Соңғы уақытта қоғамда жауыздық пен қатыгездікке бейім мінез-құлықтың жиілей түсуі алаңдаушылық туғызбай қоймайды. Бұл – жекелеген оқиғалардың жиынтығы ғана емес, қоғамдық сананың белгілі бір тұстарында әлсіреу бар екенін аңғартатын маңызды белгі. Заң талаптары қанша күшейтілгенімен, егер сана мен парасат қатар жаңармаса, мәселенің түп-тамыры шешілмейді.
Қоғамның даму деңгейі ең алдымен, оның адамға деген көзқарасынан көрінеді. Бір-біріне құрметпен қарау, жауапкершілікті сезіну, өз әрекетінің салдарын түсіне білу – дамыған қоғамның басты өлшемдері. Ал, осы құндылықтар әлсіреген тұста қатыгездікке жол ашылып, қоғамдық сенім шайқалады.
Осы тұрғыдан алғанда, күні кеше өткен Ұлттық құрылтайда көтерілген қоғамдық сана, жауапкершілік пен әділет мәселелері айрықша мәнге ие. Мемлекет басшысы атап өткен «Әділетті Қазақстан» идеясы – тек институционалдық реформалар жиынтығы емес, ең алдымен азаматтың ойлау мәдениетін, ішкі жауапкершілігін жаңғыртуға бағытталған тұжырым.
Ұлттық құрылтайда айтылған бастамалар қоғамдағы түйткілді мәселелерді тек құқықтық тетік арқылы емес, тәрбиелік, мәдени және рухани негіздер арқылы шешу қажеттігін көрсетеді. Өйткені заң тәртіп орнатады, ал, сана қоғамды қалыптастырады. Бұл екеуі бірін-бірі толықтырмайынша, тұрақты даму туралы айту қиын.
Қоғамдық парасат – әр азаматтың жеке жауапкершілігінен басталады. Өзгенің өмірі мен қадірін бағалау, ашуға ерік бермеу, пікір қайшылығын өркениетті жолмен шеше білу – ел болашағына тікелей әсер ететін факторлар. Бұл – тек мемлекеттің ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті.
Ұлттық құрылтайда көтерілген қоғамдық мәселелер бүгінгі күннің нақты сұранысына жауап береді деуге толық негіз бар. Ел дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен емес, қоғамдық сананың деңгейімен, адамгершілік пен парасаттылықтың қоғамда қаншалықты орныққанымен өлшенуі тиіс. Ортақ жауапкершілік пен әділетке негізделген сана қалыптасқанда ғана тұрақты әрі әділетті қоғам құруға нақты қадам жасай аламыз.
Әбілсейіт Түлкиев,
ҚР Сот әкімшілігі департаменті басшысының орынбасары
Сын айтылып, бағыт айқындалды
Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ әлеуметтік салаға баса көңіл бөлгендігін айтты. Үкімет тарапынан ана мен балаға көрсетілетін көмектің тоқтаусыз бөлінетіндігі әлеуметтік қорғалуы тиіс топтың ертеңгі күнге сенімін арттырды.
Ел Президенті медицина, білім саласына бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуы қадағаланатынын айтты. Осы орайда денсаулық сақтау саласына қыруар қаржының бөлініп жатқаны шындық. Кейбір салаға жауапты басшылар міндетін асыра пайдалануда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы МӘМС-ке сын айтты. Ол: «Мұндай, тіпті бұдан да зор мәселелер денсаулық сақтау саласында туындап отыр. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысын жан-жақты тексеру барысында көптеген заң бұзушылық пен қызмет бабын асыра пайдалану жайттары анықталды. Мемлекеттен қыруар қаржы жымқыру үшін көпе-көрнеу жалған деректер ұсынылған, өтірік мәліметтер енгізілген.
Бүкіл ел экономикамызды өркендетіп, инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін жұмылдырып, денсаулық сақтау саласын дамытуға қаржысын жұмсап жатса, әлеуметтік салаға бөлінген орасан зор қаражат талан-таражға түсуде», – деп саладағы былық-шылықтың бетін ашты.
«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кететіні» сияқты тексеру барысында қор қаржысын жымқыру деректері анықталған. Осы қорға еңбекші халық түп-түгел қаржы аударып жатыр. Барлық мемлекеттік мекеме әр маман үшін жарна төлейді. Бірақ, сол қаржының талан-таражға түсіп жатқаны қынжылтады. Қарапайым тұрғындар ғана емес, депутаттар да Үкімет сағатында мәні қашқан МӘМС жүйесін сынағаны баршаға мәлім.
Медицина, білім, әлеумет – халықтың «жанды жері». Сондықтан халықтың қаржысы тиімді пайдалануы тиіс. Ақшаны жымқырғандар жауапқа тартылып, ел несібесі тиімді жұмсалады деген сенімдеміз. Құрылтайда осындай өзекті мәселелер де көтеріліп, елдің дамуына, денсаулық саласының да нақты жүйесі бекітілді. Ендігі дүние осы істердің жүзеге асуы.
Әшімғали ЖҰМАГЕЛДИН,
Ақсу ауданының Құрметті азаматы





