Талдықорған қаласында электр энергетикалық жабдықтар шығаратын «DENK» ЖШС зауыты ресми түрде іске қосылды. KASIP сауда белгісімен өнім шығаратын кәсіпорын отандық тауар өндірушілер қатарынан ойып тұрып орын алды.
СТ KZ және индустриялық сертификаттарға ие жаңа зауыт өндірісте негізінен жергілікті шикізат қолданады. Импорттан тек елімізде әлі өндірілмейтін жекелеген пластик пен силикон түрлері ғана алынады.
Зауыттың ашылу салтанатына қатысқан Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл кәсіпорын ұжымын жаңа өндірістің іске қосылуымен құттықтап, мұндай жобалардың қаланың индустриялық дамуына, импортты алмастыру саясатын жүзеге асыруға және халықты жұмыспен қамтуға үлкен үлес қосатынын атап өтті. Сондай-ақ, әкім зауыттың алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын ашатынына сенім білдірді.
Кәсіпорынның коммерциялық директоры Елдос Мусагалиевтің айтуынша, бұл бағыттағы өнімдер бұрын ұзақ жылдар бойы Ресей мен Еуропадан тасымалданып келген.
– Біз бұл өнімдерді шамамен 20 жыл бойы сырттан алып келдік. Бір күні «неге өзіміз өндірмейміз?» деген сұрақ туды. Шетелдік тәжірибені зерттедік, технология қолжетімді екенін түсіндік. Осылайша KASIP бренді дүниеге келіп, Жетісу жерінде зауыт салу туралы шешім қабылдадық, – дейді ол.
Зауытқа салынған жеке инвестиция көлемі 1 млрд. теңгеден асады. Кәсіп-орынның басты тірегі инженер-конструкторлар әрбір өнімді эскизден бастап, 3D-модель, толық конструкторлық құжаттамаға дейін өздері әзірлейді. Кейін сызбалар өндірістік цехтарға жолданады.
Өндіріс желісінде әр қызметкердің өз міндеті бар. Мұнда дәнекерлеуші, ЧПУ станогының операторы, жинақтау учаскесінің мамандары еңбек етеді. Жас мамандарға да ерекше көңіл бөлінеді.
Қазіргі таңда зауытта 40-қа жуық адам жұмыс істейді. Олар – Талдықорған қаласы мен көршілес Қарабұлақ елді мекенінің тұрғындары. Кәсіпорында ішкі оқыту жүйесі жолға қойылған. Жаңа құрал-жабдықтар сатып алған кезде шетелдік мамандар келіп, қызметкерлерді тікелей өндіріс орнында оқытады.
Бүгінде кәсіпорын 100-ден астам өнім түрін шығарады. Алдағы уақытта қосымша өндірістік корпустар салу, өнім түрлерін көбейту және жаңа нарықтарға шығу жоспарлануда. Барлық өндірістік кезеңдер – жобалау, дайындау, жинақтау және сапаны бақылау бір ғимарат ішінде жүзеге асырылады.
Кәсіпорын алғашқы кезеңде «ТАЭТК» АҚ-мен тығыз әріптестік орнатқан. Қысқасы, зауыт импортты алмастырудың нақты нәтижесін көрсетіп отыр. Кеше ғана шетелден келген өнімдер бүгінде Талдықорғанда өндірілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Қазақстан үшін импортқа тәуелді салаларда отандық өндірісті дамыту аса маңызды. Талдықорғандағы бұл кәсіп- орын – сол саясаттың нақты жүзеге асып жатқанын дәлелдейтін мысал. Бүгінде жоспарланған жұмыстардың 70 пайызы іске асқан, қалғаны кезең-кезеңімен орындалады.
Қажет АНДАС





