Жыл басында қолға алған алғашқы кітабым философия саласының қыр-сырына терең бойлап жүрген, бір жағынан курстасым, бір жағынан бауырымдай болып кеткен жазушы Қанат Алтынбектің «Біртұтас Алатау аспаны» атты еңбегі болды.
Бұл зерттеудің негізгі нысаны – қазақ пен қырғыз әдебиеттерінің тарихи әрі рухани бастаулары. Ежелден ұлан-ғайыр, киелі Дешті Қыпшақ даласын мекен еткен, тілі мен ділі, діні мен тағдыры ортақ қазақ-қырғыз халықтарының рухани сабақтастығы терең сараланған. Автор қос халықтың әдеби-мәдени байланыстарын жүйелі түрде талдап, тарихи деректер мен көркем ойды ұштастыра отырып, мазмұны бай, құрылымы тұтас, ғылыми деңгейі жоғары зерттеу ұсына білген.
Зерттеудің стиль тезі ерекше. Жалпы, Қанат бауырымның бұрын жарық көрген әңгімелерінен-ақ оның айрықша суреткерлік қуаты анық аңғарылатын. Ал бұл жолы зерттеу еңбегіндегі баяндау сол көркемдік мүмкіндікті ғылыми оймен шебер ұштастырып, шынайы әрі ұтымды стильге ие болғанын көрсетеді.
Авторлық баяндау бір сәтке де оқырманды жалықтырмай, ойды жетелеп отырады. Талдау барысында ғылыми дәлдік пен көркем тіл шебер үйлесім тапқан.
Еңбектің бастау көзі қазақ пен қырғыз халық әдебиеттеріне ортақ рухани арналардан, ең алдымен қырғыз ауыз әдебиетінің асқар шыңы саналатын «Манас» батырлық эпосынан өрбиді. Көлемі жағынан Гомердің «Илиадасы» мен «Одиссеясын» қоса алғанның өзінде одан жиырма есе, ал үнді халқының «Махабхарата» эпосынан екі есе асып түсетін «Манас» – тек қырғыз жұртының ғана емес, бүкіл түркі дүниесінің баға жетпес рухани мұрасы. Бұл ұлы эпос қазақ тарихымен де терең әрі ажырамас байланыста дамыған.
Манастану ғылымының қалыптасуы XIX ғасырда өмір сүрген қазақтың көрнекті ғалымы Шоқан Уәлихановтың есімімен тығыз сабақтас. Ол эпостың ең көркем әрі мазмұндық тұрғыдан салмақты бөліктерінің бірі – «Көкетай ханның ертегісін» алғаш рет қағазға түсіріп, ғылыми айналымға қосты. Дәл осы кезеңнен бастап Қанат Алтынбек өз зерттеуінде манастану ғылымының даму жолын, әсіресе қазақ ғалымдарының бұл салаға қосқан үлесін кең ауқымда, терең әрі объективті түрде талдап көрсетеді.
Оған қоса еңбекте екі халыққа ортақ асыл қазына – айтыс өнеріне арналған тарау айрықша қызығушылық тудырады. Автор бұл бөлімде айтысты тек поэтикалық жарыс ретінде ғана емес, қазақ пен қырғыз арасындағы рухани сабақтастықтың, сөз мәдениетінің және тарихи жадтың көрінісі ретінде қарастырады.
Қазақ пен қырғыз ақындары арасындағы ең әйгілі, аңызға айналған Сүйінбай мен Қатаған айтысының қалай өткені жөнінде ұзақ уақыт бойы нақты әрі жүйелі деректер жетіспей келгені белгілі. Ауызша таралған нұсқалар мен біржақты пайымдар бұл айтыстың шынайы болмысын толық ашып бере алмады. Осы олқылықтың орнын толтыруды мақсат еткен Қанат Алтынбек «Алатау шыңдарында өрбіген аңыз айтыс» атты тарауында белгілі әдебиеттанушы, зерттеуші Әбдікерім Мұратовтың ғылыми еңбектеріне сүйене отырып, айтыстың тарихи, әлеуметтік және көркемдік қырларын жан-жақты талдайды. Зерттеу барысында автор Сүйінбай мен Қатағанның айтысын аңыздық сипаттан аршып, нақты тарихи оқиға ретінде қарастырады. Яғни әйгілі айтыстың зерттелуін бір ізділікке салады. Айтыстың өткен уақыты, өткен ортасы, екі ақынның әлеуметтік мәртебесі мен шығармашылық болмысы кеңінен ашылып, бұрын көмескі күйде қалған жайттар ғылыми тұрғыда дәлелденеді. Осы арқылы Қанат Алтынбек аталмыш айтыстың қазақ-қырғыз әдеби байланыстарындағы маңызын айқындап, айтыс өнерінің қос халыққа ортақ рухани мұра екендігін терең пайыммен көрсетеді.
Зерттеудің тағы бір айрықша әрі мазмұны терең бөлімі қазақтың домбырасы мен қырғыздың ұлттық аспабы қомузға арналуы арқылы ерекшеленеді. Автор бұл тарауда қос халықтың саз мәдениетін тек музыкалық құралдар тұрғысынан ғана емес, рухани-мәдени дүниетанымның, тарихи жадтың көрінісі ретінде қарастырады. Осы арнада атақты қырғыз ақыны, әнші әрі қомызшы Тоқтағұл Сатылғановтың өмір жолы мен шығармашылық мұрасына кеңінен тоқталып, оның өнері мен азаматтық болмысын жан-жақты ашады.
Қырғыз халқының көрнекті ақыны Тоқтағұлдың қазақ халқына арналған арнау өлеңдері ерекше назар аударарлық. Бұл жырлардан екі ел арасындағы бауырластық сезім, ортақ тағдыр мен рухани жақындық айқын сезіледі. Әсіресе, «Казак жериндеги ыр» атты көлемді толғау зерттеудің өзекті нүктесіне айналады. Қанат Алтынбек бұл туындыны тарихи, әдеби әрі идеялық тұрғыдан терең зерделей отырып, оның кездейсоқ көңіл күйден туған жыр емес екендігін дәлелдейді.
Автордың пайымдауынша, «Казак жериндеги ыр» – Тоқтағұлдың азаматтық үнін, елдік санасын, рухани беріктігін танытатын аса құнды шығарма. Бұл толғау арқылы белгілі бір тарихи кезеңнің суреті ғана емес, қазақ пен қырғыз халықтарының ғасырлар бойы жалғасқан бауырластығы мен рухани үндестігінің көркем шежіресі көрініс табады.
Зерттеу барысында автор жырдың қазақ тіліндегі мазмұнын толық келтіріп, оның ішкі драмасын, идеялық салмағын ашады. Тағдыр тәлкегіне ұшырап, Сібірге – итжеккенге айдалған ақынның жан күйзелісі, ішкі қайғысы мен үмітке толы болмысы бұл жырда аса әсерлі, суреткерлік қуаты жоғары деңгейде бейнеленген. Ақын өзін бүкіл азапты бастан кешкен хәлін сипаттай: «Уа, бауырлас қазақ елі! Мен – Тентек Тоқтоғұл емеспін, мен – тағдыры тозаққа түскен, азаптан қажыған, үмітін үзбеген жұртыңның бір жылаған үні едім»; «Уа, қазақ бауырым! Қара ормандай халқым! Мен сенен жәрдем емес, жанашырлық күтем. Сырымды тыңдашы, шерімді бөлісші!» — деп күңіренеді. Келтірілген бұл жолдар тек Тоқтоғұлдың жеке мұңын ғана емес, рухани жақындықтың терең символын көрсетеді.
Зерттеудің өзге тараулары қазақ-қырғыз әдеби байланыстарына арналады. Бұл бөлімдерде автор қазақтың бас ақыны, хәкім Абай шығармаларының қырғыз тілінде алғаш рет жариялану тарихы жан-жақты сөз етеді. Абай өлеңдерінің терең ойы мен көркемдік қуатын айрықша бағалаған қырғыз халқы оны данышпан ойшыл ретінде танып, өз рухани дүниесінің темірқазығына айналдырғаны нақты деректер арқылы көрсетіледі. Сонымен қатар зерттеуде келтірілген белгілі қырғыз жазушысы Аалы Тоқамбаевтың: «Абайдың аудармаларын пайдалану арқылы қырғыз жазушылары өз әдебиетіндегі тәржіманың жаңа үрдісін қалыптастырады» деген пікірі хәкім Абай тұлғасының рухани әрі әдеби ықпалының ауқымын айқын аңғартады.
Бұған қоса автор ұлы Абаймен қатар халық поэзиясының жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың қырғыз халқының рухани кеңістігіндегі айрықша орнына да арнайы тоқталады. Зерттеудің бұл бөлімінде Жамбыл шығармашылығының қырғыз жұртшылығына кеңінен танылу жолдары сараланып, ақынның 1938 жылы қырғыз тілінде жарық көрген жеке жинағы сөз болады. Аталған жинақ арқылы Жамбыл поэзиясының ұлттық шеңберден асып, бауырлас халықтың әдеби санасына терең орныққаны, оның ортақ түркілік рухани мұраға айналғаны нақты деректермен толықтырылып көрсетіледі.
Зерттеу еңбегінің қорытынды тараулары қазақ әдебиетінің заңғар тұлғасы Мұхтар Әуезовке, қырғыз халқының ұлы манасшысы Саяқбай Қаралаевқа және әлемдік деңгейде танылған көрнекті жазушы Шыңғыс Айтматовқа арналды. Бұл бөлімдерде олардың шығармашылық мұралары жеке-жеке талданып қана қоймай, қазақ пен қырғыз халықтарының ортақ рухани кеңістігін қалыптастырудағы тарихи әрі мәдени миссиясы жан-жақты ашылады.
Автор Әуезовтің манастану ғылымына қосқан өлшеусіз үлесін, оның «Манас» эпосын көркемдік әрі ғылыми тұрғыдан бағалаудағы терең пайымын кеңінен сипаттайды. Сонымен қатар Саяқбай Қаралаевтың манасшылық дәстүрді сақтап қана қоймай, оны жаңа деңгейге көтерген дара феномен екеніне назар аударылады. Ал Шыңғыс Айтматовтың шығармалары арқылы қазақ-қырғыз әдеби байланыстарының жаңа кезеңге аяқ басқаны, түрік дүниесінің ортақ рухани құндылықтары әлемдік әдеби кеңістікке шыққаны нақты мысалдармен дәйектеледі.
Осылайша зерттеу соңында аталған үш алып тұлғаның шығармашылық сабақтастығы мен рухани үндестігі қазақ пен қырғыз халықтарының әдеби-мәдени тұтастығын айқын көрсететін іргелі қорытындыға ұласады.
Қоғамдық өзгерістер мен тарихи сын-қатерлерге қарамастан, халықтарды өзара жақындастыратын идеялар жоғалмайды. Олар әр дәуірдің рухани сұранысына сай жаңа сипат алып, қайта жаңғырып отырады. Қазақ пен қырғызға ортақ рухани мұра – осындай өшпес идеялардың айқын көрінісі.
Қанат Алтынбектің бұл зерттеу еңбегі дәлелденгендей, әдебиет пен мәдениет арқылы орныққан рухани сабақтастық халықтардың тарихи санасын сақтап қана қоймай, олардың болашақтағы рухани бағытын айқындайтын терең құндылық деңгейіне көтермек.
Дінмұхамед БАЙЖҰМА
Зерттеуші, публицист,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Философия және
саясаттану факультетінің магистрі





