2025 жылдың басынан бері әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерді Отбасының цифрлық картасы (ОЦК) арқылы проактивті түрде көрсету мақсатында 435,5 мың адамға SMS-хабарлама жолданды. Оның ішінде 231,2 мыңнан астам азамат өтінішсіз-ақ жәрдемақы мен төлем алу мүмкіндігін пайдаланды, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
ОЦК мемлекеттік органдардың барлық ақпараттық жүйелерінен алынған деректер негізінде қалыптастырылған. Қазіргі таңда бұл жүйеде 20 миллионнан астам қазақстандық және 6,2 миллионнан астам отбасы туралы мәлімет бар.
Министрліктің мәліметінше, Отбасының цифрлық картасын енгізудің басты мақсаты – азаматтардың мемлекеттік қолдау шараларына тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. Әлеуметтік кодекске сәйкес, ОЦК – әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді бағыттарын айқындауға арналған құрал әрі азаматтарға мемлекеттік көмекті алу құқығы туралы «электрондық хабарлама» ретінде қызмет етеді.
Қазіргі уақытта карта арқылы ешқандай өтінішсіз әлеуметтік төлемдердің 11 түрін рәсімдеуге болады. Олардың қатарында:
– еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда әлеуметтік төлем;
– жұмыссыз қалғандарға төлем;
– асыраушысынан айырылғандарға төлем;
– бала туу және оны күтуге байланысты жәрдемақы;
– мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға жәрдемақы;
– мүгедектігі бойынша жәрдемақы;
– көпбалалы отбасыларға, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иелеріне берілетін жәрдемақы;
– атаулы әлеуметтік көмек және жерлеуге арналған біржолғы төлем бар.
Сонымен қатар, ОЦК арқылы зейнетақы төлемдерін алу, «қандас» мәртебесін ұзарту мерзімі туралы еске салу және жұмыссыздарға жұмыспен қамту шаралары жөнінде автоматты хабарламалар жіберіледі.
Мемлекеттік қолдау шарасын алуға құқығы бар азаматтарға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама келеді. Азамат келісімін растаған жағдайда өтініш автоматты түрде рәсімделіп, тиісті төлем қаражаты банк шотына түседі.
Министрлік алаяқтықтың алдын алу мақсатында тек 1414 нөмірінен келген хабарламаларға ғана жауап беру қажеттігін ескертеді.
Барлық сұрақтар бойынша 1414 бірыңғай Call-орталығына хабарласуға болады. Қоңырау шалу тегін.





