағы есірткі секілді жаман әдеттерге үйірсектік, ата-аналарынан безіну оларға көңіл бөлудің аздығы мен тәрбие беру жүйеміздің нашарлағандығында. Қадағалаусыз бала ғаламтордан көрген ақпараттарға тез алдаңып, соның жетегінде кетеді. Дана халқымыз: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», – деп текке айтпаған. Әрбір ата-ана өз баласының тәртібі мен тәрбиесіне аса мән беріп, бос уақытта немен айналысатынына қатаң бақылау жасаса, жастар арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың төмендеуіне көп септігін тигізер еді, – дейді облыстық Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Нұржан Сейсенбеков.
Есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңда есірткі бизнесін ұйымдастырушылар және есірткі таратушылар, оның ішінде «есірткі жасырушылар» үшін қылмыстық жауапкершілік бөлінген. Бұрын қылмыскерлер үшін Қылмыстық кодекстің 297-бабы бойынша бірыңғай жаза қолданылған болса, енді есірткі жасырушылар Қылмыстық Кодекстің 297-бабы бойынша жауапқа тартылады. Нақтысын айтсақ енді есірткі сатушыларға жеңілдетілген жаза қарастырылған. Мәселен, заңның 1 бөлігі бойынша енді қылмыскерлер аз мөлшерде есірткі өткізгені үшін ұсталса 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бұрын 5 жылдан 10 жылға дейін темір торға қамалған. Ірі мөлшерде есірткі сатқандар 6 жылдан 10 жылға дейін сотталады. Бұрын 6 жылдан 12 жылға дейін болған. Аса ірі мөлшерде есірткімен ұсталғандар 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бұрын 10 жылдан 15 жылға дейін болған.
Наша сатқандар мен шеккен жастардың саны артып келеді. Онда нашақорлық қылмысына қатысты жаза неге жеңілдетілді?
Облыстық Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы басшысының орынбасары Эмиль Шарменев:
– Жастар арасында есірткіге әуес жандар әлі де азаймай тұр. Неліктен біз жастарды түрмеден босатқымыз келеді? Өйткені олар түрмеде бір-бірімен тәжірибе алмасып, келіссөздер жүргізе бастайды. Бұл бізге не үшін керек? Есірткі қылмысын жетілдіру үшін бе? Керісінше, біз олардың жазасын қысқартып, жұмыс істеуге, саламатты өмір салтын қалыптастыруға бейімдеуіміз керек. Бұл санаттағы адамдардың шартты-мерзімінен бұрын босатуға, сондай-ақ жазаның өтелмеген бөлігін одан да жұмсақ түрімен ауыстыруға құқығы бар. Бірден айта кетейін, әрбір үкім сотпен дербес қаралатын болады (айлық мерзім). Бұл үшін сотталушы жазасын өтеп жатқан мекеме әкімшілігінің ұсынымы немесе оның өзінің өтінішхаты қажет, – дейді.
Бұл өзгерістер қылмысты алғаш рет жасаған жастардың түзелуіне, мерзімінен бұрын бостандыққа шығуына мүмкіндік береді. Заңнан сондай-ақ шартты түрде мерзімінен бұрын босату немесе қалған жазаны жеңілдетілген шараларға ауыстыру мүмкіндігі туындайды. Сонымен қатар, есірткі бизнесін ұйымдастырушыларға, есірткі өндірушілерге және лауазымды тұлғаларға қатысты жауапкершілікті күшейтетін жаңа бап енгізілді. Мұнда есірткі бизнесін ұйымдастырушылар және есірткі өндірушілер, лауазымды тұлғалар үшін жаза қатаңдайды. Оларға 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Енгізілген өзгерістер қылмыстық жауапкершіліктің бұдан да әділетті жүйесін құруға, сондай-ақ қоғамды есірткінің заңсыз айналымы салдарынан қорғау бойынша шараларды күшейтуге мүмкіндік береді.
Қаншама тағдырды талқандаған нәубетке жастардың көптеп шырмалып жатқанына көңіл жүдейді. Ең сорақысы күн өткен сайын есірткі тектес заттардың формасы түрленіп, жастарды улауда. Сондықтан бізге бұл дертпен қоғам болып күресу қажет.
Айдар ҚАЛИЕВ





