Өмірдің бір қызығы бала деген. Қазақ бата бергенде: «Үбірлі-шүбірлі бол. Ұрпағыңмен мың жаса. Көгеріп-көкте», – деп жатады. Яғни, әулеттің дәулетін дүниемен емес, ұл-қызының көптігімен һәм солардың амандығымен өлшеген жұртпыз. Десек те соңғы жылдары елімізде бала туу төмендеп барады. Себеп пен салдар көп. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылы Қазақстанда 388,4 мың бала дүниеге келсе, 2024 жылдың 12 айында 365,9 мың сәби жарық дүние есігін ашқан. Ал 2025 жылдың 11 айының дерегі бойынша Қазақстанда туған бала саны 302, 9 болған. Жалпы қазақстандықтар 20 478 879 адамды құрап отыр. Өсім бар дегенімізбен жыл сайынғы демографиялық көрсеткіш төмендеп келеді. Туу коэффициенті 2025 жылы 1000 адамға шаққанда 15,4 деңгейге түскен. Мысалы, бұл көрсеткіш 2020 жылы 22,8-ге дейін көтерілген еді.
Аймақтық ерекшеліктер мен демографиялық құрылымға назар аударып көрелік. Туу көрсеткіші бойынша Түркістан, Маңғыстау және Шымкент өңірлері көш бастап тұр, ал солтүстік және шығыс облыстарда бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен. Енді өзіміздің аймақтың демографиялық жағдайына назар аударайық. Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан алынған мәлімет бойынша, 2023 жылы – 6300, 2024 жылы – 5744, 2025 жылы – 5229 бала дүниеге келген. Басқалармен салыстырғанда біздің облыста бала туу көрсеткіші көп төмендеген.
Дүниеге ұрпақ әкелетін аналардың орташа жасы ұлғайған. Атап айтсақ, 2024 жылы бұл көрсеткіш 27-29 жас болды, яғни әйелдер балалы болуды бұрынғыдан кеш жоспарлайды. Себебі, қыз-жігіттер жоғары оқу орнын тамамдап, қызметке орналасып, саяхаттап, дүниетанымын арттырғысы келеді. Кейбіреулері одан ары қарай баспана алып, көлік мініп материалдық жағдайын түзейді. «Бас екеу болмай, мал екеу болмайтынына» мән бермей, көбі осылай дүние жинаймын деп жүріп уақытын өткізіп алады. Енді біреулер жан тыныштыққа үйреніп, жауапкершіліктен қашып, үйленгісі келмей жатады. Немесе көк етікті кездеспей, көне етіктіні менсінбей қалады. Сарапшылар бала туу дерегінің төмендеуіне тағы бірнеше себеп бар екенін айтады. Мұның біріншісі – экономиканың әсері. Тұрмыстық қажеттілік көбейген. Баспана бағасы қымбат. Медициналық қызмет және балалардың киім-кешегі, білім алуына кететін шығындар жас отбасыларға ауыр тиюде. Бұл жастарды бала сүюді кейінге қалдыруға немесе аз баламен шектелуге мәжбүр етеді. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық өседі» деген тәрбиелік тәлімі мол тәмсіл көненің сөзіне айналған. Сонымен бірге ұрпақ өргізуге жастардың денсаулық мәселелері де кері әсерін тигізуде. Соңғы жылдары бедеулік диагнозымен тіркелген әйелдер саны өсуде. Елдің денсаулық сақтау саласы сарапшыларының айтуынша, 28 мың адам бедеуліктен зардап шегеді екен. Ерлі-зайыптылар арасында ұрпақ болмаса, көбінесе кінәні әйелге жабады. Бірақ, дәрігерлердің айтуынша, бұл кесел әйел мен еркекке бірдей. Бала сүйе алмай жүрген ерлі-зайыптыларды тексергенде тең жарты жағдай ерлердің денсаулығына байланысты екені анықталған.
Медицина мамандарының айтуынша, елде жыл сайын 20-22 мың бала мерзімінен бұрын туады. Бұл барлық туған сәбидің шамамен 5 пайызы. Жүктілігі 36 аптадан аз және дене салмағы 2500 грамнан кем туған балалар ерекше назар мен күтім жасауды қажет етеді. Көбінің өмірі қыл үстінде. Ол да демографиялық өсімге қауіп төндіреді. Мерзімінен бұрын босанудың себептері әртүрлі. Облыстық перинаталдық орталықтың дәрігері Ботагөз Бұхажанова: «Балалардың шала тууы кеш жүктілік, инфекция, аборт, стрестік жағдайлар, генетикалық бейімділік. Сондай-ақ, дұрыс тамақтанбау, жаман әдеттер және басқа да себептері бар», – дейді. Талдықорғандағы перинаталды орталықтағы аналардың денсаулығын сақтау маманы Айман Мұхтарбекқызы: «2019-2023 жылдары аталмыш орталықта бала туу 7 мыңға дейін жеткен. Әйелдер көпбалалы атануды мақтан ететін. Жасы ұлғаймай бірнеше бала туып алсам деп құлшынатын. Қазір көбі жағдайына қарайлайды. Қымбатшылықтан қорқады. Жұмыссыз жастар көп. Отыздан асып үйленіп жатқандар қатары артты. Жасы ұлғайған сайын бала туу мүмкіншілігі азаяды», – дейді.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің бас сарапшысы Үміт Қожахметова бүгінгі туу деңгейінің төмендеуін 1990 жылдардағы экономикалық құлдырау кезде балалардың аз туғандығымен байланыстыруда. Сол кездерде туған ұл-қыздар қазір белсенді репродуктивті жаста екенін айтады. Оның сөзінше біраз жылда бала туу көрсеткіші артады. Яғни, демографиялық жағдай жақсарған кезде туған балалар репродуктивті жасқа жеткенде көбейетінімізді айтады.
Елде бала санын арттыруға байланысты әртүрлі медициналық жағдайдың жасалып жатқанын айта кетуіміз керек. Мысалы, бес жылдан бері Мемлекет басшысының бастамасымен «Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама шеңберінде осы уақыт ішінде 11 мыңнан астам бала өмірге келді. Бұл демографияға өзінің оңды ықпалын тигізуде.
Биыл жыл басында Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған азаматтарын туу көрсеткішін арттыруға шақырып, әрбір отбасында кем дегенде үш бала болуы керек екенін мәлімдеді. Осы үрдістерді іске асыру үшін билік бірқатар ынталандыру шарасын жүзеге асыруда. Оның негізгісі – бала туған кезде жаңа үйленгендерге пайызсыз несие беру және тұрғын үй нарығында жеңілдіктер жасау. Бауырлас елдің бастамасы бізге де үлгі болса дейміз.
Туу көрсеткішінің төмендеп бара жатқаны елдің болашағына кері әсер етеді. Әскерге баратын жігіттердің саны азаяды. Қорғаныс істері адам күшіне зәру болады. Еңбек ресурстары бәсеңдейді. Бала туудың төмендеуі болашақта жас жұмыс күшінің тапшылығына апарып соғады. Көптеген дамыған мемлекетте туу деңгейінің азайғандығынан сырттан мигранттар тартып жатады. Оған қандастарымыздың өркениетті елдерге қара жұмыста жүргендіктері дәлел. Балалы болуға деген құлшыныстың болмауы отбасылық құндылықтардың құлдырауына әсер етеді. Сондықтан туу көрсеткішін арттыру өзекті мәселе.
Мемлекет жас отбасыларды қолдауға назар аударуы қажет. Баспана мәселесі қолжетімді болуы керек. Мектепке дейінгі мекемелердің жұмысын ата-анаға тиімді ету, жәрдемақыны көбейту, әйелдердің жұмыс уақытын қысқарту сияқты өзекті мәселелер шешімін тапса. Жағдайы жақсы болса жастарымыз ұрпақ санын көбейтер еді. Аталмыш мәселелерді шешу үшін ұзақ мерзімді бағдарламалар қолға алынуы тиіс. Қара ормандай көп болайық, ағайын!
Гүлжан ТҰРСЫН





