Осыған орай «Атамекен» өңірлік палатасы Өзбекстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша кәсіпкерлермен кездесу ұйымдастырды. Бахтиер Ибрагимов экономикалық дипломатия елдер арасындағы екіжақты қатынасты дамытуда 1-орынға шығатынын, Мемлекет экономикалық жағынан неғұрлым қуатты болса, соғұрлым әлемдік аренада тұрақты дауысқа ие болатынын, бүгінде екі ел арасындағы қатынас белсенді даму үстінде екенін сөз етті.
Мәселен, «АСПМК-519» ЖШС Алматы қаласында орталық кеңсесі бар энергетикалық холдинг. Компания электр беру желілері мен қосалқы стансылар салу үшін жабдықтар жеткізеді. Бірақ мемлекеттік шегара арқылы өнімді тасымалдау кезінде қиындықтарға тап болады.
– Біздің өнімдер Өзбекстанда жоғары сұранысқа ие. Металл конструкциялары негізінен автокөлікпен тасымалданады. Шегарада Өзбекстанның кеден қызметінің жүктерді алып жүру қажеттілігі туралы талаптарына тап боламыз. Менің білуімше, өзбек тарапы сенімді жеткізушілердің тізімін жүргізуде, оларға жүкті алып жүру туралы талап қолданылмайды. Біздің компанияның осы тізімге енгізілгенін қалаймын, – деді «АСПМК-519» ЖШС коммерциялық директоры Вадим Немытов.
Вадим Немытовқа жауап берген Елші қазір Өзбекстан билігі сыртқы экономикалық қызметті дамыту бойынша қосымша 4 дәліз құру мәселесін қарастырып, мемлекеттік шегарадағы өткізу пункттерін жаңғырту жұмыстарының жүргізіліп жатқанын айтты. Бұған қоса теміржол көлігімен әкелінетін қазақстандық тауарларды тасымалдау тарифін төмендету, аккумуляторларды әкетуге квота белгілеу, агроөнеркәсіптік кешен, туризм, тоқыма өнеркәсібі саласында өзбек бизнесімен әріптестік қатынастар орнату ұсыныстары да сөз болды.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





