Өткен жылы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша облыста үздік аудан атанған Панфилов ауданында биыл да ауыз толтырып айтарлықтай табысты, серпінді істер жүз берді. Жыл қорытындысына сәйкес негізгі экономикалық көрсеткіштер артығымен орындалды.
Ауыл шаруашылығында 59,6 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 100,3%, өнеркәсіп саласының өнімі 31,8 млрд. теңгені құрап, 110,3%, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 55,5 млрд. теңгеге жетіп, 129,1%, 32,5 млрд. теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылып, 131,8%, 84,9 шаршы метр тұрғын үйлер іске қосылып, 116,5%, көтерме сауда айналымы 251,8 млрд. теңгеге жетіп, 117,5%, бөлшек сауда айналымы 68,9 млрд. теңгені алқымдап, 106,1%, сөйтіп, алдын ала жасалған жоспарлы болжамдар толық іске асты.
Ауыл шаруашылығы саласында жалпы егіс алқабы 41978 гектарды құрады, оның ішінде жүгері 23100 гектар, картоп 720 гектар, майлы дақылдар 464 гектар, көкөніс 554 гектар, бақша 134 гектар, көпжылдық шөп 16150 гектар алқапқа егілді. Бұдан басқа 2170,4 гектар бау-бақша өсірілді. Жалпы 187,9 мың тонна дәнді дақыл жиналды, оның ішінде жүгері дәні 182,5 мың тоннаны құрады, картоп 13,3 мың тонна, көкөніс 17,3 мың тонна, жеміс-жидек 15,4 мың тонна өндірілді. Сонымен бірге 334,2 мың тонна мал азығын жинау жоспарланған. Оның ішінде нақты топталғаны 204,5 мың тонна шөп, 14,0 мың тонна пішендеме, 26,5 мың тонна сүрлем, 35,8 мың тонна сабан, 53,4 мың тонна жем мал қыстату мен көктемгі төл алу науқанына әзірленді.
Бүгінде мал азығы жоспарға сәйкес толық жиналып, 80%-ы қыстауларға жеткізілді. Аудан аумағында 470 мал қыстайтын қоралар сала мамандарының есебіне алынған. Өсімдік шаруашылығында өндірілген көкөніс және жеміс өнімдерін сақтауға арналған жалпы сыйымдылығы 8460 тонна болатын 8 қойма бар. Осы қоймаларға жиналып, сақталған көкөністер мен жеміс өнімдері қыс маусымында базардағы бағаны тым шарықтатпауға сеп болмақ.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы 3237 гектарды құрайтын пайдаланылмаған 29 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды. Қайтарған жерлерді жаңа қожалықтар құру мен жер көлемі жеткіліксіз ЖШҚ арқылы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөнінде 5 рет конкурс өткізіліп, жалпы ауданы 14246 гектарды құрайтын 148 жер учаскесі талапкерлердің тұрғылықты округтері бойынша үлестірілді. Мұның сыртында инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында жалпы ауданы 261,6 гектар 3 жер телімі кәсіпкерлерге берілді.
Жыл басынан бері қожалықтар лизинг бойынша жалпы құны 172,4 млн. теңгеге 8 трактор сатып алды. Жалпы науқанға қатысатын техникалардың 80%-ға жуығы соңғы 5 жылдан аса уақытта шетелдік қолайлы техникалармен алмастырылған. Олардың қатарында жүгері дәнін алқаптан бірден уатып жинайтын Американың 33 «Джон дир» комбайндары бар. Соңғы жылдары тиімді су үнемдеу технологиясын 16 шаруашылық қолданып келеді. Тамшылатып, жаңбырлатып суарылатын алқаптардың жалпы көлемі 3169 гектарды құрайды. Бұл облыстағы жаңа технологияға ауысқан жалпы шаруашылықтар көрсеткішінің жартысына жуығы. Биыл «КөкталАгро» ЖШС 980 млн. теңгеге 1038 гектар егістік алқабына тамшылатып суару жүйелерін енгізді.
«Айгерім» ЖШҚ егіс алқабына тамшылатып суару технологиясын енгізудің нәтижесінде жүгері өнімділігін 2 есе арттырды. Ол соңғы 2 жыл ішінде 156 гектар жерге тұрақты ылғал сақтау технологиясын енгізіп, оған жалпы сомасы 270 млн. теңге инвестиция құйған. Бұған дейін жүгерінің әр гектарынан 70 центнерден өнім алса, тамшылатып суаруды қолданудың нәтижесінде гектар сайын 150 центнерге дейін өнім алуда. Осы қожалық басшысы Ұлан Сарпековтың айтуынша, ол жүгері өсірумен 11 жылдан бері айналысады.
– Қожалықта мал азығы мен тұқымға арналған және попкорн жүгерісін өсіреміз. Жүгері өсіруде ылғал сақтау технологиясын енгізудің маңызы зор. Алдымен 55 гектарға тамшылатып суару жүйесін енгізіп, әр гектарынан 150 центнерге дейін өнім жинадық. Биыл тағы 101 гектарға осындай құрылғылар қойдық. Бұл ретте су үнемдеу технологиясын орнатуға жұмсалған шығынның бір бөлігі мемлекеттен субсидияланатыны бізге біраз көмек болды, – дейді Ұлан Нәбиұлы.
Тамшылатып суарудың қытайлық технологиясын алматылық «Ирригатор Казахстан» ЖШС орнатқан және осы компания жүйенің дұрыс жұмыс істеуіне тиісті сүйемелдеу жасап келеді. Компания мамандары су сорғы стансысында қалай жұмыс істеу керектігін шаруашылықтағы 2 жұмысшыға арнайы үйретті.
Соңғы жылдары құрғақшылық, су тапшылығы, шаруашылықтар мен қожалықтардың көбеюінен су бөлуде мәселелер туындап, егіншілер қажетті мөлшерде суару жұмысын атқара алмай жүр. Мұны су шаруашылығы қызметкерлері қожалықтарға берілген су мен уақытты тиімді пайдалануды реттеу арқылы ғана жолға қойып келеді. Алайда жыл өткен сайын бұрынғы су жолдары тозып, жарамсыздана бастады. Соның салдарынан тауқыметтер туындап отыр. Бұған биылғы жаз маусымындағы құрғақшылықтан өзендердегі су мөлшерінің төмендеп кетуі де кері әсерін тигізуде.
Жаркент өңірінде алдағы 3 жылда Өсек, Тышқан және Қорғас өзені бойында 3 ірі су қоймасы салынбақ. Бұл егістік алқабын сумен қамтамасыз етуді түбегейлі шешпек. Ол су тапшылығы салдарынан жылдан жалға кеми бастаған суармалы егістік алқаптарын қайта қалпына келтірумен қатар, егін егетін жаңа жерлер ашып, бұрынғы игеріліп жүрген жерлерге жаңа алқап қосуға және дақылдар өнімділігін жоғарылатуға мүмкіндік береді. Биыл жалпы сыйымдылығы 35 млн. текше метрді қамтитын 3 су қоймасын салуға жобалау жұмысын жүргізу үшін 67,7 млн. теңге бөлініп, тиісті құжат әзірленді. Осы 3 су қоймасы салынса, бұрынғы пайдаланылып келген 41 мың гектардан аса алқапқа қосымша 7,8 мың гектар егістік жер айналымға қосылмақ.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы





