Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында өңір тұрғындарымен кездесіп, елдің даму бағыттары мен өзекті мәселелер жайлы айтты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Президент аймақтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді. Мемлекет басшысы жаһандық жағдайдың тұрақсыз екенін айтып, жастар тәрбиесіне ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.
– Әлемдегі ахуал күрделі. Сондықтан жастарға дұрыс бағыт беріп, жақсы тәрбие мен сапалы білім беру аса маңызды. Есірткі мен нашақорлық секілді қауіптер аз емес. Болашағымыз – ойы ұшқыр, көзі ашық жастардың қолында. Баршамыз ел үшін еңбек етуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы елімізді өркендету жолындағы бастамаларға тоқталды.
– «Таза Қазақстан» акциясы кең көлемде жүргізілуде. Бұл – ең алдымен ар мен ниеттің тазалығы. Сонымен қатар цифрлық мемлекет құру міндеті тұр. Жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамыту қажет. Қазір елімізде Орталық Азиядағы алғашқы суперкомпьютер іске қосылды. Бұдан бөлек, атом электр стансаларының құрылысы басталып жатыр, – деді Президент.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев өңір үшін маңызды су тапшылығы мәселесін көтерді.
– Су – аса өзекті мәселе. Келешекте судың мол болатынына сенім жоқ. Сондықтан жоғары технология арқылы су үнемдеу жүйесін енгізуіміз керек. Мемлекет бұл бағытта ауыл шаруашылығына биыл 1 триллион теңге көлемінде қолдау көрсетті, – деді ол.
Президент мәдениет пен өнер саласына да ерекше назар аударылатынын айтты.
Мемлекет басшысының айтуынша, Астана мен Алматыда тәулік бойы жұмыс істейтін екі Президенттік кітапхана салынып жатыр. Болашақта осындай үшінші кітапхана Қызылорда қаласында ашылуы мүмкін.





