Бүгінгі таңда депозит – қарапайым әрі тиімді қаржы құралы ретінде көпшіліктің таңдауына айналып келеді. Банкте жиналып жатқан қаражаттың табыс әкелуі салымшылар үшін үлкен көмек. Өйткені, ақшаны қолма-қол сақтағаннан гөрі банкке салып, пайыз алу әлдеқайда тиімді. Депозиттің негізгі пайдасы да жинақтан қосымша табыс табуымен ерекшеленеді. Әсіресе, жоғары мөлшерлеме жағдайында салымшылардың ақшасы едәуір артып, отбасылық бюджетке оң әсерін тигізеді. Бұл зейнеткерлерге, бюджеттік сала қызметкерлеріне және тұрақты табысы бар азаматтарға тиімді.
Айта кетейік, Ұлттық банктің дерегінше, осыдан 21 жыл бұрын, 2005 жылы республикада жеке тұлғалардың салымдары үшін ұсынатын банктердің ең жоғары мөлшерлемесі – 9,9% болыпты.
Ал 11 жыл бұрын, 2015 жылы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының директорлар кеңесінің шешімімен екінші деңгейлі банктерге жеке тұлғалардың депозиттері бойынша берілетін сыйақының ең жоғары мөлшерлемесін жылдық 14%-дан асыруға тыйым салынды.
Ал былтырғы желтоқсан айының соңында депозит нарығының барлық негізгі сегментінде мөлшерлемелердің өсуі тіркелді. Ең көп өсуді жинақ депозиттері көрсетті, олардың көлемі жыл басынан бері 51,65 пайызға ұлғайды, ал толықтыру құқығынсыз салымдар бойынша ең жоғары мөлшерлеме 20,5 пайызға дейін жетті. Мөлшерлемелердің көтерілуі екі толқында жүрді. Олар ҚР Ұлттық банкінің базалық мөлшерлемесінің 18 пайызға дейін ұлғаюынан кейін наурыз-сәуір және қазан-желтоқсан айларында болды. ҚР Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтергеннен кейін екінші деңгейлі банктер де депозиттік өнімдер бойынша пайыздарды көтере бастады.
Мамандардың айтуынша, соңғы уақытта депозиттік мөлшерлемелердің өсуі – нарықтағы объективті үдеріс. Бұл, ең алдымен, инфляциялық тәуекелдер мен Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесіне байланысты. Жоғары мөлшерлеме халықтың жинағын сақтап қана қоймай, оның нақты құнын қорғауға мүмкіндік береді. Қазіргі жағдайда депозит – ең сенімді әрі қолжетімді қаржы құралдарының біріне айналуда. Салымшылар үшін бұл ұзақмерзімді қаржылық жоспар құруға жақсы мүмкіндік береді.
Сөйтіп, бұрын 10-12 пайызбен ғана шектелген салымдар бүгінде анағұрлым жоғары кіріс әкелуге жағдай жасап отыр. Нәтижесінде соңғы кездері екінші деңгейлі банктер депозиттік мөлшерлемелерді 18-20 пайызға дейін көтеріп, салымшылар үшін жаңа мүмкіндіктер ұсынуда. Бұл үдеріс қоғамда түрлі пікір тудырып, қарапайым халық үшін оның қандай пайдасы бар деген сұрақ туындады. Ал, біз мұны инфляциядан қорғанудың бір жолы деп түсінеміз. Инфляция – кез келген жинақ үшін басты қауіп.
Бағаның өсуі – ақшаның құнын төмендетіп, халықтың сатып алу қабілетін әлсірететіні белгілі. Яғни, банкке салынған қаражат инфляцияның теріс әсерін ішінара болса да өтеп, жинақтың нақты құнын сақтауға көмектеседі. Бұл – қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етудің бір тетігі. Ал депозиттік мөлшерлеменің көтерілуі осы тәуекелді азайтып, жинақтың нақты құнын сақтауға септігін тигізеді. Жоғары депозиттік мөлшерлеме банктерге деген сенімді күшейтіп, елдегі қаржы жағдайының тұрақтылығына оң әсер етеді.
Нәтижесінде халық қолындағы қаражатын банк жүйесіне бағыттай бастайды, ал бұл өз кезегінде қаржы айналымының ашықтығын арттырады. Сондай-ақ, көлеңкелі айналым азайып, қаржы секторының тұрақтылығы нығаяды. Жоғары депозиттік мөлшерлеме азаматтарды жинақтауға ынталандырып, көлеңкелі айналымды азайтады. Нәтижесінде банк секторы нығайып, экономиканың дамуына серпін береді. Осының әсерімен соңғы жылдары көпшіліктің ақша жинау мәдениеті қалыптасқанын аңғаруға болады.
Салым мөлшерлемесінің өсуі тұрғындарды ақшаны артық жұмсаудан гөрі жинақтауға ынталандырады. Бұған қоса, оларды ұзақ- мерзімді жоспар құрып, баспана алу, білім беру немесе болашаққа қор жинау, кәсіп ашу сияқты мақсаттарға қаражат жинауға бағыттайды. Бұл қоғамда қаржылық сауаттылық пен жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді.
Сондай-ақ, бұл ұлттық валютаны қолдау тетігі саналады.
Яғни, теңгемен ашылған депозиттер ұлттық валютаның тұрақтылығына оң әсер береді. Долларлану деңгейі төмендеп, ішкі нарықта теңгенің рөлі артады. Бұл жалпы экономикалық тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі.
Десек те «Таяқтың екі ұшы бар». Депозит мөлшерлемесінің көтерілуі несие өнімдерінің де қымбаттауына әкелуі мүмкін. Яғни, жинақ салушылар үшін бұл тиімді болғанымен, несие алатын азаматтарға белгілі бір қиындық туғызуы ықтимал. Сондықтан қаржы құралдарын таңдау кезінде әрбір азамат өз мүмкіндігін таразылап, саналы шешім қабылдауы тиіс.
Қор салымшыларға депозит таңдағанда тек жоғары пайызға емес, шарттарына, қаражатты мерзімінен бұрын алу мүмкіндігіне және банктің тұрақтылығына назар аударуға кеңес береді.
Кепілдендірілген өтемақы көлемі теңгедегі жинақ депозиттері бойынша 20 млн. теңгеге дейін, өзге теңгелік салымдарда 10 млн. теңгеге дейін белгіленіп отыр.
Салымшылар
не дейді?
Ардақ Орынбасарова, зейнеткер:
– Соңғы жылдары депозит мөлшерлемесінің өскені біз сияқты қарапайым адамдар үшін өте пайдалы болды. Бұрын жинаған ақшамыз инфляцияға ілесе алмайтын. Қазір банкке салып, аз да болса қосымша табыс тауып отырмыз. Бұл – отбасылық бюджетке үлкен көмек.
Айдос Қанағатов, бюджеттік сала қызметкері:
– Артық қаражатты қолма-қол ұстап отырғаннан гөрі депозитке салған тиімді екенін түсіндім. Жоғары пайыз табыс әкеліп қана қоймай, ақшаның құнын сақтауға мүмкіндік береді. Қазір халықтың басым бөлігінде жинақтау мәдениеті қалыптасып келеді деп ойлаймын. Депозитке салынған ақша сақталып қана қоймай, өседі.
Бақытгүл Жаппарова, жас кәсіпкер:
– Қазір өз ісіммен айналысамын. Осыған дейін табысымның бәрін жұмсап тастайтын едім. Соңғы кездері банктердегі мөлшерлеменің өскенін көріп, қаражатымның бір бөлігін депозитке сала бастадым. Таяуда сәл де болса қаражатымның өскенін көріп қатты қуандым. Осылайша, ақша жинауға үйреніп келемін.
Қорыта айтқанда, депозит – халық үшін сенімді қаржы құралы. Ол жинақтан түсетін табысты арттырып қана қоймай, инфляциядан қорғануға, қаржы жүйесіне сенімді нығайтуға және ұлттық валютаны қолдауға ықпал етеді. Ең бастысы, бұл үдеріс қоғамда жинақ мәдениетін қалыптастырып, қаржылық тұрақтылықтың берік негізін қалайды.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





