Жақыпжан Мысабекұлы ұзақ жылғы еңбегінің өтеуіне «Парасат» орденін кеудесіне жарқырата тақты. Еңбек етіп жүрген жылдары ел құрметіне бөленіп, «Құрмет» орденімен марапатталғанын әріптестер қауымы жақсы біледі. Алдағы жылы сексеннің сеңгіріне көтерілгелі отырған парасатты қаламгерге бұл орден дер кезінде берілген лайықты баға. Әдебиет әлемінде «Шерханның шекпенінен шыққан» деген тәмсіл жиі айтылады. Осы сөздің тонын аудара айтсақ, «Jetіsý» газетінде «Жақыпжанның жақсылығына жылынғандар» аз емес. Жақыпжан ағаның бір ғана «Айналайын» деген сөзі қаншама іні-қарындастарының жанына шуақ төгіп, бойына қуат берді десеңізші?! Кейде қатты ашуланған сәтінде де осы «Айналайын!» деген сөзін салмақтап айтқанда ұялғаннан бас көтере алмай қалатынбыз. Ағамыз «Парасат» орденін алды дегенде ол біздің қуаныш, біздің жетістік деп марқайып қалдық. Басылымда Жақаңның көзін көргендер санаулы қалғанымен кейінгі толқынға ақпейіл ағаның жақсылығын санасына сіңірудеміз. Ұжымды бөліп-жармай бір үйдің баласындай көріп, береке-бірлігімізді жарастырып кеткен ізгі жолын әлі жалғастырып келеміз. Сол үшін де ағамызға алғыс айтудан жалықпаймыз.
Ұлттың ұлы мерекесінде мәртебеңізді көтеріп, мерейіңізді тасытқан марапатыңыз құтты болсын! Ұзақ жылғы табан ет, маңдай теріңіздің өтеуіне алған «Парасат» орденіңіз кеудеңізде ұзақ жыл жарқырап, жыр Жамбылдың жасына келіңіз!
Құрметпен өзіңіздің «Жетісуыңыз»





