Талдықорған станциясындағы жекеменшік кірме жолда бес цистернаның өздігінен қозғалып кетуі салдарынан апат болды. Осыған байланысты Талдықорған – Қарабұлақ бағытындағы теміржол қатынасы уақытша тоқтатылды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға 31 қаңтар күні сағат 21:36-да «Bars Build» ЖШС-не тиесілі жекеменшік кірме жолда тіркелген. №215 қосу жолында тұрған жүк тиелген бес цистерна тосыннан орнынан қозғалып кеткен. Соның салдарынан бес вагонның екеуі №214 сақтандыру жолының тұйық тіреуіне соғылып, рельстен шығып қалған.
Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер жоқ. Сондай-ақ цистерналардан жүк төгілмеген және ағылу фактісі тіркелмеген.
Апат салдарын жою үшін оқиға орнында Төтенше жағдайлар департаментінің күштері жұмыс істеп жатыр. Жұмысқа 25 маман мен 7 бірлік техника жұмылдырылған.
1 ақпан күні сағат 00:25-тен бастап Талдықорған – Қарабұлақ теміржол учаскесінде пойыз қозғалысы уақытша тоқтатылды. Апат салдарынан №3604 пойызы жолда кідіріп қалды.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ аталған оқиғаның компанияның жауапкершілік аймағына кірмейтін жекеменшік кірме жолда болғанын ресми түрде мәлімдеді. Қазіргі таңда арнайы комиссия құрылып, вагондардың өздігінен қозғалып кету себептері анықталып жатыр.





