Алматы облысындағы Қарасай ауданының жүргізушілері жұмысқа шығудан бас тартып, наразылық білдірді. Үлкен цистерналы арнайы техникалар Каскелен маңындағы республикалық трассаның бойына тізіліп тұр, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы ktk.kz сайтына сілтеме жасап.
Жағдайдың ушығуына жергілікті шенеуніктердің қалдықтарды төгетін ең жақын кәріз станциясын жауып тастауы себеп болды. Бұған дейін айналадағы тұрғындар жағымсыз иіске шағымданған соң, билік осындай шешім қабылдаған. Енді ассенизаторлар нечистоттарды төгу үшін 20 шақырым жерге қатынауға мәжбүр.
Жүргізушілердің айтуынша, орталық кәріз люктеріне қалдық төгуге тыйым салынған, ал оны бұзғандарға 100 мың теңгеден астам айыппұл салынады. Қазіргі таңда бір ассенизатор күніне орта есеппен 16 куб қалдық шығарады, бұл шамамен екі-үш рейс. Қашықтықтың ұзаруы шығындарды еселеп арттырды.
Бұрын септик тазалау қызметі 15 мың теңге болса, қазір баға 30 мың теңгеге, кей жерлерде тіпті 50 мың теңгеге дейін көтерілді. Бұл жағдай әрі жүргізушілерге, әрі жергілікті халыққа тиімсіз болып отыр.
«Біз Қарасай ауданы бойынша жұмыс істейміз. Бұрын бір рейске бір-бір жарым сағат жұмсасақ, қазір 3-3,5 сағат кетеді. Жанармай мен газдың шығыны екі-үш есе артты», – деп түсіндірді жүргізуші Павел Внучков.
Ал Каскеленнің өзінде 6 мыңға жуық адам осы қызметке мұқтаж. Тұрғындар отбасын асырау мен кәріз қызметіне ақша төлеудің арасында таңдау жасай алмай отырғандарын айтып шағымдануда. Егер мәселе тез арада шешілмесе, жеке секторда антисанитариялық жағдай қалыптасуы мүмкін.
Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбектің айтуынша, жаңа кәріз станциясын салу оңай шаруа емес. Ол үшін экологиялық нормалар сақталып, санитарлық дәрігерлер мен жергілікті халықтың келісімі қажет. Қазіргі таңда аудан аумағында баламалы нұсқалар қарастырылып жатыр және арнайы жұмыс комиссиясы құрылмақ.
Бұл мәселені шешуде конструктивті көзқарас қажет: тек тыйым салу емес, сонымен қатар арнайы жабдықталған, экологиялық қауіпсіз орындарды жедел ұйымдастыру маңызды. Олай болмаған жағдайда, қалдықтардың заңсыз жерлерге төгілу қаупі арта түседі.





