Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен Ресей Федерациясына барды. Ертең Қазақстан мен Ресей президенттері кездесіп, маңызды құжаттарға қол қою жоспарланып отыр, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл бұл сапардың мән-маңызы мен ықтимал нәтижелеріне тоқталып, екі ел арасындағы экономикалық байланыстардың өзектілігін атап өтті.
– Қазақстан мен Ресейдің экономикасы тығыз қарым-қатынаста дамып келеді. Себебі біздің Батысқа, Еуропаға және басқа да бағыттағы транзиттік жолдарымыздың шамамен 90 пайызы Ресей арқылы өтеді, – деді депутат.
Оның айтуынша, алдағы келіссөздер негізінен Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастық, саудадағы шектеулер мен өзара мүдделерді қорғау мәселелеріне қатысты болуы мүмкін.
– Қазір экономикалық қатынастарда әртүрлі шектеулер бар. Олардың көбі уақытша, белгілі бір жағдайларға жауап ретінде енгізілген. Бұл мәселелерді жүйелі түрде шешіп, шектеулерді алып тастау қажет, – деді Еркін Әбіл.
Депутат Ресеймен жаңа келісімдер Қазақстан үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктер ашуы ықтимал екенін де атап өтті.
– Ресей нарығы біз үшін өте қызықты. Сонымен қатар транзиттік әлеуетті күшейту қажет. Біз көп қаржы бөліп «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасын жүзеге асырдық, алайда ол толық қуатында жұмыс істеп тұрған жоқ. Солтүстік және оңтүстік бағыттағы дәліздерді дамыту да маңызды. Мысалы, Ресей арқылы Иран мен Үнді мұхитына шығатын бағыттарда саяси тәуекелдер аз. Осы бағытты дамыту арқылы Қазақстан қосымша табыс таба алады, – деді халық қалаулысы.





