Бүгінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Зекет және қайырымдылық» қорының «Ел үлесі – пәтерге» бағдарламасы жалғасын табуда. Жоба аясында Жетісу облысында екі баспананың кілті табыс етілді.
Баспаналардың бірі көмекке мұқтаж аймақтағы Ескелді ауданының Ақын Сара ауылы тұрғыны Гүлімай Арымбекқызына берілсе, екіншісі аталған ауданның Қайнарлы ауылдық мешітіне қызметтік үй ретінде табысталды.
Баспана кілтін табыс ету салтанатында сөз алған өңірдің бас имамы Керімбек Дәуітов қайырымды іске атсалысқан атымтай жомарт азаматтарға алғыс айтып, ізгі тілегін жеткізді.
– Бұл екі баспана да аса мұқтаж адамдардың игілігіне берілді. Оның бірі тұрмысында қиыншылығы бар, жанұялық жағдайы ауыр, өткен жылы үйі өртеніп кеткен Гүлімай апамызға бұйырса, енді бірі мешіт қызметкеріне табысталды. Жалпы, осыған дейін облысымызда «Зекет» қорының жобасы аясында жергілікті жамағаттың көптеп көмектесуімен көптеген азаматтар баспаналы болды. Мұндай іске қол ұшын созған қайырымды жандарға Алла берекесін берсін, – деді бас имам.
Керімбектің айтуынша, бұл жолғы үйлер діни басқарманың «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында жалпы ел көлемінде табысталған 866-шы және 867-ші үйлер. Ал Жетісу өңірі бойынша берілген 125-ші және 126-шы баспаналар. Сөз кезегінде баспана иелері «Зекет» қорына және демеушілерге өз алғысын білдірді.
Айдын КӘЛІМХАН




