«Жастар» спорт кешенінде өткен шараға балалар үйінің тәрбиеленушілері мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан бүлдіршіндер, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар, сондай-ақ, оқу, спорт және шығармашылық саласында жетістікке жеткен дарынды оқушылар қатысты. Оларға қазақ лиро-эпосындағы, заманауи мультфильмдердегі кейіпкерлер көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Заман талабына сай әрленген залда Саққұлақ, Желаяқ, Таусоғар сынды кейіпкерлер бабалар үнімен сабақтастыққа баураса, Смурфиктер, Өрмекші-адамдар, Дино батырлар уақыт үдерісіне бейімділікке үндеді. Өнерпаздардан жасақталған тайбурылдай тартынған жылқы мінген батырлар Ұлы Дала тарихынан сыр ақтарды.
– Жаңа жыл – асыға күтетін, ғажайыптарға толы ерекше мереке. Осы қуанышқа орай ел Президенті Қасым-Жомарт Кемел-ұлы Тоқаевтың атынан Жетісу облысының балаларына арналған Шырша мерекесі ұйымдастырылып отыр. Президент шыршасына өңіріміздің әр аудан, қаласынан үлгілі, тәртіпті, дарынды балалар шақырылады. Балаларымыз оқуда, өнерде, спортта жаңа жетістіктерге жетсін! Әрбір бала ата-анасы мен ұстаздарын қуантып, зерделі де зерек, білімді де ақылды, ел мақтанар азаматы болсын! Жаңа жылда барлық арман-тілек орындалсын, – деді облыс әкімі.
Мерекелік кеште аймақ басшысына алғысын жеткізген балалар да болды. «Айналайын» орталығының тәрбиеленушісі Рүстем Қалибеков осындай салтанатты шараға қатысқаны үшін ризашылығын жеткізді.
– 6-сынып оқушысымын. Ғажайыпқа толы жаңажылдық кешті сағына күттім. Көптің арасынан дараланып, Президентіміздің шыршасына қатысып отырмын. Облыс әкімімен қол ұстасып, ән айттық. Сол үшін бақыттымын. Ағаларымыздай елім үшін еңбек етуге тырысамын. Осындай қуаныш сыйлаған ағаларға алғыс, – деді Р. Қалибеков.
– Жетіжал ауылының Жетіжал орта мектебінің 5-сынып оқушысымын. Бүгінгі мерекеге қуана-қуана келдім. Аяз атамен, Ақшақармен, түрлі ертегі кейіпкерлерімен бірге ән айтып, билеп, ойын ойнап, жаңа жылды көтеріңкі көңіл-күймен тойладық. Барша жұртты мерекемен құттықтаймын, – деді Айзере Базарбекқызы.
Шара соңында жерұйық мекеннің бүлдіршіндеріне мерекелік сый тарту етілді.
Дастанбек САДЫҚ





