Жалпы, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында газдандыру мәселесі ерекше маңызды орын алады. Табиғи газбен қамту – тек тұрмыстық қолайлылықты арттыру құралы ғана емес, сондай-ақ, ол аймақтардың экологиялық қауіпсіздігіне, инвестициялық тартымдылығына және халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін маңызды стратегиялық бағыт.
Шынын айту керек, бұрындары елімізде мұнай саласына ерекше басымдық беріліп келді. Ал газ саласы біразға дейін көлеңкеде қалып қойып, тек қосымша өнім ретінде қарастырылды. Себебі, бағасы өте төмен болғандықтан, экономикалық тұрғыдан тиімсіз еді. Ал қазір жағдай мүлде өзгеше. Өйткені нарыққа газ керек. Бұл бүгінде әлеуметтік маңызы бар тауарға айналды. Мемлекет басшысы да осы салаға айрықша көңіл бөлу керектігін айтып, ұлттық компаниялардың құзыретін арттырды. Нәтижесінде газ секторы экономиканың жаңа драйвері атанып, жасыл экономикаға өту жолындағы транзиттік отынға айналды. Нәтижесінде тұрғындар жасыл экономикаға бет бұрып, көгілдір отынды кеңінен қолдана бастады. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі елді мекендерде оған деген сұраныс артып, табиғи отынның игілігін көргісі келетіндердің қатары көбейді. Осылайша табиғи газбен қамту мәселесі ерекше назарға алынып, бұл бағыттағы жоба-жоспарлар кезең-кезеңімен жүзеге асырыла бастады.
Бір сөзбен айтқанда, табиғи газға қол жеткізу – халықтың өмір сүру сапасын көтеріп қана қоймай, экологиялық ахуалды жақсартуға, өндіріс пен шағын кәсіпкерлікті дамытуға тың серпін беретін маңызды инфрақұрылымдық факторлардың біріне айналды. Газдандыру жобалары бүгінде республикалық және жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылып келеді. Алдымен халық тығыз орналасқан елді мекендер мен әлеуметтік нысандар қамтылып, шалғай ауылдарға да газ жеткізу көзделіп отыр. Мұндай тәсіл қаржылық және техникалық ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Бүгінде көптеген елді мекенде тұрғындар көмір, отын және электр энергиясына тәуелді. Бұл бір жағынан, қаржылық шығынды көбейтсе, екінші жағынан, экологиялық және денсаулық мәселелерін туындатады. Табиғи газға көшу арқылы тұрғындар үй жылытуға кететін шығынды азайтып, уақыт үнемдеп, еңбекті жеңілдетеді. Сөйтіп, қауіпсіз әрі тұрақты жылу көзіне қол жеткізеді. Әсіресе, қысы ұзақтау әрі суық болатын Жетісу аймағы үшін газдың маңызы айрықша. Газдандырылған үйлерде тұрмыстық жағдайдың жақсаруы әлеуметтік тұрақтылықты нығайтып, көші-қон үдерісін тежеуге де ықпал етеді.
Әлеуметтік нысандардың газға қосылуы да ерекше маңызға ие. Газдандыру бағдарламалары аясында ең алдымен мектептер, балабақшалар, ауруханалар, Мәдениет үйлері мен спорт нысандары қамтылуда. Бұл бүгінде мемлекет тарапынан халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам. Табиғи газбен жылытылатын әлеуметтік нысандарда ішкі температура тұрақты сақталады, қызмет көрсету сапасы жақсарады және бюджет қаражаты үнемделеді. Сонымен бірге әлеуметтік мекемелердің көмірден газға көшуі еңбек қауіпсіздігін арттырып, қызметкерлердің жұмыс жағдайын жақсартуға қолайлы жағдай қалыптастырады.
Газдандырудың тағы бір маңызды қы- ры – қоршаған ортаны қорғау. Қатты отынның кең көлемде қолданылуы ауаға зиянды қалдықтардың бөлінуіне алып келетіні белгілі. Ал табиғи газ – экологиялық тұрғыдан әлдеқайда тиімді таза энергия көзі. Мәселен, қатты отыннан ауаға бөлінетін зиянды заттардың көлемі төмендеп, қоршаған ортаның ластануына жол берілмейді. Яғни, аймақтағы газдандырудың кеңеюі ауа сапасының жақсаруына, түтін мен күлдің азаюына, тұрғындардың тыныс алу жүйесі ауруларының алдын алуға септігін тигізеді. Бұл бағыттағы жұмыстар әсіресе халқы тығыз орналасқан елді мекендер үшін аса өзекті. Экология мен денсаулық – ұзақ- мерзімді дамудың негізгі көрсеткіштері екенін ескерсек, газдандырудың маңызы арта түседі. Бұл өз кезегінде, халық денсаулығын сақтауға да оң әсерін тигізеді. Әсіресе, қыста түтіннен зардап шегетін елді мекендер үшін табиғи газ – нақты шешім. Осы орайда, еліміздің газ саласын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған Кешенді жоспарына сәйкес 2030 жылға қарай 13,5 миллион адамды немесе халықтың 65 пайызын көгілдір отынмен қамту тапсырылған. Сондықтан, Президент бастамалары тікелей көрсеткіш қана емес, сонымен бірге талай жылға арналған жаһандық жоспар.
Газ инфрақұрылымының дамуы ел экономикасына да оң әсерін тигізеді. Табиғи газ өндіріс орындары үшін қолжетімді әрі тиімді энергия көзі. Бұл шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына, жаңа өндірістік нысандардың құрылуына, инвестиция тартуға кең жол ашады. Газбен қамтылған аумақтар инвесторлар үшін тартымды бола түседі. Нәтижесінде жаңа жұмыс орындарының ашылып, жергілікті бюджетке түсетін салық көлемінің артуына үлес қосылады. Газдандыру, сондай-ақ, құрылыс, қызмет көрсету және техникалық қызмет салаларында қосымша сұраныс қалыптастырып, жергілікті экономиканың жандануына ықпалын тигізеді.
Мемлекеттік қолдау мен жергілікті биліктің жүйелі жұмысының нәтижесінде алдағы жылдары газбен қамтылатын елді мекендердің қатары арта түседі деп күтілуде. Бұл – еліміздің тұрақты дамуына бастайтын нақты қадам болмақ. Жалпы, елді мекендерді газдандыру мәселесі – ұзақмерзімді, жүйелі жұмысты талап ететін стратегиялық үдеріс. Бұл бағыттағы жобалардың табысты жүзеге асырылуы елдің әлеуметтік ахуалын жақсартып қана қоймай, экономикалық тұрақтылықты да қамтамасыз ететініне сенім мол.
Бұл салада, сондай-ақ, шешімін күткен мәселелер де бар екені белгілі. Мәселен, шалғай орналасқан, халқы аз елді мекендерді газбен қамтуда экономикалық тиімділік мәселесі туындайды. Мұндай жағдайда баламалы энергия көздерін пайдалану, автономды немесе модульдік газ жүйелерін енгізу, жобаларды қайта кезеңдеу мәселелерін қарастыру маңызды саналады. Сондай-ақ, тұрғындар арасында газды қауіпсіз пайдалану бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейту де негізгі міндеттердің қатарында.
Өздеріңізге мәлім, Жетісу облысы құрылған сәттен бастап жергілікті атқарушы билік инженерлік инфрақұрылымды дамыту, соның ішінде елді мекендерді газбен қамту мәселесіне ерекше назар аударып, жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып келеді.
Нәтижесінде облыс аумағында газдандырылып жатқан елді мекендер саны жыл сайын арта түсуде. Оны жыл сайын көгілдір отынға қол жеткізіп, қуаныштарымен бөлісіп жатқан тұрғындардың көңіл-күйінен аңғаруға болады. Бүгінде көптеген елді мекенге газ құбырлары тартылып, үйлеріне кіргізіліп, тұрғындарды шат-шадыман етуде. Газ келіп, су тартылып, жолдар салынса талай адамның ауылды жерлерге тұрақтайтыны белгілі. Әсіресе, жас отбасылар. Халықтың жағдайы келіскен жерде, кәсіпкерліктің өрістеп, жаңа жұмыс орындарының ашылатыны, жас мамандардың ауылға келіп, тіршілік тамырына қан жүгіртетіні рас.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан мұндай ілкімді жұмыстар аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беруде. Айта кетейік, 3 жыл ішінде Жетісу облысында 126 ауыл газдандырылып, аймақтың жарты миллион тұрғыны кезең-кезеңімен көгілдір отынмен қамтамасыз етілді. Өткен жылы облыста 42 елді мекен газдандырылып, қуанышқа кенелгендердің қатары көбейді. Олардың қатарына Ескелді ауданының Қайнарлы ауылы да қосылды. Осы елді мекен тұрғындары табиғи газды пайдаланудың арқасында ауылдағы өмір сапасының әлдеқайда жақсарғанын айтып, қуаныштарымен бөлісуде.
Газ келгенде отбасымызбен қуандық. Бұған дейін қыс түссе көмір тасып, от жағатынбыз, күн сайын пеш тазалап, күл шығаратынбыз. Сөйтіп, әден әбігерге түсуші едік. Бұған қоса, бірнеше тонна көмір сатып алуға тура келетін. Әрине, бұл қарапайым отбасы үшін айтарлықтай шығын. Оның үстіне көмір сапасы нашар болса, жылуы да аз. Мұндай жағдай берекені қашырады. Бүгінде соның бәрі көрген түс секілді. Газ келгелі тіршілігіміз жеңілдеп қалды. Үйіміз жылып, асымызды тез дайындаймыз, балалар да мәз. Бұл – ауыл халқы үшін үлкен қуаныш. Өйткені біз экологиялық таза отынды пайдаланымыз. Табиғи отынды қажетімізше жағып, алаңсыз өмір сүрудеміз. Бір жақсысы – жылуды қалауымызша ретке келтіріп аламыз. Осындай машақаттардан қолымызды босатып, халық игілігі үшін газ қосқан жандарға ризашылығымызды білдіреміз, – дейді Қайнарлы ауылының тұрғыны Гүлім Тобықбаева.
Соңғы жылдары облыста газ инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Соның бірі – «Талдықор- ған – Үшарал» магистральді газ құбырының пайдалануға берілуі. Ұзындығы 300 шақырымнан асатын бұл желі аймақтың бірқатар ауданы мен елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр. Оның құрылысы белгіленген мерзімнен әлдеқайда ертерек аяқталды. Жаңа тармақ облыстың солтүстік өңірінің 150 мың халқын – Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандары тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз етеді.
Алакөл ауданының тұрғыны Қоңыржай Қысталасованың айтуынша, бұл, біріншіден, халық үшін, аудан экономикасы үшін арзанырақ, медицина, білім беру және өнеркәсіп сияқты салаларда алға жылжу болады. Жергілікті билік өкілдерінің сөзінше, қазіргі кезде елді мекендер ішінде газ құбыры желілерін салуды бастау үшін құжаттар дайындалып жатқан көрінеді.
Облыстағы 84 ауылды табиғи газбен қамту үшін жобалақ-сметалық құжаттама дайындалып жатыр. Сараптама жүргізілгеннен кейін жұмыстар басталып, 2028 жылы аяқталады. Осының арқасында 2 жылдан кейін 210 елді мекен газдандырылады, – дейді облыстық энергетика және тұрғынүй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдос Бекетаев.
Бір сөзбен айтқанда, жалпы облысымызда алдағы жылдары да көгілдір отынға қол жеткізетін елді мекендердің саны артып, табиғи газ Жетісу тұрғындарының күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналатыны сөзсіз. Ауылдық және қалалық елді мекендерді табиғи газбен қамту – бұл аймақтың тұрақты дамуына жасалған маңызды инвестиция және халықтың күнделікті тұрмысын жеңілдететін нақты қадам болмақ.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





