Қазақ руханиятының негізгі өрісі, алтын кеніші болған кітапханалардың жұмысы жүйелі жүруі тиіс. Сонда ғана кітап оқитын ұлтқа айналамыз әрі озық ойлы, білімді, құндылықты құнттаған ұрпақ қалыптастырамыз. Бұл орайда да кітапхана жұмысы жүйелі насихатталуы, мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие болуы қажет-ақ. Күні кеше кітапханашылар күні мерекесі ел көлемінде аталып өтті.
Рухани шара Талдықорған төрінде де өрнек тапты. Облыстық Дәнеш Рақышев атындағы филармониясында «Кітапханашы – уақытпен үндес мамандық» атты салтанатты кеш өтті.
Салтанатты шараның ашылуында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов құттықтау сөз сөйлеп, ел игілігі жолында ұлттық рухани құндылықтарды сақтап, насихаттауға, сондай-ақ мәдениет пен түрлі салалық ақпараттарды көпшілікке қолжетімді етуге аянбай еңбек етіп жүрген кітапханашыларға ізгі тілегін жеткізді. Ол өз сөзінде кітапханашылардың қоғамның мәдени және рухани дамуына қосып отырған өлшеусіз үлесін ерекше атап өтіп, олардың еңбегі арқылы жас ұрпақтың білімге, өнер мен әдебиетке деген қызығушылығы арта түсетінін тілге тиек етті.
Мерекеге орай кітапхана ісінің дамуына қосқан зор үлесі мен жеке еңбек және шығармашылық үлестері үшін «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен Қаратал аудандық орталық кітапханасының кітапханашысы Бибігүл Қалиева, Панфилов аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Шекер Құдайқұлова марапатталды.
Шара барысында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрінің, облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары бірқатар кітапханашыға табыс етілді. ҚР Ұлттық кітапханасының Қазақстандық кітапханалық одағынан облысымыздың 8 кітапханашысына «Қазақстанның Құрметті кітапханашысы» төсбелгісі, 6 кітапханашыға Құрмет грамотасы, 5 кітапханашыға Алғыс хаты табысталды.
Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сұлтанұлы өз кезегінде С. Сейфуллин атындағы орталық кітапханасының ұйымдастыруымен өткен «Көшбасшы кітапхана – 2025» байқауында номинациясымен үздік шыққан Талдықорған қаласы, В. Маяковский атындағы орталықтандырылған кітапхана ұжымын мерейлендірді. Өз кезегінде «Үздік ардагер кітапханашы», «Үздік жас кітапханашы», «Үздік жыл әдіскері»,
«Үздік библиограф», «Үздік балаларға арналған жоба» аталымдары бойынша озық деп танылған кітапханашыларды марапаттады.
Елдің рухани дамуына еселі еңбек етіп келе жатқан облыстағы кітапханашылардың басы қосылған салтанатты шарада қоғам қайраткері Наурыз Қылышбаев, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Құрметті жазушысы Әміре Әрін сөз алып, мәртебелі мамандық иелерін атаулы күнмен құттықтады. Білімнің бастауы кітап екенін ерекше атап өтті.
Салтанатты шара соңы Данеш Рақышев атындағы филармония әншілерінің мерекелік концертіне ұласты.
Маржан БАЙҒАЛИЕВА





