«Жанұя» отбасын қолдау орталығының ұйымдастыруымен «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді әрекет» республикалық акциясы аясында өткен басқосуда мемлекеттік құрылымдар, құқық қорғау органдары, үкіметтік емес ұйымдар мен әлеуметтік қызметтердің күшін біріктіре отырып, отбасын қорғау жүйесін нығайту, тұрмыстық зорлықтың алдын алу және қоғамда зорлықсыз қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру бойынша әңгіме қозғалды.
«Дөңгелек үстел» жұмысына облыстық полиция департаментінің, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының, әйелдер істері жөніндегі комиссияның және өзге де мүдделі ұйымдардың өкілдері қатысты. Басқосуда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың көбеюі отбасылық ажырасулар санының артуына тікелей әсер ететіні атап өтілді. Биылдың өзінде тұрмыстық зорлық көргендерге әлеуметтік көмек көрсету орталығына 136 адам жүгінген. Олардың 36-сы әйел, 100-і балалар.
– Бүгін біз өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелдерге ғана емес, ең алдымен, зорлық көрген жандарға көрсетілетін көмектің алгоритмін талқыладық. Отбасын қолдау орталықтары барлық ауданда жұмыс істейді. Қандай құрылым дағдарыс орталығына орналастыру мен сүйемелдеу міндетін өз мойнына алады? Қайта зорлыққа ұшырау қаупі қаншалықты жоғары деген сауалдарға жауап іздеп, оның шешілу жолдары мен әрбір азамат отбасын сақтап қалу үшін не істеу керектігі жайлы айтылды, – деді «Жанұя» отбасын қолдау орталығының директоры Жанар Нұрмуханова.
Оның айтуынша, «дөңгелек үстелге» қатысушылар осы сұрақтарға бірлесе отырып нақты жауап табуға ұмтылуы тиіс.
– Біз тек жәбір көргендермен ғана емес, сондай-ақ, зорлықшылармен де жұмыс істеуіміз керек. Күш көрсететіндер тек қол жұмсаумен шектелмейді. Оның психологиялық, қаржылық, моральдық және басқа да түрлері бар екенін ұмытпауымыз қажет. Бұл бағытта біз барлық мемлекеттік органдармен тығыз байланыста қызмет атқарып келеміз, – деді орталық басшысы.
Гүлжан ТҰРСЫН





