Тарих – халықтың жадында сақталған ұлы шежіре. Сол шежіренің әр бетінде елдің бостандығы мен тәуелсіздігі үшін отқа түсіп, жанын қиған боздақтардың есімі алтын әріппен жазулы. Қазақтың қасиетті топырағынан түлеп ұшқан әрбір азаматтың ел қорғаудағы ерлігі ұрпаққа өнеге, ұлтқа ұран. Осындай өнегелі істердің бірі – Өрқусақ ауылында өтті.
Бұл күні ауыл тұрғындары сонау 1941-1945 жылдары Екінші дүниежүілік соғыста елін қорғап, жаумен жағаласқан, бірақ туған жерге оралмай шейіт болған ерлердің рухына тағзым етті. Боздақтардың рухына арналып жаңа ескерткіш орнатылып, салтанатты ашылу рәсімі ұйымдастырылды.
Ауыл жұрты бір кісідей атсалысқан бұл шара ел бірлігінің, рухани жаңғырудың айқын көрінісіне айналды. Рәсімнің ұйымдастырушылары елінің еңсесін тіктеуге ниетті Зоя Кененбай келіні, Аймұхан Қошым келіні және өзге де ауыл белсенділері. Олар ел тарихына тағзым етіп, өткеннің өнегесін ұрпақ санасына сіңіруде ерекше еңбек етті.
Ашылу салтанатында ауылдың абызы атанған Сайлаубай Тойлыбаев жүрекжарды жыр жолдарын арнап, елдің рухын көтерді. Ал ауыл жастары мен жеткіншектері патриоттық әндер шырқап, концерттік бағдарлама ұсынып, естелік кештің сәнін кіргізді.
Ерлік пен елдік ұғымы ұштасқан осы сәтте Қарабұлақ ауылының наиб имамы Диас Сүйінбай аруақтарға арнап Құран бағыштап, соғыста қаза тапқан ерлердің рухына тағзым жасады. Қариялар бата беріп, елдің амандығы мен берекесін тіледі.
Ауылдастарының осындай игі ісіне ризашылығын білдірген Нәсіпжан Бекмұратқызы және Надира Баймұрат келіні Қасенов ұрпақтарының атынан еңбегі ерен азаматтарға шапан жауып, құрмет көрсетті. Елдің ертеңіне үлес қосу әр азаматтың парызы деген ниетпен Нәсіпжан Бекмұратқызы ауылдың көркеюіне 1 миллион теңге көлемінде қаржылай демеушілік көмек беретінін жеткізді.
Ерлікке тағзым – елдікке тағзым. Бүгінгі ұрпақ үшін бұл шараның маңызы зор. Себебі, елдің бейбіт өмірі мен тәуелсіздігі сол қасіретті соғыстың от-жалынында жанын пида еткен боздақтардың арқасы.
Ескерткіш тек тастан қашалған белгі емес. Ол ұлт рухының символы, тарихқа деген тағзым, өткеннің өнегесін бүгінге жалғаған алтын көпір. Осындай естеліктер арқылы ауыл тұрғындары жас буынға елді сүюдің, тарихты құрметтеудің қадірін ұғындырып отыр.
Оразхан НҰҒЫМАНОВ,
Өрқусақ ауылының тұрғыны
Ескелді ауданы





