Астанада бұрынғы жоғары лауазымды шенеунік Ержан Бабақұмаров қайтыс болды. Полицияның мәліметінше, ол түнде соққыға жығылған.
Алдын ала деректер бойынша, бұрыннан таныс адамдар арасында жанжал туындап, соңы төбелеске ұласқан. Салдарынан 56 жастағы Ержан Бабақұмаров алған жарақаттарынан көз жұмған.
«Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс қозғалды, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады полиция.
Ержан Бабақұмаров туралы не белгілі
Ержан Бабақұмаров 1969 жылы 2 наурызда Талдықорған облысында дүниеге келген. 1996 жылдан бастап мемлекеттік қызметте түрлі лауазымдар атқарған.
Ол Президент әкімшілігінің ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, ақпараттық-талдау орталығының меңгерушісі, сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігінде жауапты хатшы және вице-министр болған.
Кейін Премьер-министр кеңсесі басшысының орынбасары, Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры, Мемлекет басшысының кеңесшісі және Президент әкімшілігінің талдау және болжау орталығының меңгерушісі қызметтерін атқарған.
2019 жылдың шілдесінен 2022 жылдың ақпанына дейін Алматы әкімінің орынбасары қызметінде болған.





