Облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ инфрақұрылымды, энергетиканы және ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған бірқатар маңызды жобаның жүзеге асырылу барысын тексерді. Аймақ басшысы жаңа бастамаларға ғана емес, қажырлы еңбек пен инвестицияның арқасында қайта жанданған күрделі тарихы бар жобаларға да назар аударды.
Ескелді ауданының орталығы Қарабұлақ ауылында ауданы 5 гектардан астам, ұзындығы 1,2 шақырым болатын «Жеңіс» саябағы салынып бітті. Саябақтың тарихы 2021 жылы Жеңіс көшесінің құрылысына мемлекеттік сатып алу жүргізілген кезден басталды. «Монолит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігер ретінде таңдалып, жұмыс 2022 жылдың маусымында аяқталады деп жоспарланған. Алайда, жоспар мүлде орындалмай қалды. Жұмыс «ауа райының қолайсыздығы, білікті кадрлардың тапшылығы» деген желеумен кейінге шегерілген. Сайып келгенде, жағдай сот ісін жүргізуге ұласып, саябақ аяқталмады. Араға бірнеше жыл салып нысан құрылысы қолға алынып, жүйелі жұмыс жүріп, бүгінде заманауи саябақ ескелділіктерге қызмет көрсетуде.
Аудан әкімі Елдос Ахметовтің айтуынша, бұл саябақта волейбол, баскетбол және футбол ойнайтын 3 әмбебап спорт алаңы, 4 балалар ойын алаңы жасалып, орындықтар, қоқыс жәшіктері, жарық шамдары орнатылған. Тротуар төселіп, 460-қа жуық 4 түрлі жапырақты және қылқанжапырақты ағаш отырғызылды. 38 мың шаршы метр аумаққа газон төселіп, санитарлық торап салынды. Атап өтсек, саябақтағы ағаштар арық жүйесі арқылы суарылады. Айтпақшы, бүкіл саябақтың бойымен велосипед жолы өтеді. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілер жолы да ұқыпты түрде жиектеліп, саябақ сәнін арттырып тұр.
Саябақты қайта жаңғыртуды өз мойнына алған «OTERMA 2022» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Сағит Әлібековтың айтуынша, жобаның жұмысы қайта қаралып, қаржысы қайта есептелінді.
– Бұл табиғи ландшафты тамаша аймақ. Табиғаттың сыйын қаз-қалпында сақтап, заманауи үлгіде жасап шығу қажырлы еңбекті талап етті. Бірақ осы деңгейге жету үшін де еңбеккерлер біршама жұмыс атқарды. Қарасаң көз тоятын саябақты тұрғындардың игілігіне қайта ұсынудың өзі біз үшін бір ғанибет. Енді ескелділіктер саябаққа келіп, алаңсыз демалады, – дейді Сағит Әлібеков.
– Қазір «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өңірдегі аудан орталықтары мен облыстық маңызы бар қалалардың бәрінде дерлік абаттандырылған саябақтар салу немесе жасыл аймақтарды қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Біз бұл жұмыстарды 2026 жылдың соңына дейін толық аяқтаймыз. Суару желісі де жобада бірден қарастырылады. Өйткені саябақтардағы жасыл желекті күтіп-баптап, уақытылы суарып отыру керек. Бүгін «Жеңіс» саябағының құрылыс жұмыстары аяқталғанын көрдік, енді оны күтіп ұстау, суару жұмыстары жүйелі жүргізілуі тиіс. Халықтың осындай мәдени-демалыс саябақтарында жайлы демалуына жағдай жасалуы керек. Ал тұрғындар да өз тарапынан саябаққа қамқорлықпен қарауы қажет. Соны кеңінен айтып түсіндіріңіздер, – деді Бейбіт Исабаев аудан әкіміне. Сол сияқты саябақтағы қалған ұсақ-түйек шаруаларды, соның ішінде көктемгі гүл мен көгал отырғызатын жерлерге қара топырақ төгу жұмыстарын аяқтауды тапсырды.
Облыс әкімі бұдан кейін Текелі қаласына барып, ірі энергетикалық жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты. Бір кездері өнеркәсіптің орталығы болып, кейін құлдырап кеткен Текелі бүгінде түрленіп, қайта өрлеуді бастан кешіріп жатыр. Қазіргі таңда Қазақстандағы шағын қалалардың дамуының символына айналуда. Жергілікті энергетикалық кешенді жаңғырту және аралас циклді газ турбинасын салу ірі жобасының іске қосылуы қала үшін жаңа үлкен жетістік болмақ.
Текелі жылу электр орталығында аралас циклді газ турбинасын салу электр энергиясын өндіруді 68 МВт-қа (қосымша 44 МВт) және жылу энергиясын 90 Гкал-ға (қосымша 48 Гкал) дейін арттырады. Жоба құны 25,4 млрд. теңгені құрап, қосымша 15 жұмыс орны ашылды. 2025 жылдың сәуір айында екі газ турбиналық қондырғы орнатылып, жобаның бірінші кезеңі аяқталды. Жобаның толық іске кірісуі 2026 жылға жоспарланған.
– Осы жоспарларды жүзеге асыру нәтижесінде Текелі қаласы өзін-өзі электр және жылу энергиясымен толық қамтамасыз етеді. Бұл экономикалық тұрақтылық мен энергетикалық тәуелсіздігін айтарлықтай нығайтады, – дейді «Текелі энерго кешені» ЖШС-нің техникалық директоры Тимур Бижанов.
Облыс әкімі «Green House» жылыжай кешенін қайта құру жоспарымен де танысты. 2019 жылдан бері тоқтап тұрған бұл нысанға инвестор тартылып, жұмыс жандана бастады. Алаңда құны 4,5 миллиард теңгені құрайтын жаңа жоба жүзеге асырылуда. Жаңартылған жылыжай келесі жылдың күзінде ашылмақ. Кәсіпорын 100-ге жуық адамды жұмыспен қамтуға елеулі үлес қосып, аймақтың азық-түлік қауіпсіздігіне ықпал ететін көкөністердің, әсіресе қызанақ пен қиярдың айтарлықтай көлемін өсіреді деп күтілуде.
Естеріңізге сала кетейік, қазіргі таңда Текелі қаласының өнеркәсіп саласында 52 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың негізгілері «Текелі энерго кешені» ЖШС, «Суффле Қазақстан уыт зауыты» АҚ, «Текелі тау-кен байыту комбинаты» ЖШС. Өнеркәсіп өнімінен түсетін қаржы биыл 31,1 млрд. теңгені құрамақ. Осы жылдың 9 айында 24,2 млрд. теңгенің өнімі өндіріледі.
Аймақ басшысы Д. Қонаев көшесіндегі жол жөндеу жұмысын тексеріп, өткен жылы бой көтерген дене шынықтыру-сауықтыру кешенін аралап көрді.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаев жұмыс сапары барысында екі өңірдегі бірқатар ірі жобаның іске асқанын көріп, жұмыс сапасына оң баға беріп, сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді.
Еңлік Кенебай
Қарабұлақ ауданы
Текелі қаласы






