Лудомания – қазіргі таңдағы көкейкесті мәселелердің бірі. Себебі, құмар ойынның құрбаны болып, барынан да, бағынан да айырып жатқандар жеткілікті. Есі кеткен жандар соңғы тиынына дейін санап, қарызданып, ұрлық жасап, бәс тігуде. Оған әуес болған жандардың арасында өмірімен қош айтысқандары да бар.
Аталмыш дертпен ауырғандарға қарағанда ішімдікке тәуелді адамды емдеу екі есе оңай, әрі жеңіл. Өйткені, ащы су ішкен адам өзіне жауап бере алмайды. Ал ойынға құмар жандар таңдауын саналы түрде жасайды. Қара жұмыстан қашып, жеңіл ақша табуды көздеген жастардың тағдырын байлаған, өмірін жалмаған бұл құмар ойын жылдан жылға елімізде тамырын жайып келеді. Жаңадан букмекерлік кеңселер ашылғаны аздай, әлеуметтік желіде де жарнамасы жылдам көбейген. Ойынға құмар жастар букмекерлік кеңсені «кәсіпке» айналдырғандай. Алғашында қызығушылықпен бәс тігіп, кейін тәуелді болып қалғандар саны аз емес. Қазіргі таңда елімізде өзіне құмар қылған бұл «аурудың» алдын алу шаралары да басталып кеткен.
Белгілі журналист Руслан Өтепбай жүргізетін «Әділдік алаңы» бағдарламасында, «Құмарлық құрбандары» атты аты шулы мәселе қозғалды. Шымкент қаласының тумасы, 23 жасар Абылайхан Ахатұлы 15 жасында қызық көріп, интернет жұлдыздарына қызығып, тез ақша тауып байып кеткісі келген. Алғашында ол спорттық бәс тігулер мен онлайн лотареялар ойнай бастаған. Оның айтуынша ең үлкен ұтысы 9 млн 900 мың теңгені құрайды. Маңдайы терлемей, қолы кірлемей қомақты қаржы тапқан жас бала өзінің қалай тәуелді болғанын сезбей қалған. Жалғыз анасының бар жиғанын бизнес ашамын деген сылтаумен жымқырған. Жақындары мен достарын алдап иландыру арқылы ақша алып, қарызға белшесінен батқан. 9 млн тапқанына қуанып жүргенде 40 млн қарызға кіргенін өзі де байқамағанын айтады.
Құмар ойынның жүйесін де қызық ойластырылған. Басында тек сен ұтасың, одан соң ол сені ұтады, отбасыңды, тыныштығыңды, денсаулығыңды, байлығың мен берекеңді жұтады.
Психолог-психотерапевт Серіккүл Сәлидің айтуы бойынша ойынқұмарлық бұл ауру, ол кісілерге көмек керек.
Ең қиыны көмекке тәуелді жандар қол ұшын созуға тырысқандарды жауындай көреді. Оңай олжаның дәмін татып үйренгендер, ұтылса қарыз, несие алып, тіпті ұрлыққа баратындары да бар. Сол ұтылған ақшасын орнына қоямын деген мақсатпен қалай одан әрі батып бара жатқандарын байқамайды. Көздері байланып, тек бап шаба ма, бақ шаба ма деген өмірлерін жалғастыруда, – дейді психолог.
Қазіргі таңда ойынға құмар жандардың көбеюіне байланысты елімізде лудоманияның алдын алу, емдеу шаралары да дамып келеді. Нұрсұлтан, Алматы, Павлодар, Шымкент қалаларында оңалту орталықтары ашылып, мұқтаж жандарға көмек көрсетуде. Мемлекеттік орталықтарда тегін, ал жекеменшік орындарда 200 мыңнан 1 млн теңгеге дейін барады. Сауықтыру орталықтары көбіне қаладан оқшау жерлерде, яғни, табиғат аясында орналасады. Тұру мерзімі 3 айдан 6 айға дейін созылады. Дүниежүзі мойындаған 12 қадам бағдарламасы арқылы адамға психологиялық, моральдық және физикалық көмек көрсетеді. Сондай-ақ, аты жаман аурудан айыққан жандарды жұмыспен қамтамасыз етіп жатқандары да бар.
Лудоманияға қарсы тұру үшін адамда қаржылай және психологиялық сауаттылық болуы қажет. Бос уақытын тиімді пайдаланып, өзін-өзі шектей білгені жөн. Ойынқұмарлық бұл ерік-жігердің әлсіздігі емес, медициналық және психологиялық дерт. Одан арылу үшін көмек сұрау ұят емес, керісінше, күштіліктің белгісі. Елімізге танымал психолог-психотерапевт Эльвира Қасым да осы мәселе жөнінде:
Барлық тәуелді әдеттер сияқты ойынқұмарлық та тәуелділікке жатады. Ішімдікке салыну және нашақорлық сияқты ойынқұмарлықта ауру. Кей жағдайда аурудың өзі емес отбасы көмек сұрап жатады. Оның көбі 14-17 және 20-25 жас аралығындағы кеудесінде оты қайнаған жастар. Тәуелділіктің алдын алу үшін арнайы мамандарға қаралып, өзінің саналы деңгейіне дәрі-дәрмекпен жетуге болады, – дейді.
Қысқасы, жасы бар, жасамасы бар қоғам болып осы лудоманияға қарсы тұруымыз қажет. Қайткенде оны тұп-тамырымен жоғалтуымыз міндетті. Әсіресе, жастар осы ойынның құрбаны болып барады. Бұл – дабыл қағатын жағдай. Себебі, «ауруын жасырған өледі».
Арайлым АБЫЛҒАЗЫ,
ЖУ 4-курс студенті





