Қазақтың классик ақыны Қадыр Мырза Әли: «Еркек рыцарь болуы керек. Тіршілік бәрімізден биік, тұрмыс қысқанда ер азамат өз биігінде қалуы шарт» деп бекер айтпаған. Бұл бүтін бір ұлттың ер-азаматқа артқан талабы. Алайда бүгінгі көрініс осы өлшемнен алшақтап бара жатқандай әсер қалдырады.
Бүгінде жігіттер майдаланып, «буыны» босаңсығаны байқалады. Сүйгенінен айырылса да, өмірдің бір соққысына тап болса да, бірден түңіліп, торығуға бейім. Осындай әлсіздікке байланысты қыздар арасында әжуалы тіркестер де пайда болды: «Жігіттердің көз жасы жібермейді», «Жігіттер жылап қалмасын». Бұрын ерге тән деп саналатын сабыр мен төзімнің орнын бүгін сезімге берілгіштік басқандай.
Керісінше, қазіргі қыз-келіншектердің бойынан батылдық пен табандылықты жиі көреміз. Олар сөзінде тұрады, уәдеге берік әрі жауапкершілікпен қарайды, тіпті достыққа да адал. Кейде қоғамдағы тұрақтылықтың салмағын нәзік жандылар көтеріп тұрғандай көрінеді. Бұл – ойланарлық жағдай.
Махаббат мәселесінде де айырмашылық айқын. Бұрынғы буын жігіттері бір қыздың көңілін табу үшін жылдап сабыр сақтап, сезімін дәлелдеуден жалықпаған. Қиындыққа мойымай, адалдық туын биік ұстап, сүйгенін қорғауды ерлік санаған. Ал бүгінде бір күн хабар келмесе, бірден теріс айналып, басқа бағытқа бұрылу үйреншікті әдетке айналды.
Қысқасы, біз айнығыш қоғамға айналып бара жатқандаймыз. Бұл қазір тұтас ортаға тән құбылыс болып кеткен. Ер азаматтың беделі әлсіресе, қоғамның тірегі де шайқалады. Сондықтан мәселені кінә тағумен емес, жауапкершілікті қайта жаңғыртумен шешу қажет. Ердің ерлігі – мінезде. Ал мінез түзелмей, заман да оңалмайды.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ




