Талдықорғандағы «Жастар» спорт сарайында дзюдодан қысқы демалыс кезеңіне арналған 2011-2012 жылы дүниеге келген жасөспірімдер арасында республикалық турнир өтті. Жарысқа еліміздің барлық өңірінен 2500-ге жуық спортшы қатысты. Кей салмаққа 300 спортшы тіркелді,-деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жас спортшылар жалпы 19 салмақ (қыздар 8 салмақ, ұлдар 9 салмақ) бойынша сынға түсті.
-Алдымен облысымызда төрешілермен жаттықтырушыларға арналған семинар өтті. Оған 150 жаттықтырушы, 40 төреші қатысты. Онда әдісті бағалаудағы өзгерістер айтылып, сол бойынша жұмыс істедік. Ал жарысқа қатысушылар еліміздің түкпір-түкпірінен келді. Бірінші күні 5 салмақ, екінші күні 6 және үшінші күні 6 салмақ күресті. Електен өткендері наурызда болатын ел чемпионатында сынға түседі. Бес татамиде өткен турниріміз жақсы болды деп ойлаймыз,-деді жарыстың бас төрешісі, білікті маман Ерлан Тәжіков.
Барлық татамиді бір мезетте бақылап отыру мүмкін емес. Бірақ ерекше әдіс жасап, көзге айрықша түскен балуанды қадағалап отыруға толықтай мүмкіндік бар. Солардың бірі, тұғырға дейін көтеріліп, 73 келіде алтын алған Шымкенттен келген дзюдошы Бағлан Амангелді. Жеңістен кейін спортшымен тілдескенімізде: «Әр қарсыласым оңай болған жоқ. Әрқайсысы бұл жерге жеңіс үшін келді. Бағыма орай бүгін тұғыр биігінде тұрмын. Жарысты ұйымдастырушыларға алғыс айтамын, жоғарғы деңгейде өтті. Ал ендігі мақсат өз қаламыздағы іріктеуден топжарып, ел чемпионатында абыройлы күрес көрсету»,-деді.
Қысқы демалыс кезеңіндегі турнир талай таланатты баланың жолын ашып, есімін елге танытқандығы анық.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ».





