Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев қазақстандық әйелдерге шетел азаматтары үшін суррогат ана болуға тыйым салу жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
Бұл туралы 7-su.kz ақпараттық порталы Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Былтыр жыл соңында Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова суррогат ана мәселесіне қатысты бірқатар шаралар қабылдауды ұсынып, соның ішінде қазақстандық суррогат аналардың қызметін шетел азаматтарына көрсетуге тыйым салу қажеттігін көтерген болатын.
Депутаттың айтуынша, реттеу талаптарының салыстырмалы түрде жеңіл болуы Қазақстанды репродуктивтік туризм үшін тартымды елге айналдырған.
«Халықаралық суррогат ана жағдайларында ата-аналықты анықтау, азаматтық беру және баланы заңды түрде тану мәселелеріне байланысты даулар мен сот процестері жиі туындайды. Ең үлкен қауіп – ата-аналықтың өзара танылмауы. Бұл баланың азаматтығы болмауына немесе құқықтық мәртебесінің белгісіз күйде қалуына әкелуі мүмкін», – деді ол депутаттық сауалында.
Бұл ұсынысқа жауап берген Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев қазіргі таңда қазақстандық суррогат аналардың қызметін еліміздің азаматтары да, шетелдіктер де пайдалана алатынын растады.
Оның айтуынша, осыған байланысты халықаралық суррогат ана тәжірибесінде түрлі қақтығыстар мен сот процестері жиілей түскен. Осы себепті тапсырыс берушілер мен суррогат аналар арасындағы келісімдерді рәсімдейтін рекрутингтік агенттіктерді лицензиялау мәселесі де көтеріліп отыр.
«Бүгінде суррогат ана қызметтерін тек Қазақстан Республикасының азаматтарына көрсету нормасына өзгерістер енгізу қажеттілігі туындап отыр. Тиісті түзетулерді Денсаулық сақтау министрлігі “Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы” кодекске әзірледі. Қазір олар мүдделі мемлекеттік органдармен келісу сатысында. Келісу аяқталған соң, түзетулер белгіленген тәртіппен Парламентке енгізіледі», – деді Қанат Бозымбаев.
Мамандар да мұндай жағдайлардың жиілегенін растап отыр. Репродуктолог Гүлсім Әбенова «Информбюроға» берген сұхбатында шетелдік бағдарламаларға қатысқан әйелдердің қиын жағдайға тап болып жататынын айтты.
«Қаншама жағдайларды естіп, көріп жүрміз. Әйелдер шетелге, әсіресе Грузияға барып жүкті болып келеді. Ол жақтағы орталықтар банкротқа ұшырап, әйелдерге уәде етілген ақыны төлемей қоятын жағдайлар бар. Мұндайда әйелдер не істерін білмей қалады», – деді ол.
Қазіргі уақытта шетел азаматтары Қазақстанда суррогат аналардың қызметін пайдалана алады. Алайда заңнамалық түзетулер қабылданған жағдайда бұл нормаға өзгеріс енгізілуі мүмкін.





