Қазақстанның танымал футболшысы, жас қақпашы Шерхан Қалмырза алматылық «Қайрат» клубымен жаңа келісімшартқа отырды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Клубтың баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, 18 жасар қақпашымен жаңа келісім 2028 жылдың 30 қарашасына дейін жасалды. Бұл шешім жас ойыншының мансабындағы маңызды қадам болмақ.
Чемпиондар лигасындағы ерлік
Шерхан Қалмырзаның жұлдызы осы маусымда Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде жанды. Негізгі екі қақпашының жарақат алуына байланысты негізгі құрамға іліккен ол алғашқы ойынында-ақ «Спортингке» қарсы пенальти қайтарып, жанкүйерлерді тәнті етті. Ал мадридтік «Реалмен» өткен бәсекеде жасаған бірнеше сейвтері оны әлемдік деңгейдегі мамандардың назарына іліктірді.
Инстаграм жұлдызы және «Тараздың» қызығушылығы
Мадридтік ұжыммен өткен ойыннан кейін Шерханның әлеуметтік желідегі танымалдылығы күрт артты. Оның Инстаграмдағы оқырмандар саны 200 мың адамға көбейіп, қазіргі таңда 321 мыңнан асты. Осылайша, ол еліміздегі ең көп жазылушысы бар футболшыға айналды.
2025 жылдың соңында «Тараз» футбол клубының директоры Дидар Сыдықбек Шерханды өз қатарларына қосуға ниетті екенін білдірген болатын. Жамбыл облысынан шыққан қақпашының әкесінің тегіне байланысты «Тараз» ұжымы оны өздеріне тартпақ болған еді. Алайда Шерхан алматылық клубта қалып, мансабын одан әрі шыңдауды жөн көрді.
Бұл шешім «Қайрат» үшін де, ойыншы үшін де тиімді болмақ. Жас қақпашының тұрақты ойын практикасын алып, халықаралық деңгейде тәжірибе жинақтауы қазақстандық футболдың болашағы үшін де маңызды.




