Қазіргі қоғамда білімді жастың жолы жарқын деп бір сөзбен айта аламыз ба? Қолында дипломы бар, жұмысы жоқ мамандар жеткілікті, осыған орай білімді жастар неліктен жұмысқа мұқтаж немесе оқыған-тоқығаны мол білікті маман не үшін шет- елде қалып қалуда деп ойланатынымыз жасырын емес. Қоғамдағы осы бір өзекті тақырыпты бірге талқылап, қаламыздағы жұмыспен қамтамасыз ету мекемесінің деректеріне көз жүгіртіп көрейік.
Жас мамандардың жұмыссыздық мәселесі қазіргі қоғамда маңызды орын алатын тақырыптардың біріне айналған. Әсіресе, жоғары білім алған жастардың жұмыс таба алмауы, олардың потенциалын толық жүзеге асыру мүмкіндігіне қол жеткізбеуі қоғамның дамуына кері әсерін тигізуі мүмкін. Жалпы соңғы жылдардағы жас және жұмыссыз мамандар туралы нақты статистикалық деректер әлі жарияланбаған. Дегенмен, жергілікті атқарушы билік өкілдері «жас мамандардың жұмыссыздық деңгейі төмендеуде» дейді. Оның себебін «Дипломмен ауылға», «Қоғамдық жұмыстарға орналастыру», «Жастар практикасы» сияқты жобалар мен бірегей бағдарламалардың нәтижесінен деп түсіндіреді.
Аталған жобаларды алға тартқанымен оның да көп жасқа жол ашып жатқаны шамалы. Мәселен, білімді, пісіп тұрған маман не себепті ауылдық өңірлерде, қоғамдық жұмыстарда немесе практиканың айналасында ғана өзін жетілдіруі керек? Бәріне көндігіп, толыққанды маман болып қалыптасайын деген азаматтың алдынан шығатын кедергілер де баршылық. Мәселен, «Жастар практикасы» көбіне жастардың қоғамдық жұмыстарға қатысуына, тәжірибе алуына мүмкіндік бергенімен, бірақ оларды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етпейді. Бұл мәселелерді шешу үшін жұмыс берушілер мен мемлекеттік органдар арасындағы байланыс нығайып, жас мамандарды қабылдайтын жұмыс орындарын көбейту керек деген ойдамыз.
Бүгінде білімді жастар көп болғанымен оларға лайықты жұмыс орындары жеткіліксіз. Мысалы, өңірімізде ошағы бар, басқармасы жоқ саланың бірі – туризм. Рас, Жетісу табиғаты бай, мақпал даласы манатқа малынған жазиралы өңір. Тауы биік, суы мол, әлем елдерін таңдандырар тұмса табиғаты ғажап осы жерде неліктен туризм саласын қолға алып, инвестиция құйып, өрісін кеңейтпеске? Ал туризм дамыса сала мамандары да дипломмен жұмыс істер еді ғой. Сол секілді, агроном, архитектор, кондитер, слесарь, құқық қорғау саласы, инженер, IT саласы сынды мамандар көп болғанымен бұларға жұмыс орны табыла бермейді. Аталған мамандық иелері үшін дипломмен жұмыс ұтымды емес, себебі, бұларға қызмет ұсынар мекемелердің саны да санаулы.
Біз осы орайда «Талдықорған қаласының мансап орталығы» филиалындағы мамандармен тілдесіп көрдік. Олардың айтуынша, орталыққа өтініш қалдырған мекемелерден жұмыс беруші тараптың ұсынатын вакансия көп болып шықты. Дегенмен, оның жартысынан көбі оқу, тоқуды қажет етпейтін жұмыстар болса, кейбір маман иесіне 85-150 мың шамасында ғана жалақы ұсынады екен. Ал мұндай жұмысқа көп азамат қызметінің жоқтығынан, тәжірибе аздығынан ғана келісетін көрінеді. Осылайша, дипломы бар дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, автокөлік жүргізушісі, архитектор қыздар тәрбиешінің көмекшісі, мейірбикелер вахтер болып амалдайтынын айта кеткен жөн.
Мамандық пен жұмыссыздар туралы сөз қозғалғанда міндетті түрде білімін шетелде жетілдіріп, сол елде қалып қалғандар туралы да ойға шомамыз. Шетелде білім алған мамандар елге қайтып келгеннің өзінде біліміне лайықты жұмысқа орналаса ала ма? Еліміздегі кейбір салаларда кәсіби дамуға арналған ресурстар мен мүмкіндік аз. Сондықтан, көптеген жас өз білімдері мен қабілеттерін толықтай пайдалану үшін шетелде қалуды жөн көреді. Осылайша, біз Қайрат Келімбетов (венчурлық инвестор), Аян Нұртас (журналист, зерттеуші), Айгүл Әлібекова (халықаралық құқық бойынша заңгер), Нұржан Құдайбергенов (технологиялық кәсіпкер) сияқты көптеген білімді маман иелерінен айырылып қалудамыз. Осыларды салыстыра келе біз өз еліміздің білімді мамандарының білігін арттыратын, оларды сапалы жұмыспен қамтамасыз ететін мәселенің жолын айрықша қарастыруымыз керек деп ойлаймыз. «Екі қолға бір күрек» деп емес, жастарға мүмкіндік берудің алғышартын жасауға тиіспіз. Сонда ғана ақсап тұрған салалардың тамырына қан жүгіріп, ел азаматтары біліміне сай қарекет ететін күнге жетпек…
Айсұлу ТОҚТАҒАН
І. Жансүгіров атындағы ЖУ-дің 4-курс студенті
Фото: press-center.news





