Жетісу облысындағы жедел жәрдем қызметінің фельдшерлері мен жүргізушілері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа және ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға видеоүндеу жолдап, көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелерін көтерді.
Бұл туралы 7-su.kz ақпарттық порталы хабарлайды.
Олардың айтуынша, саланың қазіргі жағдайы қызметкерлерге үлкен салмақ түсіріп отыр. Үндеуде төмендегі бес негізгі мәселе айтылды:
1) Еңбекақының төмендігі.
Қызметкерлер жалақының қазіргі деңгейі атқарып жатқан жұмысқа, тәулік бойғы жауапкершілікке және жоғары тәуекелге сай келмейтінін айтты.
2) Кадр тапшылығы.
Дәрігерлердің жетіспеушілігі салдарынан фельдшерлер толыққанды дәрігердің міндетін атқаруға мәжбүр. Бұл жұмыс көлемін арттырып, жауапкершілікті күшейтеді.
3) Зейнет жасын төмендету.
Жедел жәрдем қызметі (103 қызметі) әскери қызметпен теңдей қауіпті және ауыр санатқа жататыны айтылып, осы саланың қызметкерлеріне зейнетке ерте шығу мүмкіндігін қарастыру сұралды.
4) Міндетті медициналық тексеру мәселесі.
Жалақыдан 10% ұстай отырып, қызметкерлер жыл сайын медициналық тексеруден ақылы түрде өтетіні айтылды. Бұл қосымша қаржылық ауыртпалық тудырады.
5) Артық жұмыс уақыты үшін төлем.
Қызметкерлер 160-170 сағаттан асатын жұмыс үшін еңбекақыны 1.5 еселік коэффициентпен төлеуді талап етеді. Қазір бұл талап толық орындалмай отыр.
Жедел жәрдем қызметкерлері аталған мәселелерді шешу халықтың денсаулығы мен жедел көмек сапасын жақсартуға тікелей әсер ететінін атап өтті.





