Жетісу өңірінде «Қазіргі жаһандану жағдайындағы ғылым мен білім берудің даму бағыттары» тақырыбында ғалымдармен кездесу өтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпарттық порталы.
Басқосудың негізгі мақсаты – қазақ тілі мен әдебиеті, тарих, математика, физика және география пәндері бойынша педагогтердің пәндік құзыреттіліктерін арттыру, ғылымның заманауи жетістіктерімен таныстыру және ғалымдармен тікелей пікір алмасуға мүмкіндік беру.
Шараны облыстық әдістемелік орталығы мен жалпы орта білім беру бөлімі ұйымдастырды. Кездесуге отандық және шетелдік беделді ғалымдар қатысып, білім беру саласындағы өзекті мәселелерді ортаға салды.
Атап айтқанда, Қазан федералды университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы И. Ғайсин, «Парасатты ұрпақ үшін» қоғамдық қорының президенті, бекмахановтанушы М. Калимолдин, философия ғылымдарының докторы, PhD, Абай ұлттық мектебінің аға оқытушысы М. Малик, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің профессоры, п.ғ.д. С. Сеитова, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің география және экология кафедрасының профессоры, г.ғ.д. Б. Абдиманапов және Жетісу университетінің жаратылыстану-техникалық факультетінің деканы, т.ғ.д., профессор Е. Андасбаев өз баяндамаларын ұсынып, педагогтердің сұрақтарына жауап берді.
Кездесу барысында қатысушылар ғылым мен білім берудің жаһандану жағдайындағы даму үрдістерін талқылап, тәжірибе алмасты. Педагогтер үшін бұл жиын кәсіби біліктілікті арттырумен қатар, ғылыми жаңалықтарды оқу үдерісіне енгізудің тиімді жолдарын саралауға зор мүмкіндік берді.





