Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаевадан «қоғамдық орындарда адамдарды суретке, видеоға түсіруге тыйым салынуы мүмкін» деген ақпараттың растығы сұралды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Сенат дәлізінде журналистер министрден жаңа массмедиа туралы заңға енгізілуі мүмкін түзетулерге қатысты пікірін сұрады. Аида Балаеваның айтуынша, бұл мәселені жұмыс тобы талқылап жатыр және БАҚ өкілдері де осы процесте болуы тиіс.
«Ештеңеге тыйым салғымыз келмейді. Кез келген жерде адамдарды рұқсатсыз түсіруді шектегіміз келеді. Лауазымды тұлғалар, мемлекеттік қызметшілер бары түсінікті, біз үйреніп қалдық. Бірақ пранктер, белгілі бір адамдардың рұқсатынсыз жасалатын түсірілімдер бар. Сондықтан бұл норманы сіздермен талқылаймыз, өйткені жұмыс тобы енді ғана құрылып жатыр», – деді министр.
Министрдің түсіндіруінше, ұсынылып отырған норма кадрға түскен әр адамның келісімін алу қажеттігін білдіреді. Себебі азаматтар уәкілетті органдарға өз келісімінсіз түсірілген және жарияланған материалдарға жиі шағымданады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Қазақстанда қоғамдық орындарда фото және видео түсіруге рұқсат етілген. Алайда адамның бейнесін пайдалануға шектеу бар: егер түсірілім адамның қызметіне, қоғамдық міндетіне қатысты болмаса немесе ол қоғамдық іс-шараға қатысушы болмаса, онда оның рұқсатынсыз жариялау заңсыз болып саналады.





