Адамның жан дүниесі тұңғиық әлем. Оның тереңінде үміт пен күдік, қуаныш пен қайғы, сенім мен сағыныш қатар өмір сүреді. Сол сезімдердің бәрін тәртіпке келтіріп, өмірге мағына беретін – ішкі қазық. Ол кейде үнсіз сөйлейді, кейде ар алдынан шығып, қатты талап қояды.
Бұл мекеменің есігінен енген сәтін Толқын Әбілмажинова әлі күнге ұмытқан емес. Қарапайым ғана ғимарат. Ұзын дәліз. Балалар дауысы араласқан әлдебір тынышсыз үн… Ол бұл орталықта қанша жыл қалатынын, осы жердің өз тағдырына айналарын білмеген еді.
Толқын Тілеубекқызы мектептен келген тәжірибелі ұстаз болатын. Тоғыз жыл бойы орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берген, талай жеткіншектің бойына сөздің құдіретін сіңірткен. Бірақ жүрегі басқа бір шақыруды сезгендей-тұғын. Сол шақыру оны «Айналайын» деп аталатын балалар үйіне әкелді.
Тәрбие ошағының бұрынғы басшысы Жамал Баймадиева Толқынды қарсы алып, тәрбиеші ретінде жұмысқа қабылдайтынын айта келіп: «Бізде «Жетісу» деген топ бар. Топта тек ұл балалар. Мінездері әр алуан. Тіл табыса аласың ба?» – деп сауал қояды. Ол тәжірибесіне сенгендіктен еш қарсылықсыз тіл табысып кететінін нақ үнімен жеткізеді. Ұлдармен жұмыс істеуден қорықпады. Мектепте жүргенінде әдебиет сабағында талай шәкірт тәрбиелегені бар. Алғашқы күні-ақ топта 29 ұл барын көрді. Жетінші сыныптан тоғызыншы сыныпқа дейінгі жеткіншектер. Бірі жуас, бірі қиын мінезді, әрқайсысы тағдырлы. Сол сәттен бастап ол жұмыстың жеңіл болмайтынын ұқты. Оның санасына: «Бұл балалар өмірден мейірім көрмей өскен. Оларды ең алдымен жақсы көру керек. Он рет қателессе – он рет, жүз рет қателессе – жүз рет кешіре білу қажет. Ол үшін үлкен жүрек керек» деген директор Жамал Қасымбекқызының сөзі мәңгілікке жазылып қалды.
Толқын сол үлкен жүректі өзінен іздеді. Табуға тырысты. Шаршағанын да, күйзелгенін де ешкімге сездірмеді. Осы шақта түнін де, күнін де ана мейіріміне зәру балаларға арнап келеді.
– «Жетісу» тобында жұмыс істеп келе жатқаныма 20 жылдан асты. Психолог та, директордың орынбасары да болып қызмет атқардым. Қазір бұрынғыдай бала көп емес, топта 13 тәрбиеленуші. Қастарында күні, түні қалып міндетімді атқарамын. Жеткіншектердің түске дейін, түстен кейін оқитыны бар. Уақытымен сабақтарына жіберемін. Қыс мезгілінде жылы киінуі керек соны қадағалаймын. Олардың ішінде еркелікке салынып баскиім кимейтіндері бар, соның бәрін бақылаймыз. Мектепке түстен кейін баратын балаларды сабақ қарауға отырғызамын. Вокал, шахмат, көркемсурет сынды үйірмелерге балаларды жіберіп отырамын. Бастысы ешқайсысының бос уақыты жоқ, – дейді «Айналайын» арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығының тәрбиешісі Толқын Әбілмажинова.
Шынында да аталған орталықтағы балалар ананың мейірімін, әкенің қамқорлығын толық сезінбеген. Сондықтан тәрбиеші үшін олардың бойына сенімділік ұялату, болашаққа үміт сыйлау басты міндет. Кейіпкеріміз бала бойына сенімділік ұялағанда ғана жан дүниесін ашып, келешекке ұмтыла бастайтынын айтады.
Өз саласының маманы «Айналайын» балаларды қолдау орталығынан не үшін кеткісі келмейтінін, ішкі қимастығын былай деп баяндайды:
– Егер кетсем, олар тағы да бір жақын адамынан айырылғандай болады… Мен үшін бұл жер жай ғана жұмыс орны емес, тағдырлар тоғысқан үлкен өмір мектебі. Еңбегімнің шынайы мәні осында екенін ұғындым. Жүрегімнің таңдауы осы. Миссиям – балаларды жылулықсыз, қамқорлықсыз қалдырмау екенін түйсіндім. Әрдайым олардың қасынан табылуға тырысамын. Өмірлік қазығым осы десем қателесе қоймаймын. Мен солай қалыптасып кеттім. Бұл балаларға біз көмектеспесек әуелі арымыздың алдында ұяттымыз. Өмірден оқып-тоқып жиған білім-білігімізді осы жеткіншектердің санасына сіңіру борышым, – деп ақтарыла сыр шертті.
Иә, Толқын Тілеубекқызының жан дүниесіне қағылған рухани қазығы балаға деген махаббатпен, Абай айтқан нұрлы ақыл, жылы жүрек, ыстық қайратпен астасып жатыр. Мұны аңғару көзі қарақты жанға еш қиындық туғызбасы анық.
Оның еңбегі еленіп кей кездері түрлі ұйымдардан, мемлекеттік мекемелерден марапат келіп жатады. Бірақ ол негізгі марапатын балалардың өзіне деген сенімінен іздейді. Балдырғандардың қуанып, жүздерінен күлкі кетпей жүргені, қара шаңырақтан түлеп ұшып кеткен өрендердің қайта хабарласып жатқаны аяулы жанның мерейін тасытады. Бұл шынтуайтына келгенде үлкен жетістік екенін іші сезеді. Толқын тәрбиелеп жатқан жеткіншектерінің адам болып, ел қатарына қосылып, өз алдына отбасын құрып кетуін үнемі тілеп отырады.
Әдебиет пен табиғатты қадірлеген әкесі, өнер мен әнге жақын анасы Толқынға зор ықпал етеді. Әкесінің жалғыз қарындасының орыс тілі пәнінің мұғалімі, мектеп директоры болып қызмет атқаруы ұстаздық жолға деген қызығушылығын арттырады. Осы ортада өскен кейіпкеріміз поэзия мен музыкаға жақын болады.
– 1968 жылы мал дәрігері Тілеубек Әбілмажинов пен сауда саласында еңбек еткен Латипа Иманбекованың отбасында дүниеге келдім. Отбасымызда ағам, інім және мен үш бала тәрбиелендік. Үлкен әкемнің алты баласымен бірге бір шаңырақтың баласындай ержетіп, бауырмалдықты басты құндылық етіп ұстандық. Осы күнге дейін өзімізді «біз тоғызбыз» деп айтуымыз сол тату тәрбиенің айғағы. Мектепті тамамдаған соң туған мектебімде аға пионервожатый болып еңбек жолымды бастадым. Кейін жоғары оқу орнына, Талдықорған педагогикалық институтына түсіп, филология факультетін бітірдім. Педагогикалық қызметімді өзім білім алған мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып бастадым, – деген Толқын Әбілмажинова өткен күннен де естелік тарқатты.
Қазіргі таңда тағдырдың сыйы әрі жүрек қалауымен таңдаған екінші отбасында педагогикалық қызметті жауапкершілікпен әрі абыроймен жалғастырып жүрген тәрбиешіні әріптестері үлгі тұтады. Толқын Тілеубекқызының ұрпақ тәрбиесіне қосқан еңбегі еленіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, «Шапағат» медалімен марапатталғанын айта кеткен жөн.
Бүгінгі қарбалас заманда көп нәрсе өзгерді. Уақыт жылдам, талап қатал. Бірақ адамдық болмыс, рухани өзек өзгермеуі тиіс. Қандай қызмет атқарса да, қай салада жүрсе де адам ең алдымен өз қазығына адал болуы керек. Өйткені мансап та, атақ та, дүние де уақытша. Ал жан дүниедегі қазық – мәңгілік.
P.S. Өмір жолына шыққан әр адам өз қазығын өзі қағады. Біреу оны жас кезінде берік орнатады, біреу кеш ұғады, ал кейбірі өмір бойы іздеп өтеді. Қазықсыз ғұмыр бағытсыз кеме іспеттес, жел қайда айдаса, сол жаққа кете бермек.
Медет ЖҰМАБАЙ





