«Республиканы басқаратын қазақ тұлға шықпағаны ма, Мәскеуден әкеп қойғаны несі?» деп Орталықтың шешімін өзімізше әділетсіз деп бағалап, осы күйде институтқа жеттік. Оқу корпусына жете бере Совет көшесі бойымен қолдарына транспарант, плакат ұстап ұрандатып келе жатқан жастарды көрдік. Бұл – пленум шешіміне наразы өзіміз сияқты мыңдаған жастың бір тобы болатын. Жолымызды бөгемек болған милиция қызметкерлерінің шебін бұза-жара бір топ студент шерушілерге қосылдық. Жол бойы оқу корпустары мен жатақханаларды аралап, қатарымыз молайып, адамдар үсті-үстіне қосылып түскі сағат үш шамасында сол кездегі Брежнев (қазір Республика) алаңына жеттік. Біз барғанда алаңға адам көп жиналып қалған екен. Жастар үсті-үстіне қосылып, кешке алаңда ине шаншар орын болмады.
Брежнев алаңындағы трибунаға Үкімет мүшелері көтеріліп жиналған халықты тыныштандырып, таратпақ болған әрекеттерінен түк шықпады. Өйткені сөздерін орысша бастаған билік өкілдері жастарға «тараңдар» дегеннен басқа ештеңе айта алмады. Пленум шешімін түсіндірмеді. Ең бастысы – мыңдаған халықтың көкейіндегі басты мәселе – «Неге Республиканы басқаруға сырттан адам әкелді? Өзімізден тұлға шықпады ма?», – деген сауалға жауап бере алмады.
Алғашқы сағаттарда жастар өздерін барынша салмақты ұстады, құқыққа қайшы әрекеттер орын алған жоқ. Халық арасына кимелеп кіріп, бөлшектемек болған милиция қызметкерлері мен кішігірім қақтығыстар болғанын жоққа шығармаймын. Әскерилер мен алаңдағы жастар арасындағы нағыз қақтығыс шамамен кешкі сағат 5 пен 6-ның арасында басталды. Шамамен түнгі сағат 9-да алаңның шығыс жағынан үлкен өрт сөндіруші машиналар шығып, алаңның бір шетінен екінші шетіне су шашып жылжыды. Осы кезде халықтың қатары сөгіліп, жан-жаққа қашты. Ашуланған жастар алаң маңындағы ғимараттың іргетасын қаптаған мрамор плиталарды бөлшектеп сындырып, өрт сөндіруші машиналарға лақтырып терезелерін шақты. Алаң қиян-кескі ұрыс аймағына айналды. Әр жерде аударылып, шағылып, өртеніп жатқан техникалар, таяқ жеп ашынған жастар да қолдарына іліккен затпен ұрыс салып жүр. Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы, көрші бөлмедегі Құралбекті байқап қалдым. Тонының алды ашық, жалаңбас, қолындағы кесек-кесек мрамор тастарды өрт сөндіруші машиналарға лақтырып жүр. Сөйтіп жүріп әскерилердің ортасына түсіп қала жаздады. Жүгіріп жанына барып қапсыра құшақтап шетке алып шықтым. Өрт сөндіруші көліктер алаңды бір айналып өткен соң қайта келмеді. Алаң босап қалды. Көше шамдарының жарығына шағылысып, айнадай жалтырап мұз боп жатыр. Екеуміз трибунаға таман өртеніп жатқан автобус маңына жақындап, су болған үстімізді кептірдік. «Соғыста батырлар осындай жігіттерден шыққан-ау» деп ойладым тонын шешіп алып кептіріп тұрған Құралбекке қарап. Алаңдағы жұрт тарай бастағанда біз де жаяулап жатақханаға қайттық.
17-сі күні түнде мен жігіттердің қузауымен ұзын ақ жаймаға қызыл түсті сырмен «Лениндік ұлт саясаты жасасын!» әлде «Әр ұлтқа өз көсемі!» деп пе, дәл есімде жоқ, ұран жазып, оны ертесіне Өміржан Шақаев беліне орап жатақханадан алып шықты.
Желтоқсанның 18-і күні ерте тұрып, таңғы асты жатақхананың қасындағы жобалау институтының жертөлесіндегі асханадан ішіп, топ жігіт болып алаңға жаяу тарттық. Біз барғанда алаңға мыңдаған халық жиналып қалыпты. Бірақ, алаң әскермен қоршалған, өтер жол жабылған. Қолдарында қалқан, дубинка ұстаған, жарақтанған әскер қарасы кешегіден әлдеқайда көп, бірнеше қатар саппен сақадай сай тұр. Жандарында арсылдаған қызмет иттері. Бүгін жастар да құрқол емес екен, бірқатарының қолында ағаш сойыл. Ақыры жастар мен әскерилер арасында қақтығыс басталып та кетті. Қақтығыс, ұрыс Брежнев алаңына шығатын барлық көшелерде жүріп жатты.
Әрине, әскердің аты әскер, мықты қаруланған, тәртіппен, командамен әрекет етеді. Бұйрықпен бір мезетте ұрысқа шығып, бұйрықпен бәрі бірдей шегініс жасайды. Бастарында каска, қалқанмен қорғанған, қолдарында дубинка. Жалғыз-жарым қарсы жүгірген аңғал жастарды әп-сәтте қоршап алып, сабап құлатып, сүйреп алып кетеді.
Алаңға өту мүмкін болмады. Жастар колонна боп әр көшеге түсіп орталыққа қарай жүрді. Мұндағы мақсат – жұртшылықтың, бүкіл дүниежүзінің назарын осы оқиғаға аудару еді. Шетел журналистері мен Алматыда орналасқан халықаралық өкілдіктер, елшіліктер мен консулдықтар назарына ілігіп, Қазақстандағы жағдайдан хабардар ету болған. Бұл сәтті қадам болғанын кейін уақыт дәлелдеді.
Алматы көшелерін қалың нөпір боп аралап жүрген жастар «Елім-ай», «Менің Қазақстаным», «Атамекен» әндерін қосыла шырқап жүргені есімде. Жастар бейбіт түрде Алматы көшелерімен шерулетіп жүрген тұста КСРО ІІМ арнайы «Метель» операциясын жоспарлап дайындап жатқанын, КСРО-ның әр түпкірінен мұздай қаруланған арнайы әскер құрамын Алматыға жеткізіп жатқанын білмеген едік. 18-желтоқсан күні, кешкі сағат 9 шамасында «Метель» операциясы басталды. Аяқ астынан ойран-топыр болып кетті. Бейқам, бейбіт тұрған шерушілерге әскерлер тап берді. Таяқпен ұрып, құлағандарын сүйретіп әкетіп жатты. Азан-қазан шу. Ұлыған сирена, арсылдаған иттер, офицерлердің айқайлап пәрмен берген дауыстары, қапыда таяқ тиіп құлап жатқан адамдардың көмек сұрап айқайлағаны, бәрі қосылып алаң күңіреніп кетті. Айқай-шудың ішінен «Бағлан құлады!» деп айқайлаған Беріктің дауысын танып бұрылсам, екі-үш солдат Бағланды төмпештеп жатыр екен. Берік екеуміз бірақ ұмтылып, қасымызға келген екі-үш жігітпен үстімізге жауып кеткен соққыларға қарамастан солдаттардың қоршауынан құлап жатқан Бағланды екі қолтығынан алған күйі сүйрей қаштық. Соңымызға түскен солдаттар мен біздің арамызға бейтаныс жігіттер түсті. Бәрі құрқол. Былай шыға Бағлан өз-өзіне келген соң екі жағынан сүйемелдеп (өз бетінше жүре алмай қалды) көшенің қараңғылау, тасалау тұстарымен жатақханаға қайттық. Топтасқан әскерилер мен жасақшылар бірлі-жарым жүрген жастарды бас сап ұстап, машинаға тиеп әкетіп жатқан. Жатақханаға аман-есен жеттік.
…Бөлме терезесін тарсылдата ұрған дыбыстан абыр-дабыр сап тиылып, Әлібек жақындап барып қараңғы далаға үңіле «Бақытбек», – деді бізге мойын бұрып. Семей облысының Ақсуат ауданынан болатын Бақытбек курстың үздік студенттерінің бірі-тін. Үйленген, әйелі неміс ұлтынан еді. Сол Бақытбек таңға жуық кеп терезе қағып тұр. Бақытбекпен терезеден тілдескен Әлібек «вахтерді оятайын, таксиге де ақшасы жоқ екен» деп шығып кеткен, сәлден соң Бақытбекті бөлмеге сүйемелдеп кіргізді. Бүктетіліп, аяғын әрең басқан Бақытбекті жігіттер жан-жағынан демеп төсегіне жатқызды, «не болды?!», «не болды?!» – деп жамырай қойған сұраққа «Милицияға түсіп қалдым» деп кеудесін ұстап әрең жауап берді. Әбден соққы жегені түрінен көрініп тұр. «Ештеңе айта алмаймын, шамам жоқ» деп қиналып әзер сөйлеген ол төсегінде бүк түсіп ішін ұстап жатып қалды. Сөйтсек ол бір қызды құтқарамын деп ұсталып қалыпты. Есін жиған сәтте жабық кузовты машинада келе жатқанын біледі. Ішінен қиналып, ыңырсып қыздардың жылағанын, жігіттердің кіжініп әлдекімді сыбаған дауыстары естіліпті. Тергеуде ұрып-соғу 5-6 сағатқа созылыпты. Бақытбек тегі орысшаға шорқақтау еді де «орысша – қазақша» қалта сөздігін қолынан тастамай үйреніп жүретін. Бұларды тінткен кезде милиционерлер сөздікті тауып алады. Блокнотынан әйелі екеуі түскен сурет те шығады, әйелін орыс деп көрсетеді Бақытбек. Әйелінің орыс болғаны, тіл үйреніп жүргеніне тергеушілердің рақымы түсіп, ақыры босатыпты. Кейін Бақытбектің милицияда тергеуде болғаны ректоратқа мәлім болады. Содан Бақытбек жиналыстан жиналысқа түсіп, ақыры комсомолдан шығарылады, бірақ факультет деканы Ш. Әділханов, дайындық курсында дәріс берген оқытушы Д. Көшімнің ара түсуімен оқуда қалады.
19-ы күні Беріктен тағы бір жайды естідік. «Шолпан басынан қатты соққы алған екен, кіріп шықтым, жағдайын сұрап», – деді ол кешкісін көңілі алаң күйде. Шолпан бізден бір курс жоғары оқитын еді. Көрші бөлмеде тұратын, Кеген ауданы Саты ауылының қызы. Біз студенттік құрылыс отрядымен жазда Саты ауылында болғанда он шақты қыз-жігітті үйіне шақырып дәм татырған еді. Шолпанды ауруханаға апаруға, дәрігер шақыруға да болмайды, өйткені ол дереу милиция мен КГБ-ға белгілі болар еді. Жігіттер ақылдасып, Шолпанды неғұрлым тезірек ауылға, үйіне жеткізу керек деген ұйғарым жасады және оны ешкім білмеуі керек. Берік тез шешім қабылдап, жолға жиналды. Институтқа барып деканымыз Ш.Ә. Әділхановқа оңаша жағдайды баяндап, рұқсатын алып, Сатыдан Шолпанның атына «Әжең ауыр науқас, шұғыл жет!» деген жедел телеграмма соқтырып алды. Бұл ертеңгі күні Шолпанның сабақта жоқтығына күдік тудырмас үшін керек еді. Осының бәрін Берік шұғыл реттеп, 20 желтоқсан күні Шолпанды алып, «Саяхат» автовокзалынан «Алматы – Жалаңаш» бағытындағы автобуспен Жалаңаш ауылына аман-есен жетіп, бұларды күтіп алған Шолпанның ағасы мен жеңгесіне тапсырады.
Шолпан үйінде біраз емделіп қайтады. Оқуын сәтті аяқтап, Шолпан кейін белгілі журналист болды. Желтоқсан оқиғасы тақырыбына да айтарлықтай қалам тербеді. Өкінішке қарай, Шолпан «Жетісу» газетінде жемісті еңбек етіп жүргенде басынан алған соққының салдарынан ауыр науқасқа шалдығып бертінде қайтыс болды…
Сонымен, 1986 жылы 18-желтоқсанда жастардың бейбіт бас көтеруі күшпен аяусыз басып-жаншылды. Бірнеше күн Алматыда өлі тыныштық орнады. Желтоқсанның ызғарлы күндері секілді суық, көңілсіз күндер бірін-бірі ауыстырып жатты.
Әділхан ҚЫСТАУБАЕВ
Желтоқсан оқиғасына қатысушы






