2025 жыл еліміз үшін маңызды құқықтық реформалар жылы болды. Салық, құрылыс, банк жүйесі және жасанды интеллект салаларында қабылданған жаңа заңдар алдағы уақытта әрбір қазақстандықтың өміріне тікелей әсер етеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Жаңа ережелердің мәнін қарапайым тілмен түсіндіріп көрейік.
Жасанды интеллект бақылауға алынды
Қазақстан әлемде бірінші болып жасанды интеллектіні (ЖИ) жеке заңмен реттей бастады. Бұл технологияны пайдалануға тыйым салынбайды, бірақ нақты «қызыл сызықтар» белгіленді:
-
Анықтама: ЖИ арқылы жасалған кез келген сурет, видео немесе аудио міндетті түрде таңбалануы тиіс.
-
Қауіпсіздік: Адамның санасына әсер етіп, манипуляция жасайтын алгоритмдерге тыйым салынды.
-
Авторлық құқық: Тек ЖИ-дің өзі жасаған дүниелер авторлық құқықпен қорғалмайды, бірақ адам берген нақты тапсырмалар (промпттар) авторлық нысан болуы мүмкін.
Салық кодексі: Не өзгереді?
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексі бизнес пен халық үшін бірқатар жаңалықтар әкеледі:
-
Қосылған құн салығы (ҚҚС): Салық мөлшерлемесі 12-ден 16 пайызға дейін көтерілді.
-
Байларға арналған салық: Жылдық табысы 8500 АЕК-тен (шамамен 34 млн теңге) асатын азаматтар үшін жеке табыс салығы 15 пайыз болып белгіленді.
-
Көлік салығы: 10 жылдан асқан ескі автокөліктер үшін салық мөлшері төмендейді.
Құрылыс саласындағы тәртіп
Екі жыл бойы талқыланған Құрылыс кодексі ақыры қабылданды. Енді үй салуда қауіпсіздік бірінші орынға қойылады:
-
Кепілдік: Үйдің іргетасы мен қабырғаларына берілетін кепілдік мерзімі 10 жылға дейін ұзартылды.
-
Әлеуметтік нысандар: Жанында мектебі, балабақшасы немесе ауруханасы жоқ тұрғын үй кешендерін салуға рұқсат берілмейді.
-
Сейсмикалық қауіпсіздік: Алматы сияқты таулы аймақтарда қауіпті жерлерге үй салуға қатаң тыйым салынды.
Банктер және несие
Банк саласындағы реформалар халықты қарыз батпағынан қорғауға бағытталған. Мошенниктердің жолын кесу үшін биометриялық растаусыз онлайн несие алу мүмкін болмайды. Сондай-ақ, төтенше жағдайдан зардап шеккендердің картасындағы ақшаны арестке қоюға тыйым салынды.
Бұл өзгерістер экономиканы сауықтырып, азаматтардың құқығын қорғауды көздейді. Реформалардың нақты нәтижесін 2026 жылы сезіне бастаймыз.





