«Қазгидромет» Қазақстан бойынша ақпан айына арналған ауа райы болжамын жариялады. Синоптиктердің мәліметінше, елдің басым бөлігінде орташа температура климаттық нормаға қарағанда 1-2 градусқа жоғарыболады. Ал оңтүстік-шығыста ауа райы маусымдық қалыпты деңгейде сақталады.
Ақпанның басы мен ортасы ең суық кезең болмақ. Батыс, солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде суық ауа массалары басым болып, түнде ауа температурасы −21, −30°C, ал шығыстың таулы аймақтарында −35°C-қа дейін төмендеуі мүмкін. Аяз қысқа мерзімді жылынумен алмасып отырады.
Батыс және солтүстік-батыс өңірлерде, соның ішінде Ақтөбе облысында, айдың алғашқы күндері түнде −28°C, күндіз −23°C шамасында болады. Кейін аяз әлсіреп, күндізгі температура 0°C-қа жақындайды.
Солтүстік, орталық және шығыс аймақтарда ауа райы құбылмалы болады. Күндіз әлсіз аяз бен плюстік температура байқалса, түнде қайтадан −28°C-қа дейін суытуы ықтимал.
Оңтүстік өңірлерде ақпан салыстырмалы түрде жұмсақ өтеді. Түнде ауа температурасы әлсіз аяздан +5°C-қа дейін, ал күндіз +8, +17°C шамасында болады. Түркістан облысында айдың алғашқы жартысында тұрақты плюстік температура орнауы мүмкін.
Ақпанның екінші жартысында ел бойынша біртіндеп жылыну күтіледі: оңтүстік пен оңтүстік-шығыста температура 4 градусқа, ал өзге өңірлерде орта есеппен 1 градусқа жоғарылайды.
Жауын-шашын және жолдағы жағдай
Елдің көп бөлігінде жауын-шашын мөлшері норма шегінде – 6-27 мм. Солтүстікте қар, оңтүстікте қар аралас жаңбыр жауады. Ай соңында солтүстікте қар қалыңдығы 15-35 см, оңтүстікте 15 см-ге дейін, таулы аймақтарда 2 метрге дейін жетуі мүмкін.
Желдің орташа жылдамдығы 7,5 м/с-қа дейін болады. Кей өңірлерде боран, тұман және көктайғақ күтіледі. Синоптиктер жүргізушілерге сақ болуды ескертеді.





