Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін тек заң талаптарын орындаумен ғана шектелмеу керек. Бұл бағытта заңнамалық талаптардың сақталуын қадағалаумен қатар қазақ тілінің ақпараттық кеңістіктегі үлесін арттыру да өзекті. Осы мәселелер Тіл сарайында өткен «Тіл заңнамасын іске асыру: өзекті мәселелер, тиімді тетіктер» атты семинар-тренингте кеңінен талқыланды.
Облыстық ішкі саясат басқармасы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетімен бірлесіп ұйымдастырған шараның мақсаты – «Тіл» туралы заңнаманың орындалуын қамтамасыз ету, заң талаптары бұзылған жағдайда әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамаларды рәсімдеу тәртібін түсіндіру және осы бағыттағы жұмыстардың тиімділігін арттыру.
Семинарға аудандық және қалалық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары мен жауапты мамандары, облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының қызметкерлері, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің басқарма басшысы Қайыржан Рахымжанов пен Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Ақмарал Даутқұлова баяндама жасап, саладағы өзекті мәселелерге тоқталды.
Семинар барысында «Тіл» туралы заңнаманың сақталуына қатысты талаптар, анықталған заң бұзушылықтар бойынша әкімшілік хаттамаларды толтыру тәртібі мен жауапты мамандардың міндеттері түсіндірілді. Сонымен қатар ақпараттық кеңістіктегі қазақтілді контенттің үлесін арттыру мәселесіне айрықша назар аударылды. Атап айтқанда, Тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының іс-қимыл жоспарына сәйкес ашық онлайн Уикипедияны қазақ тіліндегі энциклопедиялық мақалалармен толықтыру жұмыстарын жандандыру қажеттігі сөз болды.
Біздің мақсатымыз – аймағымыздағы тіл саясатына қатысты және түрлі саланы қамтитын энциклопедиялық мақалаларды ашық онлайн Уикипедияға орналастыру. Қазіргі ақпараттық кеңістікте жаңалықтар легі күн сайын жаңарып, ақпарат көлемі артып келеді. Осы үдерістен қалыс қалмай, қазақ тіліндегі сапалы контенттің көбеюіне өз үлесімізді қосу үшін осындай шара ұйымдастырып отырмыз, – дейді облыстық ішкі саясат басқармасы тілдерді дамыту және ономастикалық жұмыс бөлімінің бас маманы Туғанай Рахымберлина.
Мемлекеттік тілдің мәртебесі оның заң жүзінде бекітілуінен бөлек күнделікті өмірде, ақпараттық кеңістікте және қоғамдық қатынастарда қаншалықты қолданылатынымен өлшенеді. Сондықтан тіл заңнамасы талаптарын сақтау мен қазақтілді мазмұнды көбейту – бірін-бірі толықтыратын маңызды бағыттар. Ал бұл іске мемлекеттік органдармен қатар бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғам өкілдерінің белсенді атсалысуы қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге жол ашады.
Медет ЖҰМАБАЙ






