Ел аралап, жер көріп, табиғат ұсынған ғажапты тамашалап ләззат алудың жөні бөлек. Еліміздің әр өңірі бір-біріне ұқсамайтын сұлулыққа ие. Мемлекетіміз туризмді тура жолға қойып, оны өркендетудің барлық жағдайын қарастырып жатыр. Президент кейінгі үндеулерінде үнемі ескертіп, туризмді дамыту ісін жоғарғы деңгейге жеткізу керектігін қадап айтып келеді.
Балқашқа, Алакөлге баратын жол жөнделіп, келіп-кетушілерге барлық жағдай қарастырылған. Алакөл ауданы әкімдігінің ақпаратынша (2025 жыл, шілде) кейінгі үш жылда келген туристер саны 4,8 миллионға жуық адам болса, оларға 29,4 миллиард теңгенің қызметі көрсетілген. Былтыр 51 жұмыс орны ашылып, 17 туристік нысан іске қосылып, 2,4 миллиард теңге инвестиция тартылды.
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте (2025 жыл, желтоқсан) есеп берген Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев:
—Жыл сайын өңірге 2 миллионнан астам турист келеді. Олардың келіп-кетуіне және демалуына қолайлы жағдай жасау — басты міндеттің бірі. Биыл жаңа «Ақши-Бескөл» электр желісі және қосалқы станциясы іске қосылды. Жағалауды нығайту бөгеттерінің және кәріз тазарту құрылғысының құрылысы жүргізілуде. Балқаш көлінің жағалауына дейін жол, сумен жабдықтау, су бұру, электр желілері жеткізілді. Көл жағалауында 6 коммуналдық жағажай қарастырылған, оның 3-уінде құрылыс басталды. Енді жағалауды абаттандырып, жеке инвесторларды тартып, демалыс аймақтарын салу міндеті тұр. Сондай-ақ, Лепсі станциясында жаңа теміржол вокзалының құрылысы басталып, келер жылы қолданысқа беріледі, -деді. Ал экологиялық туризмді дамыту мақсатында «Алтынемел» және «Жоңғар Алатауы» ұлттық парк аумақтарында визит-орталықтар ашылды. Жасылкөл көліне және Шоқан Уәлиханов мемориалдық мұражайына апаратын жолдар жөнделді. «Бұрқанбұлақ» сарқырамасы жолының құрылысы басталды.
Жетісудағы туристерге жағдай толық жасалып, нысандар ашылып, жол жөнделіп жатқанда Шығыстағы әріптесіміз Мерей Қайнарұлы дабыл қақты (2025 жыл, шілде). Ол өз жазбасында: «Туризмнің жөні осы екен деп, халықты топырлата беруге болмайды. Топырлатқан екенсің, қатаң шектеу керек. Жолдың бойын айтпай-ақ қойдым. Алтайдың төрі -Рахман күресінге айналды. Келген кейбір қонақтар «асыңды ішіп, итаяғыңды теуіп кетіп» отыр, Ұлттық парк жігіттері «мусоровоз» болып кеттік дейді. Айтуға оңай шығар. Десе де, мынадай қысыр ұсыныс бар: Турист Берелге дейін барсын. Сол жерде көлігін қаңтарып, ас-суларын ішсін. Одан әрі арнайы көліктер бір ізбен Рахманға, Қаракөлге апарып келсін. Оның жүйесін заң аясында әкімдік пе, Ұлттық парк пе қарастыруы керек»,-деді. Біз осы бір жазбаны назарға ала отырып, тиісті жұмыстар жүргізуміз керек. Өзіміздеде сабақ алар оқиға аз емес. Қапалда ізі қалған әлемге әйгілі саяхатшылар Шоқан Уәлиханов, Петр Семенов Тянь-Шаньский, Томас Аткинсон өз еңбектерінде Тамшыбұлақты тамсана жазды. Алайда бертін келе Тамшыбұлақ су көздеріндегі мүктерді емге пайдалану мақсатында арнайы барып, тамырымен жұлып әкетіп, топырағымен қоса қазып алатын жағдай кездесті. Мүгі тоналып, жалаңаштанып қалған жерлерді көресің. Көргенде еріксіз қынжыласың.
«Жетісу» волейбол клубының бас бапкері Марко Гршич жаттығуымен жарыстан қолы босаса Талдықорғанның айналасындағы тамаша жерлерге барып, Алматыдағы Шымбұлақты көріп, жол-жөнекей тарихи жерлердің сырына үңіліп, әр барған жерінен естелік үшін фотоға түсіп алады. Марко өз сөзінде:
-Жол жүрген сайын айналама қарап, сан сұлулыққа тамсанып отырамын. Шыны керек, Қазақстандағы табиғат әлі бүлінбеген. Қалай жаратылды, солай сақталып келеді. Енді одан әрі сақтаудың жолын қарастыру керек. Әлеуметтік желілерден табиғаттың керемет фотоларын жиі жолықтырамын. Уақыт тауып барғым келеді, -дейді.
Рас, серб жаттықтырушысының сөзінде жан бар. Туристік бағытты дамыту үшін табиғатты да аялап ұстап, күтіп-баптап, үнемі қадағалап отыруға тиіс. Жол-жөнекей қоқыс тастайтын орындармен түрлі қажетті нысандар бойы көтеріп, тазалықты басты назарда ұстау керек. Әлі бүлінбеген табиғатты қолымызбен бүлдіріп алмайық. Ол үшін тиісті жоспар құрып, сол бойынша жұмыс істеу қажет.
Серік ҚАНТАЙ





