Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Қожакеев әлемі» атты республикалық байқау өтті. Шара филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, сатира сардары Темірбек Қожакеевтің 100 жылдығына арналды. Ғалымның шығармашылығын насихаттау, ЖОО орындарындағы білікті, білімді жас журналистерді анықтап, олардың ғылыми ізденісін арттыру, жаңашыл идеяларын жүзеге асыруға бағытталған басқосу жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Байқауға қатысушылар «Үздік ғылыми жұмыс», «Үздік баспасөз материалы», «Үздік видео материал» атылымы бойынша жеке жұмыстарын жіберіп, өз бақтарын сынады. Оған республикамыздағы оқу орындарынан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті сияқты 7 жоғары оқу орнынан 21 білім алушы қатысты.
Филология ғылымдарының докторы, ақын, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып, Темірбек Қожакеевтің ұлы Мадет Қожакеев сөз сөйледі. Сондай-ақ, «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Ришад Тұрғанбай арнайы баяндама жасап, ұстаз еңбегіне жан-жақты тоқталды.
Байқау қорытындысы бойынша «Ең үздік ғылыми жоба» аталымы бойынша III орынды К. Сағадиев атындағы Халықаралық Бизнес университеті, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен келген студенттер Сымбат Әуелбек, Әдемі Сайнова, Махаббат Тұрдалы өзара бөлісті. Ал II орынды Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен К. Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университетінен келген Айсер Бейсенғали мен Эльвина Валиева иеленді. Ал жүлделі I орын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Мадина Мәдіге бұйырды.
«Ең үздік баспасөз материалы» аталымында III орын Шәкәрім университеті, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті және әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенттері Аружан Тұрсын, Жұлдыз Кентбаева, Фариза Курбанбаеваға тиесілі болды. II орын Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері Гүлшекер Сүлейменова мен Айтілес Жайшылыққа берілді. Үздік I орын Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің білімгері Мерей Амангелдіге табысталды.
«Ең үздік видео материалы» аталымы бойынша III орын Шәкәрім университетінің студенті Аймарал Рамазанға берілді. II орын І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің студенттері Ұлпан Акимжанова мен Шырын Рысбекке бұйырса, I орынды аталған университеттің студенті Бейсенбек Айбек қанжығалады.
– Темірбек Қожакеев – қазақ әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан, тарихымызды түгендеп қаламымен ел жадында қалған дара тұлға. Ұлтымыздың осында ірі қайраткерлерін танып-білу, олардың сұбелі еңбектерін насихаттау жас ұрпақтың міндеті мен борышы деп білемін. Бұл шараға қатысқанымды мақтаныш тұтамын. Тарихи тұлғаны зерттеу барысында зерттелмеген біраз ақпаратқа жолықтым. Алдағы уақытта осы тақырып бойынша зерттеу жүргіземін. Демек, бұл байқау менің ұлтқа және танымал тұлғаға деген шексіз махаббатымды ашты, – дейді Бейсенбек Айбек.
Байқауға қатысушылар мен жетекшілерге І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті Журналистика кафедрасы тарапынан арнайы сыйлық, диплом және сертификаттар табыс етілді. Мұндай ауқымды шара алдағы уақытта да өз жалғасын табады.
Назгүл ЕСБОЛҚЫЗЫ,
ЖУ студенті.





