Талдықорған қаласындағы «Innoverse Taldykorgan» мектебі мемлекеттік қолдауға ие болды.
2019 жылы негізі қаланған бұл мектеп әуел бастан алдына үлкен мақсат қойды. Нәтижесінде 10-11- сыныпта қазір мыңнан аса бала оқиды. Оқытушылар әр жеткіншектің жеке қабілетінің ашылуына күш салады. Яғни, бұл жастардың жаңа қырынан танылуына мүмкіндік туғызуда. Сондай-ақ, жоғары сынып оқушыларын Ұлттық бірыңғай тестілеуге даярлауға айрықша мән береді. Мамандық таңдау бойынша кәсіптік бағдар беру жұмыстары да назардан тыс қалдырылған емес. Мұнда оқушылар да, ата-аналар да кеңес алып, болашақтағы оқу бағытын таңдайды. Мұндай ыңғайлы мүмкіндікке ата-аналар дән риза.
Балалар білім алып қана қоймай, сыни ойлау, өзін-өзі дамыту, топтық жұмыс сияқты маңызды дағдыларды да қалыптастырады. Мектеп заманауи білім беру технологиялары мен тәсілдерін белсенді қолданады. Бұл оқытудың тиімділігін арттырып, оқу үдерісін қызықты әрі қолжетімді етуге жағдай жасайды. Оқушылардың жан-жақты дамуына ықпал ететін ауқымды шаралар да өткізіліп тұрады. Ал жаз мезгілінде жоғары сынып оқушылары оқуын жалғастырып қана қоймай, замандастармен достасып, көңіл көтеретін, өзін-өзі жетілдіріп, демалатын арнайы лагерь ұйымдастырылады.
Аталған мектеп, сондай-ақ, балаларға оқу орнын таңдауға, IELTS-ке тегін дайындалуға, кәсіптік бағдар беруге көмектеседі. Бұл түлектердің жетекші университеттерге түсу мүмкіндігін арттырады. Мектепте заманауи кітапхана бар. Онда қазақ және әлем классиктерін қамтитын кітап қоры мол. Жыл сайын 11-сынып оқушылары үшін Алматының үздік университеттеріне экскурсия ұйымдастырылып, жастарды беделді жоғары оқу орындарына түсуге ынталандырады.
Аталған білім ошағы Алматы қаласындағы Қазақ-Америка университетімен ынтымақтастықта қызмет етеді. Ол мектеп түлектеріне арнайы 4 грант бөлді. Грант алу мүмкіндігін арттыру мақсатында басқа да жетекші университеттермен келіссөздер жүргізілуде. «Innoverse Taldykorgan» мектебі жобасы Бірыңғай кешенді бағдарлама аясында «Даму» қорының қолдауына ие болды. Нәтижесінде «Банк ЦентрКредит» АҚ-нан айналым қаражатын толықтыру үшін несие алды. Бұл – мектептің одан әрі дамып, оқушылардың бұдан да қолайлы жағдайда оқуына жол ашады.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Фото: ашық дереккөз





