Үкімет отырысында Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов халықты дәрілік заттармен қамтамасыз ету туралы баяндады.
Оның айтуынша, 2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 3 миллионнан астам пациент тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіліп, бұл мақсатқа 219,7 миллиард теңге жұмсалған.
Медициналық ұйымдарды үздіксіз жабдықтау үшін Бірыңғай дистрибьютор 21 миллиард теңге көлемінде төмендетілмейтін дәрі-дәрмек қорын құрды. Бұл қор медициналық мекемелердің 2-3 айлық қажеттілігін қамтиды және онкология, қант диабеті, қан ұюының бұзылуы, ағзалар мен тіндерді трансплантациялау сияқты маңызды бағыттарды қамтиды.
«Созылмалы аурулардың бір бөлігін ТМККК пакетінен МӘМС-ке ауыстыруға қарамастан, барлық мемлекеттік кепілдіктер толығымен сақталады, қаржыландыру көлемі өзгеріссіз қалады. Тек қаржыландыру көзі өзгертілді. Қант диабеті, ревматоидты артрит, церебральды сал ауруы және басқа да созылмалы аурулары бар пациенттер қажетті препараттарды толық көлемде алуды жалғастырады», – деді Тимур Мұратов.
Соңғы бес жылда амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бөлінетін қаражат 115-тен 262 миллиард теңгеге дейін өскен. Осылайша Қазақстан халықты тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету деңгейі бойынша алдыңғы қатарлы елдердің бірі болып отыр – жан басына шаққандағы шығыстар 50 АҚШ долларынан асады.
Баға саясатын реттеу мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі генерикалық препараттардың бағасын түпнұсқа дәрілер құнынан 30%-ға төмендетуге қол жеткізген. Халықаралық деректер базасына қосылу нәтижесінде 7,8 мыңнан астам препараттың бағасы қайта қаралған. 2025 жылдың қазан айында сұранысқа ие дәрілердің орташа бағасы 11%-ға төмендеген.
Бірыңғай дистрибьютор сатып алу нәтижесінде 70,5 миллиард теңге үнемдеп, бұл қаржы қосымша дәрі-дәрмек сатып алуға бағытталған. Сонымен қатар дәрілердің айналымын бақылау және таңбалау жүйесі енгізіліп, салық түсімі 24%-ға артқан.
Цифрландыру саласында да оң өзгерістер бар. Медициналық ұйымдарда рецепттердің электрондық көшірмесі енгізіліп, құжат рәсімдеу уақыты екі есеге қысқарды. Алдағы уақытта жасанды интеллект дәрі-дәрмекке деген қажеттілікті болжау мен жалған рецепттерді анықтау үшін қолданылмақ.
Қазіргі таңда Қазақстанда 20 476 дәрілік зат пен медициналық бұйым тіркелген, оның 15%-дан астамы – отандық өндіріс. Ал ДДҰ ұсынған өмірлік маңызды дәрілер тізіміндегі қазақстандық өнімдердің үлесі 37%-ды құрайды.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов фармацевтикалық нарықты дамыту үшін дәрі-дәрмектерді тіркеудің жеңілдетілген тетігі енгізілгенін атап өтті. Енді жаңа препаратты тіркеу мерзімі бұрынғы 2-5 жылдан 100 жұмыс күніне дейін қысқартылған. Бұл халықтың жаңа емдеу және диагностика әдістеріне тезірек қол жеткізуіне мүмкіндік береді.
Үкімет отырысы қорытындысында Премьер-министр бөлшек сауда сегментінде дәрі-дәрмек бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу жөнінде нақты шаралар қабылдауды тапсырды.





