Бұл күні оқу орнының түлектері, серіктес кәсіпорын басшылары ұжымға ақжарма тілектерін арнады. Шарада зейнеткер ұстаздар мен маман тәрбиелеуге елеулі үлес қосып жүрген мамандар марапатталды. «Колледж бүгінгі таңда қандай жетісіктерге қол жеткізді, алға нендей мақсат қойып отыр?» деген тақырыпта әңгіме өрбітейік. Алдымен оқу орнының ашылу тарихына аз-кем тоқталсақ.
Өткен ғасырдың 30-шы жылдары өңірде ауыл шаруашылығына механизатор мамандар ауадай қажет болды. Сол сұранысқа орай ашылған жаңа оқу ордасы сабақты күндізгі уақытта тәжірибе жүзінде үйрету үшін ұжымшарлар мен артельдерде өткізетін. Ал кешке тәлімгерлер партаға жайғасып, теориялық білім алатын. Осылайша жұмысшы мамандығына оқыту ұтымды ұйымдастырыла білген. Қазіргі тілмен айтсақ, дуалды оқыту сол кезде басталған. Білім шаңырағы 1948 жылы Талдықорған қаласына көшіріліп, 1962 жылы индустриалды-педагогикалық техникум болып қайта құрылған. Оқу орнының мәртебесі мен атауы өзгергенімен, басты мақсат – білікті маман даярлау. Техникум 2004 жылы Қазақстан–Швейцария сапа саммитінің сертификатына ие болса, 2010 жылы облыстық «ТжКБ үздік ұйымы» байқауында Гран-при жеңіп алды. Соның нәтижесінде колледж мәртебесін алған оқу орнында «КИПиА слесарі», «Токарь», «Газ жабдықтарын жөндеу слесарі» сияқты жаңа мамандықтар ашылды. Екі жыл бұрын колледж директоры Әсет Жұмаділовтың бастамасымен еңбек нарығында сұранысқа ие «Авариялық-қалпына келтіру жұмыстарының слесарі», «Жол-құрылыс машинасының машинисі (автокраншы)» және «Фрезер машинисі» мамандықтарының сыныбы ашылды.
Бүгінде оқу орны 36 ірі кәсіпорынмен және 110 жеке кәсіпкерлікпен әріптестік орнатқан. Сонымен қатар, 12 мекемемен үшжақты меморандум жасалып, түлектерді жұмысқа орналастыру бағытында келісімдер орнатылды. Колледждің серіктестері материалдық-техникалық базаны нығайтуға да қолдау білдіріп келеді. Сондай-ақ, Павлодар техникалық сервис колледжі, Астана техникалық колледжі және Жамбыл облысындағы оқу орындарымен тәжірибе алмасу жақсы жолға қойылған. Ал Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті мен Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті колледждің тірек серіктесі саналады.
Индустриялды колледж өңірдегі білікті жұмысшы мамандықтар ұстаханасы. Мұнда студенттер біліммен қатар, заманауи шеберханаларда тәжірибеден өтеді. Газ қызметі мамандары стенд-тренажерларда жаттығып, КИПиА слесарьлары станоктардың жұмысына бағдарлама жасауды үйренеді. 2016 жылдан бастап колледжде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қолдауымен дуалды оқыту жүйесі енгізілген. Қазіргі таңда 559 студенттің 418-і жүйе бойынша білім алуда. Барлық инженер-педагог мамандар өз саласы бойынша өндірістік кәсіпорындарда тағылымдамадан өткен.
Бірнеше жылдан бері WorldSkills чемпионаттарының тұрақты қатысушысы ретінде колледж соңғы жылдары «Сварка ісі», «Токарь», «Электромонтаж», «Кузов жұмыстары» бағыттары бойынша білікті маман тәрбиелеуде өңір және республикалық деңгейде үздіктер қатарынан көрініп келеді.
Колледждің басты мақтанышы – түлектері. Соңғы 3 жылда түлектердің жұмыспен қамту көрсеткіші 65 пайыздан 77 пайызға өскен. Оқуын тамамдаған 501 студенттің 362-і өз мамандығы бойынша еңбек етуде. Көптеген түлек оқыған колледжге оралып, жас буынға тәлімгерлік етуде. Бұл – оқу орнындағы ұрпақ сабақтастығының айқын дәлелі.
Оқу орнының тарихында еңбегі ерен ардагер ұстаздар аз емес. Соның бірі – осы ұжымда 35 жыл қызмет етіп келе жатқан Назгүл Мауқұлова. Сондай-ақ, директордың орынбасары Гүлнар Қоқымбаева, өндірістік оқыту шебері Бауыржан Бекқожанов және ұстаздар Айбар Қаптағаев пен Айгүл Әбдібекова білім ордасының беделін биіктетіп келеді. ГПТУ №174 түлегі Майра Дауталинова бүгінде колледж жатақханасында тәрбиеші. Бұған дейін ол өндірістік оқыту шебері әрі арнайы пәндер оқытушысы болған.
Колледж директоры Әсет Жұмағұлов:
– Біз 90 жылдық мерейтойға үлкен жетістікпен жеттік. Жаңа мамандықтар ашылып, материалдық-техникалық база нығайып келеді. Педагогикалық құрамның сапасы жақсарып, халықаралық аккредитацияға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес оқу үрдісіне жасанды интеллект элементтерін енгізу бағытында жобалар жасалуда. Алдағы желтоқсан айында студенттеріміз республикалық WorldSkills чемпионатында өңір намысын қорғайды. Мақсатымыз – «Жоғары индустриялды колледж» мәртебесін алу, – дейді.
Талдықорған индустриялды колледжі – өткеннің өнегесін сақтап, болашаққа бағыт сілтеп отырған еңбек ұжымы. 90 жылдық мерейтой – ұжымның қажырлы еңбегі мен сапалы білім беруге деген адалдығының жарқын дәлелі.
Гүлжан ТҰРСЫН





