Оның ұзындығы 2,5 шақырымнан асатын бұл жол көптеген мәселені шешті.
Ірі көлемді жүк тиелген автофургондар енді кең әрі ыңғайлы жолмен жүріп жатыр. Қалған көліктермен кеденнен өту уақытя айтарлықтай қысқарды. Айта кетейік, өңірдің кеден бекеттерінде Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк айналымы шамамен 14 млн. 200 мың тоннаны құраған. Енді ұзын өлшемді және көлемді жүктері бар автофурлар «Нұр жолы» кедендік өткелі арқылы жаңа айналма жолмен жүретін болады. Өткен жылдың желтоқсан айына дейін бекеттің негізгі аумағы арқылы өту айтарлықтай қиындықтар туғызған. Осыған байланысты мұнда шақырымдық кезектер пайда болды.
– Қазір біз «Нұр жолы» кеден бекетін одан әрі жеңілдету үшін жұмыс істеп жатырмыз. «Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастығы орталығына» апаратын тағы бір айналма жолдың 3,5 шақырымнан астамын салып жатырмыз. Ол арқылы екі жаққа да жеңіл көлік жүретін болады, – дейді Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбек.
Жүктерді теміржол арқылы тасымалдау әлеуеті артып келеді. Соңғы жылдары «Достық» стансысы экономикалық өсу нүктесіне айналды. Қыркүйек айында Достық – Мойынты теміржолының екінші желісі іске қосылды. Оның ұзындығы 836 шақырым жаңа бағыт жүк тасымалдау көлемін бес есеге арттыруға мүмкіндік береді.
– Жаңа жолдар бойынша 1 765 жүк және 451 контейнерлік пойыз өткізілді. Бұл тәулігіне орта есеппен 18 пойызды құрайды. Қозғалыс өткен жылдың қаңтарынан қыркүйегіне дейін жекелеген учаскелер бойынша кезең-кезеңімен іске қосылды. Жобаны іске асыру желінің өткізу қабілетін едәуір арттыруға, пойыздардың қозғалыс кестесін оңтайландыруға және тасымалдау тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді, – дейді «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС маркетинг жөніндегі атқарушы директоры Әділ Түсіпов.
– Жаңа тармақтың іске қосылуымен тасымалданатын тауардың салмағы 2024 жылы 3 миллион тоннадан 2025 жылы 4 миллион тоннаға дейін өсті. «Достық» теміржол өткізу пункті арқылы транзиттік жүктің үлесі бүгінгі күні Жетісу облысының жалпы транзитінің 29%-ын құрайды, – дейді облыстық МКД кедендік бақылау бөлімінің басшысы Фархат Исаев.
Маршруттың үштен бір бөлігі Жетісу облысынан өтеді. Жоба жүздеген жаңа жұмыс орындарын ашты. Достық – Мойынты теміржолы Қазақстанға Қытайдың Алашанькоу қаласына, ал жаһандық тұрғыда Еуропаға шығуды қамтамасыз етеді. Жалпы, екі жыл бұрын Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалы 12 млн. 238 мың тоннадан асса, ал өткен жылы 14 млн. 200 мың тоннаға жеткен.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Панфилов ауданы





