– Желтоқсан кезінде қайда болдыңыз? Оқиғаға қаншалықты қанықтыңыз? Қақтығыстың ортасына кірген адамдармен сөйлесе жүріп, қандай ақиқатты ұғындыңыз?
– Ол уақытта ҚазПИ-де мұғаліммін. 16 желтоқсан күні түс кезінде ректоратқа келсем алдында қарақұрым адам жиналып қалыпты. Мен кірген соң күзетші есікті жауып алды. «Не болды?» – деген сұрағыма: «Ойбай, біреулер топтанып келе жатыр!» – деп жауап қайтарды. Сөйтсек, қазіргі Достық даңғылының бойымен жастар айғайлап келеді екен. «ҚазПИ, шығыңдар! Неғып отырсыңдар? Алаңға барыңдар!» деген дауыс естіледі. Кәдімгі бейбіт шеру.
Сол күннің алдында кешкісін теледидардан Қонаевтың орнына Колбиннің келгені айтылған болатын. Шынын айту керек, маған басшылықтың ауысуы ешқандай әсер еткен жоқ. Бірден айтайын: «Неге Қонаевтың орнына Колбин келді? Басшы Қазақстаннан болуы тиіс еді» дегенді ойламаппын. Өйткені, қазақты кім басқармады? Армян да, еврей де, орыс та, белорус та басшы болды. Кеңес үкіметі кезінде ол қалыпты нәрсе еді. Кешкісін институттың мұғалімдерін түгелдей жатақханаларға жіберді. «Кезекшілікке шығасыңдар! Көшеде айқай болып жатыр. Студенттерге қатаң қадағалау керек» деген тапсырма берді. Мен дайындық бөліміне сабақ беретінмін. Ондағы жігіттердің көбі ересек, әскерден келгендер болатын. Бәрін танимын. Солардың ішінен екеуін терезеден шығарып: «Барып, не болып жатқанын біліп келіңдер!» – деп жібердім. Екеуі түннің бір уағында оралып: «Ойбай, аға, қырғын болып жатыр! Анау-мынау» – деп бәрін айтып берді.
Ертесі баламды балабақшаға апарып тастаған соң алаңға арнайы бардым. Шыны керек, өз көзіммен көргім келді. Сөйтсем екі жағын әскер мен милиция жасақтары жауып қойған алаңға жастар ұмтылады, аналар жібермейді. Осылайша екі тарап ырғасып тұр екен. Ентелеп келгендерді резеңке сойылмен ұрып, бетін қайтарып жатыр. Айқай-шу. Соның арасына кіріп кеттік. Біраздан соң сол айқайға өзің араласып кетесің. Өйткені, әскерилердің ұрып жатқанын көресің. Тура Фурмановтың бойында тұрмыз ырғалып. Төменде Абай, алдыда Сәтбаев көшесі. Кейде айғайлап алға лықсимыз, сол аралықта әскерилер араларын ашып жіберіп, алдыңғы лектегілерді ұстап әкетеді. Арнайы дайындықтан өткені белгілі. Алдыңғы қатарға шыққанда мені де ұстамақ болды. Артқа бұлтарып, құрсаудан сытылып шықтым. Сол арада бір қыздың басынан ұрғанын, қан төгілгенін көрдім. Оны жабылып жатып қардың арасынан алып шықтық. Сондай бір шиеленіскен сәттерге куә болдым.
Түсте сабағым бар еді, қайтуыма тура келді. Түстен кейін әйелім барыпты. Кешке дейін сонда жүріп, барлық зобалаңды өз көзімен көріпті. Сөйтіп, екі күндік бұлқыныстың ортасында жүріп, Желтоқсанның ызғарын сезіндік.
– Қайрат Рысқұлбеков, Түгелбай Тәшенов, Жамбылбек Тайжұмаев, Қайыргелді Күзембаев, Ертай Көпесбаев секілді бесеудің әйгілі сотына қатысыпсыз. Оған қалай тап болдыңыз?
– 1985 жылы актер Талғат Нығматуллин Вильнюста кісі қолынан қаза тапты. Соған қатысты қылмыстық істің тергеушісі Алматыға келіп, қазақ тілінен аударма жасайтын адам іздепті. Өйткені, қылмыскердің біреуі Абай Бөрібаев деген қазақ іcті аударып беруді талап еткен. Алматыға келген тергеушіге біреулер: «Дос Көшім жақсы аударма жасайды» – деген көрінеді. Мені іздеп тапты. Сөйтіп алты күн отырып, Талғат Нығматулиннің қалай өлгені туралы деректерді түгел аударып бердім. Сол жұмысым прокуратура мамандарының есінде қалыпты. Осылайша мені Желтоқсанға қатысушылардың сотына аудармашы ретінде шақыра бастады. Бармаймын деп айта алмайсың. Бас тартып көріп едім, қоймады. Ақырында келісіп, тергеушімен бірге түрмеде де аударма жасадым, 1987 жылы маусымда өткен Қайрат Рысқұлбековтің сотында тәржімашы болдым. Он шақты күн бойы жүрген сот отырысын ішінен көрдім.
Кейін бір жылдан соң, 1988 жылы саясатқа араласып «Социал демократиялық партия» құрдым. Сол кезде Сәбетқазы Ақатай «Азат», Хасен Қожахмет «Желтоқсан», Арон Атабек «Алаш» қозғалыстарын құрып, қоғамдағы желтоқсаншылардың әлеуметтік-саяси мәртебесін анықтауға күш салды. Олармен пікірлесе жүріп, желтоқсаншыларды жақыннан таныдым.
– Желтоқсанға баға беру әртүрлі сипат алып отыр. Қоғамда «оқиға» және «көтеріліс» деген сөздер айтылады. «Көтеріліс болуы үшін қарулы қарсылық болуы керек» деген уәжді алға тартады. Соның қайсысы дұрыс?
– Бұл бүкіл Кеңес одағында бұрын-соңды болмаған сипат алды. Алғашында көпшілік «Желтоқсан оқиғасы» деп атап жүрді. Арада біраз уақыт өткен соң бәріміз «Желтоқсан көтерілісі» деген баға бердік. Мен осыған қосыламын. Әрине, қарусыз болса да көтеріліс. Ішкі қарсылықтан туған көтерілу ғой. Атыс жоқ. Бірақ екі жақтың қырғын төбелесі жүрді. Қарусыз жастарға қарсы қолына резеңке, сапер күрегін ұстап, темір қалқанмен қорғанған әскер шықты.
Кеңес үкіметінің тұсында бәрін 15 адамнан құралған саяси бюро шешетін. Оған қарсы сөз айту мүлде болмайтын. Себебі, Сталиннің тұсында ату жазасы берілсе, аузын ашқандар Брежневтің тұсында сотталып кете баратын. Яғни, Кеңес одағының басшыларының шешіміне бүкіл бір республика ретінде, халық есебінде қарсы шығу мүлде болмаған. Тарихшылар 1954 жылғы Кеңгір түрмесінде орын алған амнистияға қатысты қарсылықты, 1962 жылғы бағаның өсуіне байланысты туындаған Новочеркасск толқуын айтар. Бірақ олардың ешқайсысы саяси-қоғамдық мән алмаған еді.
КСРО-ның 70 жылдық тарихында жастардың бүкілхалықтық деңгейде көтеріліске шығуы болмаған. Сондықтан оны өз басым «Көтеріліс» деп атаймын.
– Кейбір деректерде «Желтоқсанға 20 мың адам қатысты» деп айтылады. Шынында нақтысын ешкім білмейтін секілді. Википедия «10 мың студент шықты» дейді. Осыны анықтағандар бар ма?
– Аудармашы болып отырып көптеген мәліметке кезіктім. Соның көпшілігін өзім жақсы танитын журналист Марат Тоқашбаевқа беретінмін. Сондағы мәлімет бойынша бір Алматының өзінен 15 мыңдай адамның шыққаны айтылады. Басқа облыстарда, аудандарда шыққандар бар. Мысалы, Қарағанды, Шымкент, Талдықорған сынды қалаларда жастар көшеге шыққан. Тіпті, көршілес Қырғыз елінен шыққандарды әскерилер Қордайдан кейін қайтарып жіберген. Қысқасы, Алматының өзінде 15 мыңдай адам көтеріліске қатысқан. Оның 1 жарым мыңы түрлі жарақат алған. Бәрінің суреттері бар. Сол тұста құрылған комиссиялар анықтаған. Жарақаттардың басым бөлігі кесілген, жарылған. Соққыдан бас жарылып, қол сынған. Одан кейін оқудан шығарылғандар 1 мыңға жуық. 99 не 100 адам сотталған. Екі адам ату жазасына кесілген. Оның бірі Қайрат Рысқұлбеков, екіншісі Мырзағұл Әбдіқұлов. Мұның бәрі статистикалық дерек ретінде айтылады. Дегенмен әлі күнге айтылмайтын мәлімет жетеді. Мысалы, біздің 1-курстың 7 қызы милицияға ұсталып қалады. Онда да қоғамдық көлік жүрмей қалғандықтан автобустан түсіп, институтқа жаяулап бармақ болады. Алаңнан өтіп бара жатқанда қолға түскен қыздарды баяғы Сталиннің кезіндегідей үштік ұйым қудалады. Құрамында филология факультетінің деканы Елена Рубылина, институттың партия комитетінің төрағасы Калантай Каримовна және кәсіподақ жетекшісі бар үштік ұйым қыздарды милицияға ұсталғаны үшін ғана оқудан шығарды. Бойжеткен қыздардың милиция бекетінде қандай қысым көргені, зорланғаны есепке алынбады. Комиссияның қабылдауына кірген қыздардың бәрі 10 минуттан соң жылап шығып жатты.
Ұмытпасам, куратор Секеркүл Хасанованың тобындағы 7 қыз оқудан қуылды. Олардың бірін 5-6 күн, енді бірін 10 шақты күн қамауда ұстады. Ең сорақысы, солардың алыста жатқан туыстары, ата-аналары жазаланды. «Балаңа интернационалдық тәрбие бермегенсің!» деген желеумен жұмыстан қысқартылды, комсомолдан, партиядан шығарылды. Өйткені, жоғарыдан арнайы бұйрық түскен. Сол арқылы алыс ауылдың тұрғындары әлдебір студенттің отбасын қоғамдық талқыға салып, қудалаудан тайынбаған.
Демек, Желтоқсан көтерілісінің жалыны жараланған, сотталған адамдарды ғана емес шалғайдағы жұртшылықты да шарпыған. Яғни, көптеген адам жұмыстан қуылды. Ондай адамдардың еңбек кітапшасына: «Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін шығарылды» деген жазу түседі. Бітті, оны еш жерге жұмысқа алмайды. Олардың санын анықтау мүмкін емес. Көшеден өтіп бара жатып милицияның қолына түскендердің артынан жұмысына, оқуына хат жіберіліп, еңбек кітапшасына өмір бойына кедергі келтіретін сөздер жазылған.
Міне, осылайша Желтоқсанға жанама қатысы бар көптеген адамның өміріне қара күйе жағылды, балта шабылды. Себебі, кеңестік идеология мұны өзгелерге сабақ болсын деп істеді. Жаңағы мен айтқан 7 қыздың біреуін, онда да ең сұлуын милиция 10 күн бойы ұстаған. Оған не істеді, ешкім білмейді. Өзі де тіс жарып ештеңе айтпады. Сондықтан әлі де ашылмаған тағдырлар табылады.
Тағы бір айта кететін нәрсе – адам өлімі дер едім. Өйткені, біреулер Желтоқсан кезінде 7 адам қаза тапты десе, тағы біреулер 10 адам бақилық болғанын айтады. Енді біреулер Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаевты ғана алға тартады. Шындығында көптеген жас соққыға жығылып өлген. Бұл әлі күнге ашылмай тұр. Бір дерек бойынша ондайларды Райымбек көшесінің бойындағы мазарға көмген. «Онда еліміз тәуелсіздік алғанда ондай боздақтардың ата-анасы, ағайын-туысы неге іздемеді?» деген сұрақ туындайды. Кейіннен қауіпсіздік органдарының бір ардагері маған мынадай қызықты деректі келтірді. Оның айтуынша, Желтоқсанда қаза тапқан жастардың денесін облыс орталықтарындағы моргтерге таратқан. Арада біраз уақыт өткен соң туыстарына хабарласып: «Балаңыздың өлігі Қызылорданың мәйітханасынан табылды. Көлік қағып кеткен» – дейді. Ресми хабарламаға сенетін қазақы пейіл артық сұрақсыз балаларын өздері жерлеп отырған. Яғни, кеңестік режим өзінің қылмысын жасырудың жолын осылай тапқан.
КСРО тарағаннан кейін бұрынғы одақтас республикалардың бәрі Кеңес үкіметінің архивін ашты. Жалғыз Қазақстан мен Ресей ғана ашпай отыр. Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды толық ақтау жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде соңғы отырысына қатыстым. Сонда архивке кіру үшін арнайы рұқсат алдық. Бұл да бір ойланатын нәрсе.
– Енді сот отырысына келейік. Сол кезде айтылмаған шындыққа тоқталсақ. Судья кім еді, адвокаттар, прокурор ше? Қазір солардың есімі ұмытыла бастады. Соны бір еске алсақ.
– Судья Ефим Абрамович Грабарник. Қасында бір орыс, бір қазақ, екі заседатель болды. Алғашқы отырыс 1987 жылы 7 маусымда өтті. Сот залына жарықтар орнатып, телеарна журналистерін алдырып қойыпты. Бесеуін орнынан тұрғызған судья: «Сендер қылмыстарыңды мойындайсыңдар ма?» – деген сұрақ қойды. Бесеуі бірден: «Жоқ!», «Жоқ!», «Жоқ!», «Жоқ!», «Жоқ!» деп жауап берді. Жігіттерге тергеу кезінде бәрін күшпен мойындатқан. Енді соны түсіріп, жарты әлемге жариялайын деп дайындалған ғой. Сол арада фотографтар суретке түсіріп, операторлар бейнеге түсіріп жатқан. Кенет судья Грабарник үзіліс жариялады. Үзілістен кейін келсек, бірде-бір журналист жоқ. Сот қайтадан басталды.
Сотта жігіттердің орыс тілін білу деңгейі бірден көзге түсіп тұрды. Жамбыл Тайжұмаев әжептәуір біледі, өзі жауап беріп отырды. Ең нашар білетіні Түгелбай Тәшенов екен. Қайраттың да кейбір сөзін аударып тұрдым. Қайыргелді Күзембаев пен Ертай Көпесбаев өздері жауап қайтарып тұрды.
Кейін 1993 жылы «Сот» деген үлкен мақалам шықты. Сонда көп нәрсе айттым. Қайраттың әкесі мен анасы келіп, ризашылықтарын білдірді.
Қысқасы, сот жігіттерді толық кінәлі етіп шығаруға тырысты. Савицкийді өлтірген осылар дегенді дәлелдемек болды. Бірақ сотта қарама-қайшылықтар, куәлердің сөзіндегі ала-құлалық байқалып тұрды. Мысалы, тура сағат 11.00 кезінде Қайрат Рысқұлбеков «Қазақстан» қонақүйінің қасында жүрген. Оның дәлелдері анық көрсетілді. «Арада 15 минут уақыт өткен соң Желтоқсан көшесінің бойында Савицкийді ұрып өлтіруге қатысты» деп айыпталды. Бірақ екі аралық 10 шақырымға жуық. Автобус тежеліп, қалың адам қаптаған көшемен жүгіріп өткенде жету мүмкін емес. Алайда тергеушілер мен мемлекеттік айыптаушы бар кінәні Қайратқа жауып, кісі өлімі болған жерге жеткізді. Ондай қисынсыздықты бәрі көріп отыр. Және Түгелбай, Қайрат, Жамбыл, Қайыркелді төртеуі жабылып, Савицкийді ұрып өлтіргенін айтқан куәгерлердің бәрі орыс тілді азаматтар. Олар радио-телеарнаның жертөлесінен көрген-мыс. Екі ара кем дегенде 50 метр. Куәлерге күдіктілердің киген киімі тапсырмамен айтылғаны көрініп тұр. Себебі, арпалыс кезінде қандай киім кигеніне көңіл аудару мүмкін емес. Қысқасы, бәрі қолдан ұйымдастырылған сценарий бойынша жүрді. Соттың әділетсіз, жасанды өткені көзге ұрып тұрды.
Соттың соңғы отырысында Қайратқа өлім жазасы берілгені оқылды. Қалғандарына 15-14 жылдан берді. Жалғыз Ертай Көпесбаев 4 жылға кесілді. Сосын қалың әскер кіріп, туыстарын сыртқа күшпен шығарып жіберді. Есік алды у-шу, ештеңе естілмейді. Қоғамдық қорғаушылар, прокурор, 3 адвокат, екі заседателімен сот, мен, іште қалдық. Сот төрағасы сытылып шығып кетті де, қазақ заседатель қалды. Әлі есімде, қасына барып: «Аға, сіз неге қол қойдыңыз? Қолыңызды қанға малдыңыз ғой. Қол қоймай-ақ қоюыңыз керек еді. Бәрібір сот үкімі күшіне енеді. Өйткені, ана екеуінің даусы басым түседі. Есесіне өзіңіз ақ болып қалар едің. Неге қол қойдыңыз?» – дегенімде жасы қырықтан асқан адам: «2 сағат отырып қоймап едім, мыналар болмады ғой» – деп еңіреп жылап жіберді.
Тағы бір айта кететін нәрсе – Қайрат Рысқұлбеков өзінің қасында бірге жүрген достарын куә ретінде сотқа шақырды. Сонда судья келгендерге бірден: «Естеріңізде болсын, жаппай тәртіпсіздікке қатысқандарыңыз анықталса 10 жылға сотталасыздар!» – деп қорқытады. Аналар бірге болғанын растауға қорқып, жалтарады. Қайрат күйініп кетіп: «Ей, бірге болдық қой! Айтсаңшы!» – десе де үнсіз қалады. Әрине, оларды да түсінуге болады. Өкінішті, бірақ жан бағу керек.
Телеарнада инженер болып жұмыс істеген Савицкий қоғамдық тәртіп сақшысы ретінде қолындағы арматурасымен ашулы көптің қолына түсіп қалған. Қалың жігіт қоя ма, таптап өткен. Соған байланысты биліктің: «Савицкийді өлтіргендер қатаң жазалансын!» – деген тапсырмасын орындау үшін Қайрат Рысқұлбеков құрбандыққа шалынып кете барды.
Соттың алдында прокуратурада отырып, істі қазақшалауға қатыстым. Сонда бас тергеуші Дубаев деген кіріп келіп: «Рысқұлбековке ату жазасы, қалғандарына 15 жылдан!» – деп елірді. Соған қарап, бәрі алдын ала шешіліп қойғанын байқауға болады.
– Сонда Қайрат Рысқұлбеков жазасы 20 жылға ауыстырылғанын естімей кетті ме?
– Меніңше, естіген болуы керек. Бір колониядан екіншісіне ауыстыру кезінде этаппен өтіп бара жатып Семей түрмесіне түсірілген. Сонда Василенко деген рецидивистпен бірге қамалады. Таңертеңгісін майкісіне асылып өлді деген хабар тарайды. Арада біраз уақыт өткен соң әлгі қылмыскер өзінің өлтіргенін мойындады деген сөз шықты. Бірақ анық-қанығы белгісіз.
Соңғы отырыста Қайрат өлең оқыды. Сот төрағасы Грабарник: «Аударып бер», – деді. Мен: «Мұны аударуға болмайды. Бұл – ата-анасымен, туған-туысымен, туған жерімен қоштасуы бағытында жазылған», – дедім. Күзетіп тұрған әскердің басшысы менің сырттай бөлімде оқитын студентім еді. Соған: «Маған Қайраттың дәптерін әпер!» – деп өтіндім. Сөйтіп Қайраттың өлең жазылған қойын дәптерін алғызып, туған-туыстарына тапсырдым.
Қызығы, ел ішінде айтылып жүрген:
«Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
Еркек тоқты құрбандық,
Атам десең, атыңдар!» – деген өлеңін оқыды деген сөз мүлде өтірік.
Меніңше, мұны халқымыздың боздақ болған асыл ұлдарын аңызбен әспеттеп, биікке көтеруге талпынысы деп білу керек.
Айтатын нәрсе көп. Соның ішінде Желтоқсаншылардың әлеуметтік жағдайын түзету, денсаулығын тексерту, арнайы мәртебе беру секілді мәселелер ескерілсе деген тілек бар. Жаратқан Алла елімізді мұндай зобалаңнан, қиындықтан, ауыртпалықтан сақтасын!
– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет!
Әңгімелескен Мәди АЛЖАНБАЙ






