Жетісу облысы Алакөл ауданының прокуратурасы білім беру мекемелерінде қауіпті қалдықтарды пайдалану, сақтау және кәдеге жарату талаптарының орындалуын тексерді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Turkystan.kz дерегіне сүйеніп.
Санитарлық нормаларға сәйкес, істен шыққан сынапты шамдар оқушылар қол жеткізе алмайтын арнайы бөлмеде сақталуы тиіс. Оларды қоқыс жәшіктеріне тастауға қатаң тыйым салынады (ҚР Денсаулық сақтау министрінің 05.08.2021 ж. №76 бұйрығы).
Тексеру барысында бірқатар мектеп мен балабақшада 436 дана жарамсыз сынапты шам қоймаларда және жертөлелерде, яғни талапқа сай емес орындарда ұзақ уақыт сақталып келгені анықталды. Бұл жағдай оқушылар мен қызметкерлердің денсаулығына тікелей қауіп төндірген.
Қадағалау актісінен кейін барлық заңбұзушылық жойылып, қауіпті қалдықтар белгіленген тәртіппен арнайы ұйым арқылы шығарылды. Осылайша 3 458 адамның, оның ішінде 2 947 оқушы мен 511 қызметкердің құқықтары қорғалды.





