Абай атындағы №1 орта мектепте «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында елжандылық пен рухани тәрбиені дәріптеген тағылымды шара өтті. Бұл жиынның мақсаты – жас ұрпақтың бойына отаншылдық қасиетті сіңіріп, ел мен жердің қадірін ұғындыру.
Мектеп төрінде саз шырақтап, алғашқы әуеннен-ақ көрерменнің көңілі серпілді. 21751 әскери бөлімінің оркестрі арнайы келіп, әсем сазымен зал ішін рухқа толтырды. Ерлік пен елдік үнін жеткізген олардың өнері тыңдаушыларға ерекше әсер қалдырды.
Білім ордасының ұстаздары мен шәкірттері де бұл күнге тыңғылықты дайындалған. Әр оқушы өз қолымен жасаған бұйымдарын көрмеге қойып, ұлттық нақыштағы туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Ал «Талдықорған әуендері» халықтық фольклорлы-этнографиялық ансамблінің әншісі Жанат Санатұлы орындаған «Қазағым» әні жиналған жұрттың жүрегін елжіретті.
Жиынның шымылдығын директордың міндетін атқарушы Динара Мақсұтқызы ашты. Ал жуырда ғана мектеп президенті болып сайланған Ердос Өмірсерік пен оқу фракциясының жетекшісі Руслан Сарыбай оқушылар атынан сөз сөйлеп, білім мен бірліктің, рух пен жауапкершіліктің маңызын айшықтады.
Одан бөлек, шәкірттер де ортаға шығып, жаттаған өлеңдерін тебірене оқыды. Әр шумақтан елге деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімі байқалды.
Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қуат Ешбаев:
– Елін сүйіп, жерін ардақтаған ұрпақ тәрбиелеу – ұстаз атаулының қасиетті борышы. Осындай басқосулар жас жүректерге жігер мен сенім ұялатып, Отанға деген сүйіспеншілігін нығайтады, – деді.
С. КӘКІМҰЛЫ
Талдықорған қаласы





