Бүгінде Көксу жерінде газдандыру жұмыстары аяқталу сатысына жақындап қалған. Әкімнің айтуынша, Нәдірізбек және Балпық би ауылдарында газ құбырын тарту жұмыстары биыл толық аяқталып, нысандар іске қосылған соң аудан халқы түгелдей көгілдір отынмен қамтылмақ. Бұл тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам.
– Ауылдарды газбен қамту – экологиялық ахуалды жақсарту мен тұрмыс деңгейін арттырудың кепілі. Осы жоба толық жүзеге асқанда Көксу ауданы облыс бойынша толық газдандырылған аймақтардың қатарына қосылады, – дейді Дәулет Кенжеханұлы.
Инфрақұрылым саласында да айтарлықтай ілгерілеу бар. Биыл аудан орталығында 20 пәтерлі қызметтік үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Балпық би ауылында екі 60 пәтерлі несиелік тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда. Бұл, әрине, жас мамандар мен әлеуметтік санаттағы отбасыларды баспанамен қамтуға бағытталған нақты қолдау.
Ауданның 34 елді мекенінің барлығы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. Бұл көрсеткіш халықтың өмір сапасын арттыру жолындағы жүйелі еңбектің нәтижесі.
Соңғы 3 жылда Көксу ауданында 20 әлеуметтік нысан салынған. Оның 14-і денсаулық сақтау саласына тиесілі. Биыл ғана Қызылтоған, Бесқайнар, Жетіжал және Қаратал ауылдарында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттер ашылып, ауыл тұрғындарына медициналық қызмет көрсетудің сапасы айтарлықтай жақсарған.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





