Әр адамның өзіндік ойы, арман, мақсаты болады. Сол секілді менің де алға қойған жоспарым бар. Бірақ сол межеге, мақсат пен арманға қол жеткізу үшін оған бір адамның себепші болатыны сөзсіз. Көбіне мұндай байламға ата-ананың кеңесімен шешім шығарып жататынын жасырмаймыз. Әйтсе де менің арманыма отбасым емес, өзге жанның себеп болғанын айтайын.
Өмірде мамандық таңдауда шатаспау керек деген тәмсіл бар. Мен бүгінде М. Жұмабаев атындағы №19 мектептің 11- сынып оқушысымын. Біраз айдан кейін білім ордасынан қанат қағып, таңдаған мамандығымыздың иесі болуға талпынамыз. Осы күндер мені қатты мазалайды. Әр күн, сағат өткен сайын алдымнан асқар таудай арманымыз қол бұлғап шақырып тұрғандай сезімде боламын. Расымен де мен өз таңдауымды жасап үлгердім. Болашақта журналист болғым келеді. Мұндай шешімге мені жетелеген танымал журналист Бейсен Құранбек аға десем артық айтқандық емес. Бала кезімнен мен Бейсен Құранбек ағаның жүргізген бағдарламалары «Айтуға оңай» мен «Қарекет» ток шоуын үзбей көрдім. Мені журналистикаға ынтықтырған осы бағдарламалар мен Бейсен Құранбек десем артық айтпағаным. Ол кісінің сөйлеу мәнері, жүріс-тұрысы, кейіпкерді әңгімеге тартып, жан-дүниесімен оның жағдайын түсінуі, көрерменді баурап алуы қатты қызықтырды. Сол кезде мен де өскенде осындай журналист болам деп шештім. Міне, осындай талантты жанның себепші болуымен журналистика мамандығын қалап, қолға қалам алып отырмын. Отбасыммен де ақылдасып, арман, мақсатымды айтқан кезде олар да бағытыма жол сілтеп, баталарын берді. Сол үшін де қызықты мамандыққа бағыт берген Бейсен Құранбектей ағамыздың аруағына алғыс айтқым келеді. Ол тек менің ғана емес, талай жас жеткіншектің үмітін жағып, өзіндік жол табуына бағдаршам болған бірегей тұлға. Дәл осы мақаланы жазу, өзің құрмет тұтқан ұстазға деген разылығыңды айту Алғыс айту күнімен дәл келген екен. Ендеше, мен де өз алғысымды білдіргім келді. Мың алғыс!
Ақнұр Әділбай,
Мағжан Жұмабаев атындағы №19 мектеп
11-«б» сынып оқушысы
Фото: 24.kz





